Әйелін ұрғаны үшін сотталған бұрынғы әкімге үкім жеңілдетілді

Әйелін ұрғаны үшін сотталған бұрынғы әкімге үкім жеңілдетілді, сурет - Zakon.kz жаңалық 29.10.2024 12:29 Сурет: Facebook/Ринат Ибрагимов
Атырауда апелляция бірінші сатыдағы соттың Атырау облысы Мақат ауданының бұрынғы әкімі Ринат Ибрагимовқа қатысты үкімін өзгертті, деп хабарлайды Zakon.kz.

2024 жылдың жазында Атырау қаласының №2 соты И.-ді материалдық тәуелділікте болған адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін кінәлі деп танып (ҚК-нің 107-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы), 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеді. Сондай-ақ, жәбірленушінің моральдық шығын өндіру туралы азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылды: сотталушыдан 2 млн. теңге моральдық зиян өтемақысы өндірілді.

"Іс апелляциялық алқаға жәбірленуші және қорғау тарабының шағымдары, сондай-ақ прокурордың өтінішхаты бойынша түсті",- делінген сот хабарламасында.

Сот алқасы іс материалдарын зерделеп, И.-дің қылмыс жасаудағы кінәсі жәбірленушінің жауаптарымен, сот-дәрігерлік сараптама қортындысымен дәлелденді деген тұжырымға келді.

"Алқа "кінәлі адамға көрінеу белгілі материалдық жағынан тәуелді адамға қатысты" саралау белгісі дұрыс тағылмаған деп шешті. Жәбірленушінің сотталғанға материалдық тәуелділігі туралы дәлел ұсынылмады. Жәбірленушінің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғаны, оның шотына ақша түскені туралы құжаттар ұсынылды". Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі

Осыған байланысты, И.-дің әрекеті ҚК-тің 107-бабының 1-бөлігіне қайта сараланды.Оған 700 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалды (2 415 000 теңге).

2024 жылдың мамыр айында Атырау облысы Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимовтың бұрынғы әйелі Ақмарал Үмбетқалиева 11 жыл неке ішінде оны ұрып-соғып, азаптады деп айыптады. Кейін Атырау облысының әкімдігі қызметтік тексеру тағайындалғанын хабарлады. Әкімнің өзі бұрынғы әйелінің сөзін жоққа шығарды. Ал маусым айының басында әкім қызметінен кеткені белгілі болды.

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: