Қызылордада 14 жасөспірім бейімдеу орталығына жеткізілді
Үш күнге созылған рейд барысында полиция қызметкерлері 210 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Сонымен қатар, қадағалаусыз қалған 14 жасөспірім бейімдеу орталығына жеткізілді.
Рейд нәтижесінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы бойынша (ата-аналардың немесе басқа да заңды өкілдердің балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамауы) 21 ата-анаға әкімшілік хаттама толтырылды. Ал 442-бапқа (сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін заңды өкілдерінің ілесіп жүруінсіз кәмелетке толмағандардың тұрғын үйден тыс жерде болуы) сәйкес 172 жасөспірім анықталып, олардың заңды өкілдеріне хаттамалар ресімделді.
Сонымен қатар профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Акцияның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың, оның ішінде топтық төбелес пен бопсалау деректерінің алдын алу, құқық бұзушылықтарды болдырмау және жолын кесу.
Сондай-ақ жасөспірімдерге алкогольдік және темекі өнімдерін сату фактілерін анықтау, олардың заңды өкілдерінің ілесіп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелері мен тұрғын үйлерден тыс аумақта болуына жол бермеу бағытында жұмыстар жүргізу.
Осындай шаралар құқық бұзушылықтың алдын алу және жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды рөл атқарады. Жас буынның құқықтарын қорғауға бағытталған осындай қадамдар қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуіне үлес қосары анық.