Қанат Бозымбаев: Атырауда ТЖ режимі жарияланатын болады
Сурет: Үкіметтің баспасөз қызметі
6 сәуірде Атырауға жұмыс сапарымен вице-премьер Қанат Бозымбаев келді. Ол жедел штабтың отырысын өткізіп, қалада ТЖ режимі жарияланатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл шешім Ресейдегі су тасқыны және Атырау облысындағы су тасқынымен күрес іс-шаралары барысында Жайық өзеніндегі су бөгеттерін нығайту қажеттігімен байланысты қабылданды.
"Менің ойымша, біз бірінші кезекте Атырау қаласында ТЖ режимін жариялайтын боламыз. Құлсары қаласында қалай жарияланды, тура солай Атырауда да жарияланады. Бірақ адамдар сары уайымға салынбасын. Бүгін біз Жайық өзеніндегі су тасқынына қарсы күрес жоспарын жасайтын боламыз. Себебі қазір Ресей Федерациясынан келіп жатқан су 3 мың текше метрді құрайды, ал болашақта ол 4-4, 5 мыңға жетуі мүмкін. Осы жағынан алғанда, бұл судың Атырауға жетуіне 20 шақты күн бар. Сондықтан біз барлық бөгеттерді нығайтып, қажетті арналарды қазып, суды Атырауға жетпейтіндей қам жасауға дайын болуымыз керек", - деді Премьер-министрдің орынбасары Бозымбаев.
Бұған дейін Қанат Бозымбаев тікұшақпен Атырау облысындағы су басқан елдімекендерді әуеден шолып шыққан болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Қазақстан халқына жасаған үндеуінде су тасқыны соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат екенін айтып, залалды азайту үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, Президент су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды және су тасқынымен күресуге қосымша әскерилерді жіберуді тапсырды.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript