Босанғаннан кейінгі депрессиямен қалай күресу керек: Психологтың кеңесі

Босанғаннан кейінгі депрессиямен қалай күресу керек: Психологтың кеңесі, сурет - Zakon.kz жаңалық 29.04.2024 16:31 Сурет: pixabay
Әйелдердің барлығы бірдей ана болу қуанышын сезінбейтін көрінеді: белгілі болғандай, аналардың 80%-ы босанғаннан кейін депрессиядан зардап шегуі мүмкін.

Юнгиандық (психотерпия түрі) талдаушы, IAAP (Халықаралық аналитикалық психология қауымдастығы) мүшесі Мария Белова босанғаннан кейінгі депрессия қалай білінетінін, оны қалай емдеуге болатынын айтып берді.

Оның сөзіне қарағанда, мұндай депрессияның әртүрлі дәрежесі бар: өтпелі депрессия, босанғаннан кейінгі депрессия және босанғаннан кейінгі психоз.

Босанғаннан кейінгі өтпелі депрессия – ең жеңіл түрі. Бұл, әдетте 80% жағдайда кездеседі. Депрессияның жеңіл өткеніне қарамастан, көптеген босанған әйелдер өздерін жайсыз сезінеді. Көңіл-күйдің өзгеруі, мазасыздықтың артуы, жылау, ұйқының бұзылуы, ашушаңдық, зейінсіздік байқалады. Әдетте мұндай жағдай екі-үш күннен екі аптаға дейін созылады. Көп жағдайда симптомдар екінші аптаның соңына қарай біртіндеп қайта бастайды.

Егер жағдай нашарласа, екі аптадан астам созылса және әйелге толыққанды өмір сүруге кедергі келтірсе, симптоматика ауырлайды, диагноз босанғаннан кейінгі депрессияға ауысады.

"Симптоматика келесідей: көңіл-күйдің қатты өзгеруі, шамадан тыс жабығу, қатты жылау. Соматикалық белгілер болуы мүмкін: бас ауруы, дене ауруы, ұйқының бұзылуы. Әдетте, әйел адам көп ұйықтайды немесе мүлдем ұйықтай алмайды. Физикалық белгілер: шаршау, әлсіздік, күштің болмауы. Сондай-ақ ашушаңдықтың күшеюін байқауға болады", – деп түсіндіреді Мария Белова.

Оның айтуынша, мұндай психологиялық жағдайды уақытында анықтамаса, онда депрессия психозға айналуы мүмкін.

"Ал психозда галлюцинация, сандырақ және психотикалық мінез-құлық болуы мүмкін. Оған бейжай қарауға болмайды. Кейде мұндай жағдайлар ауруханаға жатқызуды қажет етеді. Жалпы, босанғаннан кейінгі депрессияны болжай алмаймыз, ол жас ерекшелігіне де байланысты емес.

Бірақ, қауіп факторлары бар. Егер, мысалы, әйелде депрессиялық эпизодтар немесе мазасыздықтың жоғарылауы, қалқанша безінің патологиясы, гипоталамус-гипофиз-бүйрек үсті безі өсінің бұзылуы, серотонин рецепторларының жұмысындағы өзгерістер және олардың байланыстары, генетикалық бейімділік болса, мұндай жағдайларда босанған әйелдің депрессияға ұшырау қаупі жоғары", – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, ұйқы сапасы кез келген психиатриялық аурулардың қауіп факторына жатады.

Мария Белованың пікірінше, ұйқының бұзылуы нейротрансмиттерлердің жұмысына және, тиісінше, бүкіл жүйке жүйесіне, психикаға өте жағымсыз әсер етеді. Сондықтан босанғаннан кейінгі депрессияның алдын алу үшін ұйқының сапасын және оның ұзақтығын қалпына келтіру маңызды.

Жүктілік және босану кезеңінде дене ішкі және сыртқы өзгерістерге ұшырайтынын түсіну керек. Босанғаннан кейін гормоналды ығысу болады, эстроген мен прогестерон деңгейі күрт төмендейді. Мұндай өзгерістер ананың эмоционалды жағдайына әсер етеді. Мұны ескеру маңызды және жаңа ғана физиологиялық және психоэмоционалды өзгерістерден өткен әйелге ауыртпалық түсірмеу қажет.

"Өкінішке орай, біздің қоғамда бұл мәселе бар, өйткені бізде босанған әйел бірден үй шаруасына кірісіп кетеді, бала қарау, үй жинау сияқты ауыртпалықтарды көтереді. Осы орайда, әйелде ұйқының бұзылуы, эмоционалды өзгерістердің болуы ғажап емес", – дейді психолог.

Толыққанды ұйқы мен демалыстың болмауы – босанғаннан кейінгі депрессияға әкелуі мүмкін екі негізгі фактор. Егер ұйқы, демалыс, гормоналды және эмоционалды тепе-теңдік бұзылса, отбасында ұрыс-керіс болса, нәтижесінде эмоционалды фон бұзылады, әсіресе әйелдің бірнеше баласы болса. Егер мұны емдемесе, болашақта жағдай босанғаннан кейінгі психозға ұласуы мүмкін.

Психолог аналарға босанғаннан кейін (шамамен екі апта, бір айдан кейін) қалқанша бездің жұмысын тексеруге кеңес береді, өйткені ол психоэмоционалды жағдайға өте үлкен әсер етеді. Босанғаннан кейін теңгерімсіздік жиі байқалады, гормоналды фон бұзылады, селен, йод сияқты микроэлементтердің жетіспеушілігі пайда болады. Бұл Қалқанша бездің дұрыс жұмыс істемеуіне және сәйкесінше депрессиялық жағдайларға әкелуі мүмкін.

Маманның айтуынша, біздің елде босанғаннан кейінгі депрессияны емдеу стандартты түрде жүргізіледі. Әйел емделуге психиатрға немесе психотерапевтке жіберіледі. Психиатр антидепрессанттарды және кейде мазасыздыққа қарсы дәрі-дәрмектерді тағайындайды, бәрі симптоматикаға байланысты. Психологпен немесе психотерапевтпен терапия курсынан өтуге кеңес беріледі.


"Көбінесе дәрі-дәрмектер симптомдарды жасырады, бірақ адамның ішкі процестерін өзгертпейді. Психоаналитиктер де, юнгияндық сарапшылар да босанғаннан кейінгі депрессия көбінесе әйелдің жеке психикалық жарақаттарымен байланысты деп санайды. Сондықтан, босанғаннан кейінгі депрессия жағдайында терапия қажет, өйткені ананың тұрақсыз жағдайы баланың психикалық жағдайына қатты әсер етеді", – деп атап өтті Белова.
Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: