Мемлекеттік қуыршақ театры Бекзат Саттарханов туралы қойылым қойды

Бекзат Саттарханов, бокс, қойылым, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.02.2024 20:56 Сурет: wikimedia.org
Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры даңқты боксшы, Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановқа қойылым арнады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жеңімпаз спортшы жайындағы өнер туындысы "Чемпион" деп аталады. Қойылым Бекзаттың қысқа ғана ғұмырында жүріп өткен жолын, жеңісті күндерін баяндайды. Ел мен жерге деген сүйіспеншілікті насихаттап, жас жеткіншектерді қайсар, өжет, батыл, шыдамды болуға тәрбиелейді. Мұндай қойылым театр сахнасында алғаш рет сахналанды. Бұған дейін жасындай жарқ еткен боксшы жайында талай ақын-жазушы қалам тербеді. Деректі фильм түсірілді. Ол туралы кино да бар. Қуыршақ театры да олимпиада чемпионын жас ұрпаққа үлгі етуді жөн көрген. Осы қойылым арқылы балаларға ұлт мақтанышы, болмысы бөлек боксшы Бекзатты жақынырақ таныстыруды көздеген, деп хабарлайды 24kz.

"Біз ринг арқылы қарамаймыз, біз сахна арқылы қараймыз. 20 жастағы кішкентай жап-жас бала, соншама жерге барып олимпиаданың чемпионы болу дегеніміз бұл құдырет. Оның ар жағында бүкіл халықтың тарихы тұр. Оның ар жағында сақтар тұр. Оның ар жағында ғұндар тұр. Оның ар жағында мың өліп мың тірілген Алқакөл сұлама тұр, оның ар жағында көкбөрінің рухы тұр. Режиссер Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек

Иә, қойылымда кинематография элементтері қолданылған. Әр дәуірдегі қазақ тарихын символикалық образдар арқылы көрсетеді. Тарихи деректер келтіреді. Осының бәрін байланыстыра отырып, Бекзат Саттархановтың күресі арқылы күллі ұлт тарихын баяндайды.

"Мұндай азаматтарды ұмытуға болмайды. Сол себепті, бүгінгі қойылым біздің болашақ мынау кішкентай бүлдіршіндерімізге, ұрпағымызға тастап кетейін деп жатқан аманатымыз. Бекзаттың қалай жеңіске жеткені, рухының мықтылығы. Оның қайдан шыққаны, Қазақ жерінің бай екенін көрсете білген". Актер Шоқан Құлназаров

Біртуар боксшы көзі тірі болғанда биыл 44 жасқа толар еді. Ол 2000 жылы небәрі 20 жасында жол апатына ұшырап көз жұмды. Осы қысқа ғұмырында 143 жекпе-жек өткізіп, оның 132-сінде жеңіске жеткен. Жақындары да, жаттықтырушылары да оны "шаршы алаңда шаршауды білмейтін еді", - дейді.

"20 жасар бала небәрі 5 жылда чемпион болу деген үлкен спортта ертегі былайша айтсақ. Бекзат небәрі 5 жылда барлығын бағындырып әлем шыңына қазақтың көк туын желбіреткен ұл ғой. Мен не тілеймін келешек ұрпақтарымызға, осындай ұлдар болса деп тілеймін. Қыздар болса деп тілеймін. Бекзаттай болып өсейікші, Бекзаттай өсірейікші деген ата-аналарды көргім келеді қазақ елінен".  Бекзат Саттархановтың анасыСырлыгүл Шойбекова

Қазақ халқы Бекзаттай ұлын ұмытпайды. Оған осындай туындылар дәлел. Оның спорттағы жарқын жолы қазақ еліне ұлттық рух, патриоттық сезім, жалынды жігер сыйлады. Бұл қойылым Мемлекеттік қуыршақ театры репертуарындағы тағылымы мол, мағынасы терең туынды болмақ.

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: