Қазақстанның микроқаржы омбудсманы сайланды
Назгүл Қарасқызы Естеусізова жоғары экономикалық және заңгерлік білімі бар, заң ғылымдарының магистрі. Банк саласында жұмыс тәжірибесі бар. Микроқаржы омбудсманы болып сайланғанға дейін ол Қазақстанның Ұлттық коллекторлар палатасының төрағасы қызметін атқарған.
"Омбудсманға микроқаржы ұйымдары клиенттерінің құқықтарын қорғауды және қарыз алушылар мен микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер арасындағы дауларды шешуге көмектесу міндеті жүктелген", делінген хабарламада.
Микроқаржы омбудсманы институты Мемлекет басшысы 2024 жылдың 19 маусымында қол қойған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңды іске асыру мақсатында құрылған.
"Микроқаржы омбудсманы Өкілдер кеңесі ұсынған және Агенттікпен келісілген кандидаттар арасынан үш жыл мерзімге сайланады. Микроқаржы омбудсманының шешімі микроқаржы ұйымы мен коллекторлық агенттіктерге міндетті болып табылады. Микроқаржы омбудсманының қызметтері тегін", делінген ҚНРДА хабарламасында.
Микроқаржы омбудсманы көмегіне жүгінбес бұрын қарыз алушы өзінің несие берушісіне хабарласуы керек. Ол соттың қарауына қабылданған және/немесе заңды күшіне енген сот актісін, сондай-ақ іс бойынша жаңа мән-жайлар анықталмаған қайтадан жіберілген өтініштерді қарамайды.
Микроқаржы омбудсманы және онымен қалай байланысуға болатыны туралы толығырақ ақпаратты мына сілтеме арқылы алуға болады.
2024 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша Қазақстанда 220 микроқаржы ұйымы, 215 несие серіктестігі, 199 коллекторлық агенттік және 497 ломбард жұмыс істейді.
Бұған дейін елімізде микроқаржы омбудсман институты 2024 жылдың 21 желтоқсанынан бастап жұмысын бастайтыны хабарланған.