Рамазан айында жиі кездесетін 10 қате

Рамазан айында жиі кездесетін 10 қате, сурет - Zakon.kz жаңалық 13.04.2023 18:00 Сурет: Zakon.kz
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Рамазан сайтындағы азаматтар ораза кезінде жиі жіберетін қателер туралы ақпаратты бөлісіп отырмыз.

Апыл-ғұпыл тамақ жеу

Сəресінен ауызашарға дейін аш жүргендіктен қандағы глюкозаның деңгейі түсіп кетеді. Бұл адамда алдына келгеннің бəрін бір сəтте жалмап жеп қою сезімін оятады. Ал асығыс-үсігіс, апыл-ғұпыл тамақ жеу глюкозаның бір сəтте көтерілуіне жəне ауызашар дастарханынан кейін бірден ұйқының келуіне, бас ауруына себеп болады. Сонымен қатар тамақты əбден шайнамай жұта салғаннан ағзада тоқтық гормоны бөлініп үлгермей, қарын тоймағандай боп, көз жауын алар тəтті тамақтардан бас тарта алмай, қажетінен көп тамақтанып қоюыңыз мүмкін. 

Сәресіне тұрмау

Егер сіз «Сəресіне тұрмай-ақ, тамақты кештеу ішіп жатармын, ұйқым бөлінбесін» десеңіз, денсаулығыңызды тағы бір ойлаңыз. Сəресіне тұрмасаңыз, келесі күні ауызашарға, тіпті, ашығып жетесіз. Бұл жоғарыда жазғанымыздай, тағы да тамақ жеу жүйеңіздің бұзылуына əкеп соғады. Бұған қоса, сəресінде жейтін жұмыртқа, сүт, ірімшік, нан, айран, жеміс-жидек, қызанақ, қияр секілді құнарлылығы жоғары тамақтар жемегендіктен жүйесіз тамақтанудан туындайтын денсаулық проблемаларына шалдығуыңыз мүмкін. Ал Рамазанда бір мезгіл ғана тамақтану энергия жетіспеушілігіне əкеп соғып, əлсіздік, бұлшықет атрофиясы, остеопороз, шаштың түсуі, анемия секілді ауруларға жол береді.

Майлы тамақ жеу

Майлы тамақтардың асқазанда қорытылу уақыты ұзақ əрі сіңуі баяу. Сондықтан да, сəресі жəне ауызашар кезінде майға қуырылған, майлы, соусты жəне кремді тамақтардан аулақ болыңыз. Əсіресе, ауызашар уақыты өте кеш, ал ауыз бекіту уақыты ұзақ болғандықтан әрі сəресін іше салып, жатып қалатын жағдайлар жиі болатындықтан, ағзада зат алмасу процесі (метаболизм) баяулайды. Ал майлы тамақтар жылдам салмақ қосуыңызға себеп болады.

Жеміс-жидекті артық не кем жеу

Маусымдық жемістер, əсіресе, бойында А, С дəрумендері бар, талшықты, антиоксидантты, шырынды жемістер – салауатты тамақтанудың басты азығы. Жүрек, бұлшықет, буын ауруларынан жəне қатерлі ісіктен қорғайтын ең маңызды азықты қамтитын жеміс-жидектерді аз не шектен тыс көп пайдалану денсаулық проблемаларына əкеп соқтырады. Ауызашар мен сəресі арасы өте қысқа болғандықтан, кейде жеміс-жидек жеуді ұмыттырып жібереді.

Сүт өнімдерін аз пайдалану

Сүт, айран, ірімшік, құрт секілді тағамдар сапалы протеин, кальций, фосфор, мырыш секілді минералдар мен В6, В12 секілді маңызды дəрумендердің қайнар көзі. Сүт жəне сүт өнімдерінің құнарлылығы жағынан айран пробиотиктерге бай. Рамазан айында жүйелі түрде пайдаланылған жағдайда іш желденуі, ас қорытпаушылық, іш қату секілді ас сіңіру проблемаларына жақсы əсер етуімен қатар, бойға қуат беріп, ауруларға қарсы қорғаныс қызметін жақсартады. Сонымен қатар қажет сұйықтықтың орнын толтыруды да қамтамасыз етеді. Сəресі мен ауызашарда не жеңіл-желпі ас ретінде күніне 2 стақан сүт не айран секілді сүт өнімдерін пайдаланған жөн.

Жеткілікті мөлшерде су ішпеу

Рамазан айында жеткілікті мөлшерде су ішпеу,əсіресе, іш жүрмеу секілді ас қорыту проблемаларына, əлсіздік, бас ауруы, концентрацияның бұзылуы, бұлшықет спазмы секілді денсаулығымыздың маңызды құндылықтарының бұзылуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан Рамазан кезінде ағзаңызды шөлдетпес үшін ауызашар мен сəресі арасында кемі 2-2,5 литр су ішуіңіз керек. Егер су ішуді ұнатпасаңыз, айран, қантсыз компот, өсімдік шайларын, минералды су секілді суға балама сұйық ішіңіз.

Самса жеуде шектен шықпау

Иісі мұрныңды жаратын небір самсалар Рамазан дастарханының сəні екені жасырын емес. Етті, ірімшікті самсалардың біреуінің өзі - жоғары калориялы азық. Көмірсуға да бай. Сондықтан ауызашар кезінде қызығып шектен көп самса жеп қойсаңыз, Рамазан біткен соң арықтау үшін диета ұстауыңызға тура келеді.

Шәрбат десерттер

Шəрбат қосылған десерттер диабет қантымен дайындалған десе де, ұн мен майдан-ақ тəттіге бай болады. Осы себепті мұндай шəрбат не қант қосылған десерттердің орнына сүт өнімдерінен жасалған не жемісті десерттерді таңдағаныңыз дұрыс. Тек мөлшеріне көңіл бөліңіз. Себебі жемісті десерттер де ішіндегі фруктозаның себебінен қан құрамындағы глюкозамен жылдам байланысқа түсетін көмірсуларға бай болады. Сол себепті аптада бір-екі реттен артық жемеген абзал. Бел аймағына май жиналуына байланысты, əсіресе, торт, бəліш, пахлава секілді жоғары калориялы десерттерден алшақ болыңыз. 

Тамақ жеген соң ұйықтау

Күні бойғы жұмыс, кептеліс стресі, аштық, шөлдеуден кейін ауызашар кезіндегі апыл-ғұпыл əрі тоя-тыңқия тамақ жеу əрі бірден көтерілетін глюкозаның себебінен тəтті ұйқы сізді өзіне тартуы мүмкін. Бұған жол бермеңіз! Өйткені тамақ ішер-ішпестен ұйықтауыңыз жылдам салмақ қосуыңызға себеп болады. Тамақтан ішіп болған соң 1-1,5 сағаттан кейін 30-40 минуттай жаяу жүру қандағы қанттың мөлшерін, қан қысымын, жүректің саулығын сақтайды.

Тамақ мөлшеріне назар аудару

Қарын ашқан соң, əлбетте, жылдам тамақтанғыңыз келеді. Ауызашар үшін дайындалған көздің жауын алатын, иісі мұрын жаратын дастарханға алданып, мөлшерлі ішуді ұмытып кетпеңіз. Сол үшін ауызашарды сорпамен бастап, тамақты əбден шайнап жеп, асқазанның тоқ екеніне үнемі құлақ түріп отырыңыз.

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: