ҚР Президенті Тоқаевтың салтанатты ұлықтау рәсімі қалай өтті

Ұлықтау рәсімі, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.11.2022 10:35 Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі
26 қарашада Қазақстан Президенті болып қайта сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты ұлықтау рәсіміне қатысады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ұлықтау рәсіміне Қазақстанның барлық саясаткерлері мен ҚР-да аккредитациядан өткен шетелдік дипломатиялық корпусы да қатысады.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілде ант береді.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының басшысы Нұрлан Әбдіров Қасым-Жомарт Тоқаевқа Президент куәлігін тапсырады.

Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы 20 қарашада өтті. Сайлауға барлығы алты үміткер қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 81,31% дауысын жинады.

11.30. ҚР Президентін салтанатты ұлықтау рәсімі аяқталды.

11.25.

"Басқа маңызды әрі өзекті мәселелер бойынша шешімдерді кейінірек жариялаймын. Тағы да қайталап айтамын, алда атқаратын шаруа көп. Бұл – жеңіл жұмыс емес, бірақ елге пайдасы тиетін қызмет. Мен бүкіл мемлекеттік аппараттан осы міндетті абыроймен орындауды талап етемін. Қолынан іс келетін және елге беріле қызмет жасайтын азаматтарға ғана ортамызда орын бар. Оларға қолдау көрсетеміз, ал қоғам құрмет білдіреді. Халқымыздың нақыл сөзін сәл түрлендіріп айтсақ: «Байлық пен мансап – қолға ұстаған мұз, ериді де кетеді. Ал, елге жасаған қызмет – артта қалған із, ол ұрпақтан ұрпаққа жетеді». Осыны әр азамат түсінуі керек. Ел мүддесі – бәрінен биік. Мен барлық мемлекеттік қызметшіден өз жұмысын адал атқаруды талап етемін". Қасым-Жомарт Тоқаев

11.20. Тоқаев Сенат сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қояды.

11.18. Президент қол қоятын алғашқы Жарлық ауылды дамытуға арналады.

"Қазір – сайлаудағы жеңісті тойлайтын кез емес, аянбай еңбек ететін кез. Сол себепті, арқаны кеңге салмай, бірден іске кірісуіміз керек, босаңсуға болмайды. Осы орайда, ең алдымен қолға алатын бірнеше мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. "Ауыл – ел бесігі" деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз". Қасым-Жомарт Тоқаев

11.16: Тоқаев: Мемлекеттік қызметке меритократия және ашық бәсекелестік қағидаттарына сәйкес іріктеуден өткен нақты сектордан жаңа басқарушы саясаткерлерді тартамыз.

11.16. Тоқаев: Біз халықтың тілегі мен заман талабына сай тиімді мемлекет құруға міндеттіміз. Бұл – маңызды тарихи міндет.

"Мемлекеттік қызметке нақты сектордан меритократия және ашық бәсекелестік қағидаттарына сай іріктеуден өткен жаңа басқарушы азаматтарды аламыз. Президенттік кадр резервінің мүшелерін белсенді түрде тартамыз. Біздің басты байлағымыз – адам. Сондықтан азаматтардың игілігі үшін барлық жағдайды жасау аса маңызды. Еліміз даму жолында, негізінен, өз күшіне сенеді. Сонымен қатар шетелден тікелей инвестиция тарта отырып, түрлі саладағы халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытады". Қасым-Жомарт Тоқаев

11.15. Тоқаев - шынайы заң үстемдігін қамтамасыз етпей, әділетті әрі нарықтық экономиканы құру, жеке меншікті қорғау, бәсекелестікті дамыту, сыбайлас жемқорлықты жою мүмкін емес. Сондықтан заң алдында бәрінің тең болуы – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді дамуының негізгі шарты.

"Барлық мәселе, әсіресе түйткілді және даулы проблемалар конструктивті диалог арқылы, ең алдымен, Парламентте шешілуге тиіс. Алдағы Сенат және Мәжіліс сайлауы осы мүмкіндікті береді. Біз "түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт" қағидатын қатаң сақтауымыз керек. Біз "бірлігіміз – әралуандықта" формуласында көрініс тапқан халқымыздың тарихи жетістіктерін жан-жақты еселеуге тиіспіз. Қоғамда араздық туғызатын және ұлттың бірлігін бұзатын, түптеп келгенде, мемлекетімізге қарсы бағытталған арандатушылық әрекеттерге қатаң тосқауыл қойылады". Қасым-Жомарт Тоқаев

11.13. Мемлекет басшысы: Басты міндет – іскер азаматтарымыздың кәсіпкерлік рухына зиянын тигізетін жасанды кедергілер мен шектеулердің бәрін жою. Кәсіпкерлер бизнеске жүргізілетін себепсіз тексерулерді біржолата ұмытуы қажет. Олар тек салық органдарының алдында ғана есеп береді.

"Мемлекет пен бизнес – сенімді серіктестер. Шағын және орта бизнестің дамуына заңсыз кедергі келтіретіндердің бәрі заңға сәйкес қатаң жауапқа тартылады. Біз ауқымды индустрияландыруды, инфрақұрылымдарды салуды және жаңғыртуды қолға аламыз. Кең байтақ еліміздің әр өңірінің дамуына тың серпін беру маңызды". Қасым-Жомарт Тоқаев

11.11. Қасым-Жомарт Тоқаев: Енді біздің ортақ мақсатымыз – заң мен тәртіп үстемдік құратын, азаматтардың құқығына лайықты құрмет көрсетілетін Әділетті Қазақстанды құру.

"Қоғамды трансформациялап, Қазақстанды шынайы демократиялық институттары дамыған елге айналдыру үшін ауқымды жұмыс атқаруымыз керек. Сонда ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, қастерлі тәуелсіздігімізді нығайтамыз. Қазір біз осы қиын-қыстау жолдың басында тұрмыз. Алдымызда атқаратын жұмыс көп. Әрбір азамат елдің болашағы үшін өз жауапкершілігін сезінуге тиіс. Мемлекеттік саясатымыздың негізгі бағыты – білім беру ісінен бастап индустрияландыруға дейін қоғамның барлық саласын жаңғырту. Еліміздің ұзақ мерзімді экономикалық өсімінің негізін жаңа технологиялар, жоғары еңбек өнімділігі, азаматтардың шығармашылық бастамалары құрайды". Қасым-Жомарт Тоқаев

Ұлықтау рәсіміндегі сөзі, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.11.2022 10:35

Сурет: ҚР Президентінің ТРК

11.10. Мемлекет басшысы сайлауға қатысқан барша жұртқа ризашылығын білдірді.

"Науқанға атсалысқан қауымға, байқаушылар мен журналистерге зор алғыс айтамын. Президенттікке кандидаттарға да құрметімді білдіремін. Сайлауда саяси партиялар және қоғамдық ұйымдар маңызды сәтте жұдырықтай жұмыла алатынын көрсетті. Осы ретте, мені президенттікке ортақ кандидат ретінде ұсынған халық коалициясы мүшелеріне рахмет айтқым келеді. Мен өзіме дауыс берген азаматтардың ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының алдында есеп беретін болдым. Қазақта "Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң" деген сөз бар. Бұл – бұлжытпай ұстанатын өмірлік қағидатым. Мен бүгін көк туды сүйіп, дана халқымның алдында бас идім. Азаттық жолында құрбан болған бабалар рухына тағзым еттім. Елімнің арман-мұратына өмір-бақи адал болуға серт бердім. Ешқашан адалдықтан аттамауға және ел мүддесіне қиянат жасамауға ант еттім. Ата заңға қолымды қойып, оның әр сөзін мүлтіксіз орындаймын. Халқымның алдындағы осы антым алдағы қызметімде мен үшін айнымас темірқазық болады". Қасым-Жомарт Тоқаев

11.07. Қасым-Жомарт Тоқаев: алықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Сайлау нәтижесін халқымыздың саяси бағдарыма – бағасы, алдағы жоспарыма – батасы деп қабылдаймын.

"Халқының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау – ер азамат үшін ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік. Алдағы 7 жылды бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге берілген бірегей мүмкіндік деп білемін. Қазақта "аманат" деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын".Қасым-Жомарт Тоқаев

11.05. Президент Конституцияға сәйкес билік тармақтары түгел жаңғыртылатынын жеткізді.

"Осындай жаңа саяси маусымды Президент сайлауы бастап берді. Сайлау науқаны 3 айға жуық уақытқа созылды. Осы кезеңде еліміздің болашағы туралы түрлі мазмұнды пікірталастар болды. Жұртымыз өз болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Азаматтық қоғамның кемел институтқа айналғаны айқын аңғарылды. Саяси алаңға жаңа тұлғалар шықты. Осылайша, халқымыз 20 қарашада өз таңдауын жасады". Қасым-Жомарт Тоқаев

Оның айтуынша, сайлау әділ әрі ашық өтті, бұл – байқаушылардың, сарапшылар мен журналистердің берген бағасы.

"Ел-жұрттың белсенділігі ерекше жоғары болды. Кейбір азаматтар бүкіл отбасымен келіп, дауыс берді. Бұл науқан ел мүддесі үшін ұлт болып біріге алатынымызды көрсетті. Бабаларымыз қай заманда да бірлігін бәрінен биік қойған. Біз ата жолын сақтай білген, заманауи және өркениетті ел екенімізді бүкіл дүние жүзіне паш еттік. Бірлігіміздің бекемдігін тағы да дәлелдей алдық. Осы сайлауда жұртымыз маған зор сенім білдірді". Қасым-Жомарт Тоқаев

11.02

"Биыл халқымыз үшін айрықша маңызды жыл болды. Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басты. Біз түбегейлі бетбұрысқа жол ашқан ауқымды өзгерістер жасадық. Конституциялық реформаны жүзеге асырдық. Мемлекетіміздің ең басты салаларын жан-жақты жаңғырттық. Соның арқасында халықтың болашаққа деген үміті артып, сенімі нығая түсті. Мен аймақтарды аралап, тұрғындармен кездескенде бұған айқын көз жеткіздім. Сондай-ақ, өткен референдум тың бастамаларды жұртымыздың жаппай қолдайтынын көрсетті. Халықтың дұрыс бағыттағы өзгеріске ұмтылысы жұмысқа зор серпін берді. Біз реформаларды соңына дейін міндетті түрде жеткізуіміз қажет. Конституцияның жаңа талабына сәйкес, бұдан былай Президент жеті жылдық бір мерзімге ғана сайланады. Осылайша, саясаткерлердің жаңа буыны билік басына келе бастайды. Мен осы шешімнің дұрыс болғанына кәміл сенемін" Қасым-Жомарт Тоқаев

Куәлік табыстау рәсімі, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.11.2022 10:35

Сурет: ҚР Президентінің ТРК

11.00. ҚР ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров Қасым-Жомарт Тоқаевқа Президент куәлігін табыстады.

10.59. Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды.

Ант қабылдау, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.11.2022 10:35

Сурет: ҚР Президентінің ТРК

10.57

"Қазақстан халқына адал қызмет етуге, ҚР Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, ҚР Президенті - өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерді адал атқаруға салтанатты түрде ант беремін". Қасым-Жомарт Тоқаев

10.57. Мемлекет басшысы ант қабылдады.

10.56. Қасым-Жомарт Тоқаев залға кірді.

10.54. Залға ҚР Конституциясы әкелінді.

10.52. Залға Президент байрағы жеткізілді.

Ұлықтау рәсімі, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.11.2022 10:35

Сурет: ҚР Президентінің ТРК

10:44. Тәуелсіздік сарайына Нұрсұлтан Назарбаев келді.

10:35. Zakon.kz тілшілері Тәуелсіздік сарайынан тікелей репортаж жүргізеді. Ұлықтау рәсіміне шақырылған қонақтар сарайға сағат 09:00-ден бастап жинала бастады.

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: