90 жылдардағы қиын кезеңге қарамастан қылқобызды тастамадым

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, "Құрмет" ордені, марапаттау , сурет - Zakon.kz жаңалық 16.12.2021 13:01 Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Құрмет» орденіне ие болғандардың қатарында композитор, қобызшы  Ерлан Сәбитов те бар. Пайғамбар жасынан асқан өнер иесінің биыл сахнада жүргеніне 45 жыл толды, деп хабарлайды Zakon.kz

Ерлан аға, бұл сізге берілген алғашқы орден шығар?

Иә, дәл солай. Бірінші рет орден тағып отырмын. Расын айту керек, еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінен хабарласып Нұр-Сұлтанға шақырғанда маған осыншалықты құрмет көрсетілетінін білмедім. Дегенмен бұған дейін мемлекетіміз еңбегімді бағалап Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын берген еді. Сахнада жүргеніме биыл 45 жылдан асты. Марапаттан кенде болған жоқпын. Алайда «Құрметтің» орны бөлек.

Атақ та тектен-текке беріле бермейтін шығар. Осы уақытқа дейін қазақтың ұлттық аспабы қылқобыздың үнін өшірмей, шәкірттерге үйретіп, одан қалды әлемнің 75 еліне апарып ойнап бердім. Бұл аспаппен «Отырардың күйреуі», «Көшпенділер», «Шал», «Балалық шағымның аспаны», «Қазақ хандығы» сериалдарына соавтор ретінде әуен жаздым.

Өзіңіз қай жақтың тумасысыз?

Мен Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол ауылында дүниеге келдім.

Білуімше, 1977 жылы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған арнайы мектептің қылқобыз бөлімін бітірдіңіз. Содан бері өнерден қол үзген жоқсыз ба?

Ондай болған жоқ. Тіпті 90 жылдардағы қиын кезеңдерде де қылқобызды тастаған жоқпын. Бірақ басқа салаға барып ақша тапсам деген ойлар болмады емес, болды. Бірақ әр адам өзінің жасап жүрген жұмысынан ләззат алуы керек қой. Өнерді тастап кете алмадым. 1986 жылы «Адырна» ансамблін құрушылардың бірі болдым. Ансамбльдің әншісі Мәдина Ералиева еді. Кейіннен Роза Қуанышқызымен «Арай», «Назерке», Секен Тұрысбековтың «Ақ жауын» ансамблінде өнер көрсеттім. Қазір, мінекей, Қазақстанның рок әншісі ретінде КИнЭС кітабына енген Әсем Көпбаева, сазгер Әбілқайыр Жарасқан бастаған өнерпаздардың басын қосып «Тенгри» тобымен өнер көрсетіп жүрмін. Бұл топты өзім бас болып, осыдан тұп-тура 10 жыл бұрын құрыппын.

Қазақ өнерінің болашағын қалай елестетесіз?

Димаш Құдайберген, «Тұран» ансамблі, «Мецо» тобы сияқты өнерпаздар барда қазақ өнері қарыштай беретініне сенімім мол. Тек музыкадан ғана емес, өнердің басқа салаларынан елдің атын күллі әлемге танытатын, әлі талай дүлдүлдер біздің орнымызды басады.

Сонда сіз сахнадан кеткелі жүрсіз бе?

Зейнетке шықтым. Бір пенсияға қарап отырған жоқпын. Анда-санда той-томалақ аралап қоямыз. Дегенмен ел-жерді аралап жүріп қазақтың талантты ұл, қызын көріп жүрмін. Олар да бір күні құрметке бөленеді. Қорқыттан қалған қасиетті қобызды әзірге тастамаймын.

Тәуелсіздік туралы пікіріңізді айтыңыз. Өнер иелері оны қалай түсінеді?

Бұл өмірде әр адамның Отаны бар. Менің Отаным Қазақстан. Елде жүргенде онша сезіне бермейміз, кейде тіпті қадірін де түсінбейміз. Ал шетелге шыққанда қазақ болып туғаныңа, Қазақстанның азаматы болғаның көзіңе жас алып тұрып мақтанасың. Патриоттық сезім деп қояды ғой, сол сезім оянып, көкірегіңде бір вулкан атқылап жатқандай күйге енесің. Кеше «Құрмет» орденін алып жатып, Корей театрында істейтін әріптесім «Бармаған елім жоқ, бірақ Қазқстанға жететін мемлекетті көрмедім, жасай берсін» деп тілегін айтып жатыр. Басқа елге кетемін деу бекершілік. Өз еліңе, Қазақстанға жететін жер таппайсың-ау.

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: