Қарағандыда кибералаяқтық схемасы әшкереленді: 2000-нан астам sim-карта тәркіленді
Оған ұялы байланыс абоненттік құрылғыларының идентификациялық кодтарын заңсыз өзгертіп, азаматтарды алдау мақсатында пайдаланған деген айып тағылуда.
Тінту барысында дыбыс күшейткіш ретінде жасырылған арнайы құрал-жабдық тәркіленді. Бұл құрал Қазақстан Республикасы азаматтарына банктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері атынан қоңырау шалып, алдау және алаяқтық әрекеттер жасау үшін пайдаланылған.
Күдіктінің жалдамалы пәтерінен 2100-ден астам sim-карта, екі ноутбук, екі мобильді телефон, планшет табылды.
Тәркіленген құрал-жабдыққа қатысты 48 абоненттік нөмірден азаматтарға қоңыраулар жасалғаны анықталды. Қазіргі уақытта күдіктінің басқа алаяқтық эпизодтарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті прокуратураның келісімімен қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.