Ерлан Қарин: Қазақстандықтар үшін Жеңіс күні – маңызды әрі қасиетті дата

Қазақстан-Ресей медиа форумына қатысушылар, сурет - Zakon.kz жаңалық 18.11.2024 22:41 Сурет: akorda.kz
Қазақстан-Ресей медиа форумына қатысушылар ТАСС ақпарат алаңында өзекті мәселелерді талқылады,деп хабарлайды Zakon.kz.

"ҚазАқпарат" агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан Республикасының мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Мәскеуде "Ресей–Қазақстан: БАҚ өзара іс-қимылының өзекті мәселелері" атты медиафорумда сөз сөйледі.  

Ерлан Қариннің айтуынша, "Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының жақсы серпіні" болып саналатын бұл медиафорумда қос елдің жетекші БАҚ өкілдері өзекті ақпараттық күн тәртібін ғана емес, негізгі іс-шараларды, соның ішінде Жеңістің 80 жылдық мерейтойын баспасөзде жариялау бойынша болашақтағы өзара әрекеттестікті талқылайды.

"Біз ауқымды жоспарлар құрып отырмыз. Келесі форумды Қазақстанда, Астанада өткізу туралы келісімге келдік. Сондықтан бүгінгі шара шынымен де ынтымақтастығымыздың жақсы серпіні болып отыр. Қазақстандық делегация атынан ресейлік достарымызға жоғары деңгейдегі дәстүрлі қонақжайлылығы мен жылы ықыласпен қабылдағаны үшін шынайы алғысымды білдіремін. Ресми түрде біздің шарамыз дөңгелек үстел деп аталды. Кейін форум деп атау ұсынылды. Қалай аталса да, бұл жетекші ресейлік БАҚ басшылары қатысқан жоғары деңгейдегі баяғы достар кездесуі екеніне сенімдімін", - деді Ерлан Қарин өз сөзінде. 

Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы Ресейдің ТАСС ақпарат агенттігін 120 жылдық мерейтойымен құттықтады.

"Қыркүйек айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы осы мерейтойға арнайы құттықтау жолдаған болатын. Президент өз құттықтауында "осы мерейтойлық дата — ТАСС тарихындағы маңызды кезең. Бұл ресейлік журналистиканы қалыптастырушыларды ризашылықпен еске алып, даму үшін жаңа бағыттарды айқындайтын мүмкіндік" деп атап өтті. Бүгін Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен үлкен делегациямен келіп, құрметімізді, қолдауымызды және достығымызды көрсету үшін келдік", - деді мемлекеттік кеңесші. 

Сондай-ақ ол мұндай форматтағы кездесу РФ Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында өтіп жатқанын баса айтты.

"Қазақстанда алдағы шараға үлкен мән беріліп отыр. Ресей басшысының сапары екіжақты ынтымақтастық пен одақтастық қатынастарды тереңдету тұрғысынан маңызды оқиға болары анық. Қазір бірлескен күш-жігердің арқасында сауда-экономикалық ынтымақтастық жақсы қарқынмен дамып келеді. Мұны тауар айналымының жоғары көрсеткіштері айғақтайды. Ресей біздің еліміздің экономикасына инвестиция салу көлемі бойынша жетекші орындардың бірінде", - деп атап өтті Ерлан Қарин. 

Форумға қатысушылар өз сөздерінде алда Ұлы Жеңістің 80 жылдығы тұрғанын атап өтті. Ерлан Қариннің айтуынша, Қазақстанда бұл мерейтойға арналған іс-шаралар 2025 жылдың қаңтарынан басталады.

"Осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстанда тағы бір маңызды оқиға – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына дайындық қалай жүріп жатқанын айтып өткім келеді. Қазақстанда бұл мерекеге көзқарас ерекше. Қазақстандықтар үшін Ұлы Жеңіс күні – маңызды әрі қасиетті дата. Біз ата-бабаларымыздың адамзат тарихында теңдесі жоқ ерлігін әрдайым есте сақтаймыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл көктемде, Атырауда өткен үлкен шара – Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде осы маңызды мерейтойға алдын ала мұқият дайындалу қажеттігін айтқан болатын. Соңғы бес-алты айда ауқымды жұмыс атқарылды. 2025 жылдың қаңтар айынан бастап елімізде осы мерейтойға арналған түрлі форматтағы іс-шаралар басталады. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қазақстанда әскери "Айбын" ордендерінің дәрежелеріне Екінші дүниежүзілік соғыстың аңызға айналған батырларының есімдері берілді", - деді мемлекеттік кеңесші.

 Бұған дейін Мемлекеттік кеңесші Қазақстан-Ресей медиа форумына қатысып жатқаны хабарланған.

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: