ТМҰ-ның бейресми саммитінде сөз алған Мемлекет басшысы: Біздің күш-қуатымыз – бірлікте

Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті, Қасым-Жомарт Тоқаев, Әзербайжан, сурет - Zakon.kz жаңалық 06.07.2024 14:40 Сурет: Ақорда
2024 жылы 6 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысы өз сөзінде, ең алдымен, саммиттің "Көлік, коммуникация және климаттық өзгерістерді бақылау арқылы баянды болашақ құру" деген тақырыбы барлық елдің мүддесіне сай келетінін атап өтті. Сондай-ақ аталған басқосу түркі елдерінің игілігін көздейтініне, дамудың тың бағыттарын айқындайтынына және бауырластық байланысты нығайтып, өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал ететініне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының қазіргі төрағасы ретінде оның қызметі барынша тиімді болғанын қалайды.

"Ұйымның халықаралық мәртебесін арттыруға күш саламыз. Бұл ретте, "TURKTIME!" ұраны аясында ықпалдастықты кеңейтуді жалғастырамыз. Бұған дейін 40-қа жуық іс-шара өткіздік. Елдеріміз арасындағы байланыстың жаңа тетіктері пайда болды. Бұл – әлеуметтік саясат, құқық қорғау, білім, технология, инновация және өнеркәсіп сияқты салалар. Сондай-ақ Астанада қыркүйек айында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл – түркі мәдениетін кеңінен дәріптейтін маңызды іс-шара. Осы сәтті пайдаланып, бауырлас елдердің спортшыларын дүбірлі додаға қатысуға шақырамын", – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету еліміздің сыртқы саясатындағы негізгі басымдықтың бірі екеніне тоқталып, түркі халықтарының әрдайым ынтымақта болуы керек екенін айтты.


"Біздің күш-қуатымыз – бірлікте. Жалпы, кез келген қақтығыс пен қайшылықты шешудің жалғыз жолы бар. Ол – сындарлы диалог. Осы орайда төрағалығымыздың аясында "Медиацияға" ерекше мән беріп отырмыз. Мен Әзербайжан мен Армения елдері арасындағы бейбітшілік орнатуға бағытталған оң үрдісті ерекше атап өткім келеді. Біз татулыққа бастайтын қадамдарды барынша құптаймыз. Баку мен Ереван арасында бейбіт келіссөздер жүргізу үшін өз алаңымызды ұсынуға әрдайым дайынбыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін 6 шілдеде жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Әзербайжан Республикасы Президентінің Шуша ауданындағы арнаулы өкілдігінің ғимаратына барғанын,  Қасым-Жомарт Тоқаевты Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев қарсы алғанын хабарланған.

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: