Тоқаев ҚР мен РФ-ның отын-энергетика саласындағы жобаларына тоқталды

Қасым-Жомарт Тоқаев, Астана, Владимир Путин, форум, энергетика, сурет - Zakon.kz жаңалық 27.11.2024 21:41 Сурет: akorda.kz
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 27 қарашада Өңіраралық ынтымақтастықтың XX форумында Ресеймен әріптестіктегі отын-энергетика саласындағы жобалар жайына тоқталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазақстан президенті атап өткендей, отын-энергетика саласындағы ынтымақтастық сапалы жаңа деңгейге жетті.

"Лукойл" компаниясымен бірге Қаламқас-теңіз, Хазар сынды ірі теңіз кен орнын игеруге кірістік. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 6 млрд доллардан асады. Сонымен қатар, ресейлік серіктестер мұнай-газ химиясы жобаларын жүзеге асыруда белсенді ат салысуда. "Сибур" компаниясымен бірлесіп, 2022 жылы біз қуаттылығы жылына 500 мың тонна болатын Орталық Азиядағы полипропилен өндіретін ірі зауытты іске қостық. Бүгіндері бұл кәсіпорын тек қазақстандық өңдеуші компанияларды шикізатпен қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар Ресейге, Қытайға, Түркияға және басқа да елдерге өнім экспорттайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол ағымдағы жылдың қыркүйек айында жылына 1,2 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы басталғанын атап өтті. "Татнефть" компаниясымен бірлесіп жылына 340 мың тонна бутадиен шығаратын жобаны іске асырудамыз.

"Газ саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Алғаш рет Ресей газы Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалданды. "Газпроммен" ресейлік газдың Қырғызстанға транзиті туралы келісімге қол қойылды. Қазақстанға ресейлік газдың ұзақ мерзімді жеткізілімдер жайы да пысықталуда. Бұл жобалар, әлбетте бүкіл Орталық Азия өңірінің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз", - деді Қазақстан президенті.

Ол бір жыл бұрын Қазақстан мен Ресейдің энергожүйелерінің параллель жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы үкіметаралық келісімге қол қойылғанын еске салды. Келісімді іске асыру энергетика саласындағы әріптестіктің іргетасын нығайтуға мүмкіндік береді. Жақын күндері осы маңызды құжатты ратификациялау процесі аяқталады.

"Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жылу электр станцияларын салу бойынша практикалық ынтымақтастық жайы бір жолға қойылған. Біздің серіктестігіміз жаңартылатын энергия көздері саласында да белсенді дамып келеді. Ресейлік серіктестердің қатысуымен Қазақстанда жалпы қуатты 370 мегаватт болатын жобалар іске асырылды. Қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде жақын болашақта тағы бір экологиялық таза энергия өндірісін іске қосу жоспарлануда. Бұл бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейте түсу үшін үлкен әлеует бар", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин тауар айналымы көлемін 30 млрд долларға дейін ұлғайту жайын талқылаған болатын. 

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: