Нұрлан Байбазаров 2025 жылғы бюджетке түзету енгізілетін-енгізілмейтінін айтты
Сурет: primeminister.kz
Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров 2 желтоқсанда Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында "Үкімет 2025 жылғы бюджетке түзету енгізуді жоспарлап отыр ма, жоқ па" деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оның айтуынша, Үкімет елдің басты қаржылық құжатына түзетулер енгізуге асықпайды.
"Түзетуге келетін болсақ, бізде қазір қандай да бір асығыстық жоқ, аяқ-асты іс-қимыл да жасамаймыз. Әліптің артын бағу керек. Нарық ерте ме, кеш пе аптығын басып, өз түзетулерін жасайды. Шаралар қабылдануда. Бізде ықпал ету құралдары бар және біз оларды қолданамыз, қазірдің өзінде қолдана бастадық. Сондықтан, біз жанталасып бюджетке өзгеріс енгізетіндей үлкен бір қажеттіліктерді көріп отырған жоқпыз", – деп толықтырды сөзін спикер.
Ол доллар бағамына макроэкономикалық көрсеткіштер де әсер ететінін атап өтті.
"Біз бірінші тоқсанның нәтижесіне сүйенгіміз келеді, өйткені сол кезде белгілі бір саяси оқиғалар болады және жалпы мұнай бағасы қай бағытқа ойысатыны да анықталады. Ал бұл көрсеткіш біз үшін валюта бағамынан да маңыздырақ. Сондықтан бірінші тоқсанның макроэкономикалық үрдістерін ескере отырып, бюджетке түзету енгізу мәселелерін шешетін боламыз. Әзірге біз болжамдарды өзгертпейміз", - деді министр.
Бұған дейін ҰЭМ басшысы экономикада ешқандай дефолт күтілмейтінін мәлімдеген болатын.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript