Тоқаев ресейліктерге халал өнімдер өндіруді ұсынды

Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумы, халал өнім, сурет - Zakon.kz жаңалық 09.11.2023 14:52 Сурет: Zakon.kz/Павел Михеев
Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік бизнеске сертификатталған халал өнімдер экспортын ілгерілетуді ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz

Қазақстан президенті озық халықаралық стандарттарға, соның ішінде "Халал" стандартына сай әрі бәсекеге қабілетті, экологиялық таза және экспортқа бағдарланған өнім шығаруға баса мән берілетінін атап өтті.

"Қазақстан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының негізін қалаушылардың бірі болып саналады. Бүгінде оның құрамына жалпы халқы шамамен бір жарым миллиард адамды құрайтын 37 мемлекет кіреді.Біздің елдеріміз осы үлкен нарықта сертификатталған халал өнімдерінің экспортын бірлесіп ілгерілете алар еді. Біз ресейлік бизнесті осы бағытта тығыз ынтымақтастыққа шақырамыз". Қасым-Жомарт Тоқаев

Тоқаев соңғы уақытта жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге климаттың өзгеруі, саяси және экономикалық тұрақсыздық, халықаралық жеткізу тізбегінің бұзылуы сияқты факторлар теріс әсер еткенін атап өтті. Дүние жүзінде аштық пен азық-түлік тапшылығы бар адамдардың саны 830 миллионға жетті. Осының аясында БҰҰ 2050 жылға қарай әлем халқы тағы 2 миллиард адамға өседі деп болжайды.

"Қазақстанда соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2 еседен астам ұлғайды. Аталған саладағы өнім экспорты екі есе артып, 6 миллиард долларға жуықтады. Бүгінде бұл бағыттағы өнімдеріміз әлемнің 80 еліне жеткізіледі. Былтыр Азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық индексінде Қазақстан 113 елдің ішінде 32-ші орынды иеленді. Осылайша, біз агроөнеркәсіп кешенін дәйекті түрде дамытып отырмыз", – деді Қазақстан президенті.

Ол бүгінгі форумда елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тең құқылы және бір-бірінің мүддесін ескеру қағидаттары негізінде ортақ келісімге келе отырып, жаңа тәсілдер әзірленетініне сенім білдірді.

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: