Баланың кітап оқығаны, оған жақын болғаны ең әуелі ата-анаға керек – кітапханашы

А.П.Чехов атындағы кітапхана, сурет - Zakon.kz жаңалық 02.08.2022 12:07 Сурет: Zakon.kz
Zakon.kz тілшісі Алматыдағы А.П.Чехов атындағы орталық қалалық кітапханаға барып, рухани орданың бүгінгі жай-күйін, жаңалығын біліп қайтты. Кітапхана әкімшілігі қоғамды кітап оқуға баулу туралы ұсынысын да жеткізді.

А.П.Чехов атындағы кітапханаға кіргенде орталықтың бөлмелері заманға сай сәнделіп тұрғанын байқауға болады. Мұндағы кітап сөрелері де жаңа. Кітаптар қаз-қатар тізіліп тұр. Байқағанымыздай бұл ғимарат бірер жыл бұрын модернизациядан өткен екен. Сонысымен де оқырманды тартады. Мұнда кітап оқуға ғана емес, сабақ оқып, жұмыс істеуге келетіндер де көп. Сонымен қатар түрлі туынды авторларымен кездесулер де өтеді.

А.П.Чехов атындағы кітапхана, сурет - Zakon.kz жаңалық 02.08.2022 12:07

Сурет: Zakon.kz

Мүмкіндігінше бүгінде кітабы шығып жатқан бүкіл автормен кездесу өткізуге тырысамыз. Онда адамдар сұрағына жауап алады, кітаппен, оның авторымен жақынырақ танысады, – дейді кітапхана қызметкерлері.

А.П.Чехов атындағы кітапхана, сурет - Zakon.kz жаңалық 02.08.2022 12:07

Сурет: Zakon.kz

Келушілерге егер олар қалада нақты тіркелген болса, кітап 15 күнге үйге беріледі. Ол үшін оқырман мекенжай анықтамасын көрсетуі керек. Жазда кітапханаға келушілер саны азаймапты. Кітапханашы зейнет жасындағы кісілердің де келіп, кітап алып оқитынын айтты. Көбіне келушілер мұнда нақты тізімімен келеді екен. Жоғары сынып оқушылары мұғалімі нұсқаған немесе өзі таңдаған кітапты сұраса, студенттер мамандығына, өз саласына қатысты кітапты іздейді. Кітапханашылардың айтуынша, жалпы ересектердің өзіне тән талғамы, таңдауы бар. Оларға кітап тауып беруден қиындық жоқ.

А.П.Чехов атындағы кітапхана, сурет - Zakon.kz жаңалық 02.08.2022 12:07

Сурет: Zakon.kz

Дегенмен де кітапханаға келушілер арасында қашан да көркем әдебиетке сұраныс жоғары, – дейді кітапхана қызметкерлері.

А.П.Чехов атындағы кітапхана қорында 400 мыңдай кітап бар. Орталықтың тағы бір жаңалығы – оқырман арасынан кітапты көп оқыған адамды басқа келушілерге үлгі етіп көрсетуі. «Ол көп оқыды» деген арнайы орында биыл кітапты көп алған, жиі оқыған адамның кітаптарын орналастырып, тізімі де көрсетіледі. Оны кез келген келуші көріп, үлгі ете алады.

А.П.Чехов атындағы кітапхана, сурет - Zakon.kz жаңалық 02.08.2022 12:07

Сурет: Zakon.kz

Мысалы, кітапхананың Думан есімді оқырманы жылына 50-60 кітап оқимын деп мақсат қойып, кейінгі алты айда сол санның жартысына жетіп отыр. Ол көбіне қазақша кітаптарды оқиды. Кітапханашылар бізге осындай оқырманның анықтама кітапшасын көрсетті.

А.П.Чехов атындағы кітапхана, сурет - Zakon.kz жаңалық 02.08.2022 12:07

Сурет: Zakon.kz

Сонымен қатар Чехов кітапханасының кіреберісінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқыған кітаптар да, олардың тізімі де орналастырылған.

А.П.Чехов атындағы кітапхана, сурет - Zakon.kz жаңалық 02.08.2022 12:07

Сурет: Zakon.kz

А.П.Чехов атындағы орталық қалалық кітапхана меңгерушісі Ләйла Баймолдина кітап оқитын қоғамды жан-жақты жұмыс істеу арқылы ғана қалыптастыруға болатынын айтып отыр.

Қанша кітап шығып жатса да, кітапханалардың түр-түрі жұмыс істеп тұрса да, баланың қолындағы смартфонды кітапқа түбегейлі ауыстыру мүмкін емес шығар. Англияда бала туғанда ата-анасына негізгі заттарға қоса шомылғанда су болып қалмайтын кітап беріледі. Бұл биліктің «Еліміздің азаматы туғанынан кітапқа жақын болсын» деген ойынан шығып отыр. Бала әлі ештеңені білмесе де, кітапты көріп, шомылғанда оны ұстап, танысады. Шетелде мемлекеттік деңгейдегі бағдарлама осылай жұмыс істесе, бізде ондай болмай отыр. Мысалы, балабақшаларда баланың тақпақ, ән айтып, би билегеніне көбірек назар аударып кетеміз де, кітапқа аса жақындатпаймыз. Еліміздегі балабақшаларда балаларға арналған кітап бұрышы да жоқ деуге болады. Кітап оқуға жақын тәрбиешілердің бөлмесінде мүмкін сөре табылар. Бірақ балалар ойнайтын бөлмеде көбіне кітап сөресі тұрмайды. Одан кейін мектепке барғанда бастауыш сыныпта әліппе мен ана тілінен басқа кітаппен таныса қоймайды. Оқушылар әдебиетті 5-сыныптан бастап оқиды да, жыл сайын қандай авторларды оқып жүргенін аса бақылай қоймайды.Кітапхана меңгерушісі Ләйла Баймолдина

А.П.Чехов атындағы кітапхана, сурет - Zakon.kz жаңалық 02.08.2022 12:07

Сурет: Zakon.kz

Кітапхана меңгерушісі мұғалімдердің жазғы каникулда «Мына кітаптарды оқып келіңдер» деп берген тапсырмасын көп оқушы орындамайтынын айтты.

Осы кітапханада қызмет етіп келе жатқаныма 35 жыл болды. Осы уақытта қолына мұғалімі берген тізімін алып келетін тек орыс мектебінің балаларын көремін. Әлі күнге дейін мұғалімі берген тапсырманы орындауға келген қазақ мектебінің баласын көрмеппін. Айналамызда қазақ мектептері бар, бірақ кітап іздеп келетін оқушыны өте сирек кездестіреміз.Ләйла Баймолдина

Ләйла Баймолдинаның айтуынша, ата-ананың өзі кітапханаға келмесе, баласын кітап орталықтарына апармаса, бір кітапханашылар ғана баланы кітап оқуға баули алмайды. Қалада қанша кітапхана бар, оның бәрі жөндеуден өткен, іші кітапқа толып тұр.

А.П.Чехов атындағы кітапхана, сурет - Zakon.kz жаңалық 02.08.2022 12:07

Сурет: Zakon.kz

Баланың кітап оқығаны, оған жақын болғаны ең әуелі ата-анаға керек. Қазіргі ата-аналардың кітап жинағанын да көрмейміз. Бұрын әр үйде дүние болмаса да, кітап болатын. Ол кезде кітап дефицит еді. Қазір оның бәрін артық зат дей ме, қоймауға тырысады.  Сондықтан да баланы кітапқа баулу тек кітапхананың біржақты жұмысы емес. Бұл – мемлекеттен қадағаланатын, ата-анадан қаншама күш салатын, мұғалімнің де жұмысын талап ететін іс. Ол үшін Оқу-ағарту министрлігі Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, оған қалалық және аудандық әкімдіктер қосылып, ортақ жұмыс атқарылғаны керек.Кітапхана меңгерушісі

1997 жылдан батсап елімізде «Бір ел – бір кітап» деген мемлекеттік бағдарлама бар. Меңгерушінің айтуынша, бұл бағдарламаның өзі бүкіл мемлекет көлемінде жүргізілмейді.

А.П.Чехов атындағы кітапхана, сурет - Zakon.kz жаңалық 02.08.2022 12:07

Сурет: Zakon.kz

Әйтеуір шешім шығарады да, қояды. Кітапханалар биыл ел болып оқылуы керек кітапты айтып, ұсынғанымен оны жүзеге асыратын – халық қой. Ал мемлекет биыл таңдалған кітапты жан-жақты жарнамалап, оқуды насихаттап, адамдарды жарыстырса, арнайы сыйлық тағайындаса, қызығушылық көбірек болар ма еді? Себебі баланы кішкентайынан «Мынаны істесең, мен саған ананы алып беремін» деген келісімге үйретеміз.Ләйла Баймолдина

Сонымен қатар кітапхана меңгерушісі ел болып оқитын кітапты көбірек шығару керек екенін айтты. Себебі жергілікті кітапханаларда бір кітаптың әрі кетсе, 5 данасы болады. Оның үстіне олар қолдан қолға өтіп отырады.

Ләйла Баймолдина мектеп оқушылары мектеп бағдарламасында оқытылатын ақын-жазушылардың шығармасын оқыған дұрыс деп санайды. Сонда сабақ үлгерімі де жақсы болады әрі жазушылардың түрлі шығармаларымен де танысады.

А.П.Чехов атындағы кітапхана, сурет - Zakon.kz жаңалық 02.08.2022 12:07

Сурет: Zakon.kz

Әр сыныпта әдебиетке қызығатын санаулы-ақ бала болады. Әдебиетке қызықтыра алсақ, кітап оқитын бала саны артар еді. Бүгінде балалардан «Мынау кім?» деп суретін көрсетсек, дұрыс жауап ала алмайтын жағдайға жеттік. Бізге келетін жоғарғы сынып оқушылары мен студенттердің өз талғамы бар. Олар қандай кітап оқу керек екенін сұрамайды. Ал мектеп оқушыларына мұғалімі жол сілтеп отырса, жақсы болар еді. А.П.Чехов атындағы орталық қалалық кітапхана меңгерушісі Ләйла Баймолдина

Қалалық кітапханаға кез келген оқырман кітап сыйлай алады. Мысалы, жақында ғана кітапханаға жиі келіп тұратын адам денсаулыққа қатысты кітаптар сериясын сыйға тартқан. Меңгерушінің айтуынша, оқырманның әкелген дүниесі – барлық адамға керек, оқылады. Олар кітапханада «Сыйға келген кітаптар» деген арнайы орында тұрады.

А.П.Чехов атындағы кітапхана, сурет - Zakon.kz жаңалық 02.08.2022 12:07

Сурет: Zakon.kz

Біріншіден, кез келген оқырман үшін бұл – үлгі аларлық іс. Екіншіден, кітапхана кез келген кітапты қабылдаудан қашпайтынын білдіреді. Үшіншіден, осылайша кітабын берген оқырманға алғысымызды білдіреміз, – деді кітапхана меңгерушісі Ләйла Баймолдина.

А.П.Чехов атындағы орталық қалалық кітапхана 1931 жылы ашылған. Кітапхана қазіргі Гоголь көшесіндегі ғимаратқа 1966 жылы көшкен. Ал бұған дейін 28 Панфиловшылар саябағында ағаштан жасалған үйде кішкентай кітапхана болып жұмыс істеген.

А.П.Чехов атындағы кітапхана жаз кезінде дүйсенбі-cенбі аралығында сағат 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Жексенбі – демалыс. Ал оқу жылы басталғанда кітапхана демалыссыз, кешкі 20.00-ге дейін келушілерге ашық.

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: