BAQYLA қозғалысының өкілдері еліміздің 27 қаласындағы 3,2 мың сайлау учаскесін қамтыды

Дауыс беру, сурет - Zakon.kz жаңалық 21.11.2022 23:28 Сурет: BAQYLA
Еліміз бойынша BAQYLA қозғалысы 5 мыңнан астам бақылаушыны жүйелі оқытып, арнайы учаскелерге жолдады. 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауында сайлау процесін бақылауға араласып, республика бойынша 27 қала мен елдімекенді қамтыды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан бойынша 10 мыңнан астам сайлау учаскесінің бар екендігі туралы хабарлаған болатын. BAQYLA өкілдері 3,2 мың учаскені қамти алды, яғни жалпы санының 30 пайызын құрады.

Алдында айтқандай-ақ, сайлау процесі тартысты өтпеді. BAQYLA бұған Тоқаевтан басқа үміткерлердің танымалдығының төмен болуы әрі науқан барысында жүргізген үгіт-насихаттың осалдығы себеп екенін айтады. Оған қоса, сайлау науқаны екі айға жуық уақытқа созылғанына қарамастан, сайлаушылар кейбір үміткерлердің есімін жадында сақтап та үлгермеген.

Сайлау, сурет - Zakon.kz жаңалық 21.11.2022 23:28

Сурет: BAQYLA

Үміткерлер арасындағы күрес тартысты болып шықпаған соң, сайлау күнгі бақылау процесі де аса қарқынды болмады. Өткен сайлаумен салыстырғанда заң бұзушылықтардың аз тіркелуі үміткерлерге қатысты дауыс санауды бұрмалаудың қажеттілігінің жоқтығынан да болар.

Бақылаушыларды сайлау учаскелеріне кіргізбей, оларға хаттама бермей, уақытынан бұрын шығарып жіберуге тырысу сынды фактілер тіркелді. Осындай заң бұзушылықтардың көбі сайлау учаскесінде шешілді.

Сайлау учаскесі, сурет - Zakon.kz жаңалық 21.11.2022 23:28

Сурет: BAQYLA

BAQYLA азаматтық қоғамның қалыптасып, беки түсу үшін сайлауды бақылау маңызды рөл атқарады деп санайды, сондықтан олар алдағы кезектен тыс Парламент сайлауы кезінде де байқаушылар институтын нығайтуға барынша атсалысуға ниетті.

"Бақылаушыларды дайындау үшін қашықтан оқыту арқылы қазақ және орыс тілдерінде бірнеше тренинг өткізілді. Оған BAQYLA қозғалысына кіретін үкіметтік емес қоғамдық бірлестіктердің облыстық, қалалық деңгейдегі тренерлері қатысты. Қатысушылардың сұрақтарына жауап беріліп, тренингтердің электронды жазбасы барлық өңірлерге таратылды. Олар біз дайындаған "Бақылаушы дәптері" негізінде жүргізілді". Дос Көшім
"Біз BAQYLA-ны халық арасында таныту жұмыстарын жүргіздік, соның арқасында қатарымыз толып, белсенділерді оқыттық. Бақылаушылардың жасы 19-дан басталды, көбісі 30-дан асқан. Қаламызда 84 сайлау учаскесі бар, барлығын қамтыдық. Бұл біздің алғашқы тәжірибеміз. Біз сайлаудың әділ өткенін қаладық, сол үшін байқаушы болдық".Динара Өмірзақова, Петропавл қаласы

Сайлау учаскесі, сурет - Zakon.kz жаңалық 21.11.2022 23:28

Сурет: BAQYLA

"Байқаушылар саяси тартыс болған жерде ғана піседі. Өкінішке қарай, биылғы сайлау бәсекелі болмады. Қалай болса да, белсенді азаматтардың ынтасын өшіріп алмау керек, сол себепті биылғы байқаушылықтың бір ерекшелігі – азаматтық қоғам мен сайлауды бақылау маңызы туралы, сайлау кезінде болатын жағдайларды талдап беретін көптеген дәрістер оқылды".Бақытжан Бұқарбай
"Мен мектеп кезінен бері белсенді болуға ұмтылдым. Өскенде кәсіп аштым, блог жүргізіп, аудиториямды кеңейттім. Саяси үрдіске араласып, сол арқылы да елімізге пайдамды тигізгім келді. Ақтөбе халқы науқанға белсенді араласады деп күтпедім. Бірақ адам жинауда еш қиындық көрмедік. Арамызда тәжірибелі бақылаушылар да болды. Жұмыс барысында бір-бірімізге дос боп кеттік".Аслан Зулкашев, Ақтөбе қаласы
"Байқаушының мақсаты не?" деген сұрақтың жауабы – әділ сайлаудың өтуін бақылау. Біз осыны жастарға жеткізгіміз келді, өйткені көбісі мұның маңызын біле бермейді, білсе де бейқам қарайды". Ерлан Өміржанұлы, Семей қаласы

BAQYLA өкілдері, сурет - Zakon.kz жаңалық 21.11.2022 23:28

Сурет: BAQYLA

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: