Отбасы банктен "AQYL" депозитін ашқан 50 000-шы салымшының жасы бар болғаны 9-да

Отбасы банктен "AQYL" депозитін ашқан 50 000-шы салымшының жасы бар болғаны 9-да, сурет - Zakon.kz жаңалық 11.11.2024 15:48 Сурет: Zakon.kz/Екатерина Гуляева
Отбасы банктен "AQYL" білім депозитін ашқан Семей қаласының тұрғыны Ахмет Құрмаш банктің 50 000-шы салымшысына айналды. Таяу күндері бақытты баланы банк қызметкерлері құттықтаса, Zakon.kz тілшісі бұл оқиғаны толығырақ баяндайды.

Динара Серікованың айтуынша, ұлдары Ахмет Құрмаш – көп балалы отставкадағы әскери қызметкердің отбасындағы үшінші перзент. Динара Серікова ері Думан Қамархановпен бірге бес бала тәрбиелеп отырса, үлкендері 18 жаста, жуырда кенжелерінің бір жасқа толғанын атап өткен.

Динара толайым өзін отбасына, балаларды тәрбиелеуге арнаса, күйеуі екі жыл бұрын кіші сержант шенінде зейнетке шығыпты.

"Біз – 2017 жылдан бастап, бірінші депозитті ашқалы бері Отбасы банктің клиенттеріміз. Осыдан бір ай бұрын ғана Астанадан пәтер сатып алғанбыз. Егер олар Астанада тұрғысы келсе, бұл – балалардың баспанасы", — дейді көп балалы ана.

Отбасы осыдан бір ай бұрын ғана балаларды оқытуға қажетті қаражатты жинақтауға болатынын "AQYL" жаңа білім бағдарламасы туралы білген.

"Біз Отбасы банктен мектепте оқитын үш баламызға да бірден білім депозитін аштық. Біраз жылдан кейін балаларымыз университеттерде оқығысы келсе, кәсіби білімнің ақысын төлеуде осы қаражаттың кәдеге асатынына сенімдіміз", — дейді Динара Серікова.

Дегенмен, көпбалалы отбасы үшін ортаншы ұлдары Ахмет білім депозиті бойынша 50 000-шы салымшы болып шыққаны тосынсый болған. Ол №19 мектептің 4-сыныбында оқиды және "Елімай" футбол командасында барын салып жаттығып жүргеніне жылға жуықтаған. Ал ата-анасы ұлдары мектепті тәмамдаған соң, міндетті түрде жоғары білім алатынына сенім артады.

"Осы орайда жас батырымызға "AQYL" білім беру депозиті көмектеседі. Бұл әке-шешелері үшін де жақсы көмек", – дейді Отбасы банкінің Абай аудандық филиалы директорының орынбасары Мира Конопья.

Ол "AQYL" білім беру жинақтау депозитін кемінде 3 жыл немесе 5 жыл мерзімге ашуға болатынын атап өтті. Бірінші жағдайда депозиттің жылдық мөлшерлемесі 12%-ға тең (ЖТСМ 12,9%-дан 13,1%-ға дейін), егер салым мерзімі 5 жылға дейін ұзартылса, онда депозит мөлшерлемесі 9,5%-ды құрайды (ЖТСМ 9,5%-дан 10,1%-ға дейін).

Осынау маңызды іске, яғни қазақстандық балалардың білім алуына қаражат жинақтауға мемлекет те қарайласып отыр. "AQYL" депозиті бойынша барлық санаттағы салымшыларға 5% көлемінде сыйақы қосылады. Ал жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүгедектігі бар балаларға, көп балалы және мұқтаж отбасылардың балалары санатындағыларға жылдық сыйақы ретінде жалпы салым сомасының 7%-ы беріледі.

"Айта кетейік, 2024 жылы депозит ашқан кездегі міндетті бастапқы жарна мөлшері 3 АЕК, 11 076 теңге болды. Одан кейін, әрбір депозит бойынша ай сайын қанша ақша салып отыратынын әке-шешесінің өзі шешеді. Білім алуға қажетті соманы балаңыз үшін ғана емес, өз атыңызға да ашуға болады", — дейді Мира Конопья.

"Отбасы Банк" биыл мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің (МБЖЖ) қатысушысы болды. Бұл бағдарлама азаматтарға "AQYL" білім беру депозиттерін ашуға мүмкіндік береді. МБЖЖ Қазақстанда 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Оның операторы – "Қаржы орталығы" АҚ.

"Қазіргі таңда Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне алты қазақстандық банк пен бес сақтандыру компаниясы кіреді. Сондай-ақ биыл "Қаржы орталығы" АҚ да ашық депозиттер бойынша мерейтойлық көрсеткішті атап өтуде. Бүгінде 70 000 қазақстандық "AQYL" білім беру депозитінде ақша жинап жатса, оны кейін ел ішінде де, шетелде де оқу ақысын төлеуге пайдалана алады, — дейді "Қаржы орталығы" АҚ басқарма төрағасы Асқар Ибраимов. – "AQYL" депозитінің басты артықшылығы – үшінші тұлғалардың өндіріп алуынан қорғалған және 10 миллион теңгеге дейінгі сомаға мемлекеттік кепілдік берілген, бұл осы депозиттің сақталуына және ұзақ мерзімділігіне сенімді болуға мүмкіндік береді".

Егер жинақталған қаражат кәсіби білім алуға қажет болмаған жағдайда, ақшаны басқа мақсаттарға пайдалануға болады.

"AQYL" депозитінің танымалдылығы күн өткен сайын артып келеді. Біздің қызметкерлеріміз әрбір отбасы балаларының өскен кезде білім алуына қажетті қаражатты жинақтауға мүмкіндігі бар екенін білуі үшін қалалар мен аудандардағы мектептерде ата-аналармен арнайы кездесіп, шалғай ауылдар мен елдімекендерге сапар шегеді", — дейді Мира Конопья.

Оның айтуынша, "AQYL" білім беру депозитінің артықшылығын білген Абай ауданының тұрғындарының қатары күн сайын артып келеді. Бүгінгі таңда облыста 1434 білім беру депозиті ашылған немесе жалпы Қазақстан бойынша әрбір бесінші депозит осында.

Айтқандай, қазақстандықтар "AQYL" депозитіне кәмелет жасына толған кезде Ұлттық қордан алған қаражаттарын да сал алады. Сондай-ақ бұл үдерісті "Ұлттық қор – балаларға" жобасы аясында, enpf-otbasy.kz платформасында жасауға болады. Толығырақ төмендегі сілтемеге өту арқылы білуге болады.

Отбасы банктен "AQYL" депозитін ашқан 50 000-шы салымшының жасы бар болғаны 9-да, сурет - Zakon.kz жаңалық 11.11.2024 15:48

Сурет: Zakon.kz/Екатерина Гуляева

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: