"Қазақфильмнің" бүгінгі ахуалы қандай

"Қазақфильмнің" бүгінгі ахуалы қандай, сурет - Zakon.kz жаңалық 17.01.2023 14:57 Сурет: kazakhfilm.kz
Кейінгі уақытта елдің басты киностудиясы төңірегінде шу көбейді. Басқарушы кадрлардың үнемі ауысуы, сыбайлас жемқорлық, ұрлық бойынша өзара айыптаулар.

Сонымен қатар шығармашылық тоқырау да байқалад. Кейінгі кезде отандық киностудиялар арасында" Қазақфильм " премьералар саны бойынша да, сәйкесінше, көрсетілімнен түскен алымдар бойынша да артта қалып келеді. Қалыптасқан жағдайды қалай түзетуге болады? Бұл туралы Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ вице-президенті Серік Әбішевпен сұрап көрдік.

– Серік, жұрт сізді ұзақ уақыт бойы режиссер Әділхан Ержановпен көп жұмыс істеген авторлық киноның продюсері ретінде таниды. Бірақ "мемлекеттік қызметке" ауысқаныңызға бір жыл болды. Бұл жұмыстың ерекшелігі неде?

– Мұнда да артхаус жетерлік (күлді). Бірақ шындығына келсек, бұл үлкен тәжірибе. Бұл мүмкіндік үшін Ақан Сатаевқа алғыс айтамын. Бірақ, перспектива өзгермесе, мұнда қалатын ешбір себеп көріп тұрған жоқпын. Жарты жыл ішінде айтарлықтай өзгерістерді қажет ететін дүниелерді көрдім.

– Соңғы уақытта "Қазақфильмге" көптеген шағымдар айтылуда. Негізінен – шығармашылық бағытта. Неліктен студия тым аз фильм шығарады, ал егер шығарса, көпшілігі байқалмай қалып жатады?

– Менің ойымша, қазіргі уақытта «Қазақфильмнің» тиімсіз кәсіпорын екенін мойындау керек. Студияда нақты даму стратегиясы жоқ, тіпті стратегиялық жоспарлаумен айналысатын тиісті бөлім де жоқ. Барлығымыз фильмдер түсіріп, қызметкерлердің жалақысын табу үшін жұмыс істеп жатырмыз. «Қазақфильм» квазимемлекеттік секторда болғандықтан, мемлекеттен тікелей қаржыландырылмайды. Сондықтан киностудия өз бетінше ақша табуы керек. Бақытымызға орай, «Қазақфильмнің» техникалық жабдықтары, реквизиттері, костюмдері, түсірілім павильондары бар, соларды жалға беру арқылы ақша тауып келеді. Бірақ, өкінішке орай, киностудияның ұзақ мерзімді жоспары жоқ.

Мемлекеттің бұл киностудияға деген көзқарасы кеңес заманынан қалыптасып қалған секілді. Ол кезде тәуелсіз киностудиялар жұмыс істей алмайтын. Барлығы мемлекеттік болды және мемлекет тарапынан қаржыландырылды. Бірақ қазір ол заман өтті. Мемлекет пен «Қазақфильм» арасында қарым-қатынастың жаңа формуласы сол күйі қалыптасқан жоқ. Бізге Еуропа, АҚШ, Ресей, Азия елдерінің кинематограф өкілдері жиі келеді. Киностудиямыздың кең аумағына таң қалып, әлеуетіміз жоғары екенін айтады. Бірақ, көбісі «студияның мақсаты қандай, оның дамуы қалай болады» деген сұрақтар қояды. Осыған жауап іздеп, «Қазақфильмде» бірдеңе жетіспейді деген ойға келдім. Мәселен, жақында кинофестивальдердің бірінде кино орталығының қолдауымен түсірілген екі қазақфильмдік картина ұсынылған еді. Бірақ, фестивальде жеке компанияның фильмі жеңді, мен ұялдым. Естеріңізге сала кетейін, жақында біз еліміздің барлық киностудияларымен, соның ішінде ЖК, ЖШС-лермен тең жағдайда питчингтен өтуге мәжбүрміз. Бізді «Амангелді» фильмінен бері келе жатқан бай тарихы бар флагмандық киностудия ретінде таниды. Ал біз жеке киностудиялармен фестивальдерде жарысып, ұтыламыз. Мұның бәрі маған әке мен ұлы жарысып, әкесі жеңіліп қалғандай көрінеді.

– Бұған көптеген адамдар былай жауап береді: өзге студиялардан несімен ерекшеледі? Басқа студиялардың өнімдерін көп адамдар көреді. Неліктен «Қазақфильмге» артықшылықтар берілуі керек? Оның бай тарихы болғандықтан ғана ма?

– Министрлік «Қазақфильмнің» рөлін анықтап алуы қажет. Біз питчингке қатысамыз, жобаларды ұту, киностудияның қызмет етуіне ақша табу үшін қолдан келгеннің барлығын жасаудамыз. Менің ойымша, бұл стратегиялық тұрғыдан дұрыс емес. Қазіргі заңнама, бюджет кодексі, мемлекеттік сатып алу туралы заңдар аясында квазимемлекеттік сектор субъектісіне кино түсіру өте қиын. «Қазақфильмде» қосымша кедергілер де бар. Мысалы, питчингті жеке кинокомпания жеңіп алса, ол жай ғана ақша алып, кино түсіреді. «Қазақфильм» бәрін мемлекеттік сатып алу арқылы жасауға мәжбүр. Ал қаржыландыру жылдың соңында болатынын ескерсек, бізде кино түсіруге бар болғаны 3-4 ай уақыт қалады. Бұл ақылға сыймайды. Осылайша, киностудия қарызға жұмыс істейді, ал қызметкерлер жалақыны тек жылдың соңында ғана алады. Дегенмен, жақында ел президентінің Жарлығымен «Қазақфильм» жекешелендіруге жататын объектілер тізімінен шығарылды. Нағыз кинорежиссерлер бұған қатты қуанды. Менің ойымша, бүгінгі таңда «Қазақфильм» BFI – Британия кино институтының тәжірибесін қолдануы керек. Ол кинематографияны, жастарды қолдайды, және жүздеген басқа да британиялық кинокомпаниялармен қатар фильмдер түсіреді. Бірақ оның өзіндік қызметі бар – ол тәуелсіз киноны, дебюттік киноны қолдайды. Сондай-ақ ғылыми қызметпен айналысады, сараптамалық жұмыс жүргізеді. Дәл осы дүниелер «Қазақфильмге» жетіспейді.

– Бұрын мемлекеттің ақшасы «Қазақфильм» және оның көркемдік кеңесі арқылы үлестірілсе, енді «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» және оның питчингі арқылы бөлінеді. Бұл мәселеде шығармашылық және қаржылық "қызғаныш" тумай ма?

– Бұл дұрыс бастама деп есептеймін. Мемлекеттің ақшаны бір киностудияға беріп, ал тәуелсіз студиялар өз бетінше ақша тауып, кино түсіруі әділетсіз болады. Ақшаны жеке студиялар арасында үлестіру – дұрыс идея. Барлығы ашық түрде, бәсекелестік пайда болды. Бірақ, кейбір мақсаттарға әлі де қол жеткізілмеген. Себебі, кино орталығы кассалық табысты фильмдер түсіруді көздейді. Кино орталығы қызмет еткен үш жылдың ішінде мұндай жетістікке жеткен бір ғана фильм – «Дос-Мұқасан».

Бірақ, қазір мемлекет бізді тек өндіруші компания ретінде көретіні қынжылтады. Студия бұдан әлдеқайда көп нәрсеге қабілетті – сараптама, ғылыми бағыт, туризм және т.б. Бізде кәсіби киносараптама жоқ – киносыншылар, кино туралы жазатын журналистер бар. Мәселен, кинотеатрларда сараптама бар және олар қазақстандық көрерменді қызықтыратын бағытқа маркетингтік зерттеулер жүргізеді. Елдің басты киностудиясы үшін сараптамалық зерттеулер жүргізетін қызмет аса маңызды.

Қазір кино туралы заңға түзетулер енгізу жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, ірі кино державаларының (Франция, Қытай, Үндістан, Ресей) кино заңнамасын біздің жағдайымызға бейімдеу үшін үлкен ғылыми жұмыс қажет. Тек бейімдеп қана қоймай, Қазақстанның басқа да заңнамаларына сәйкестендіру керек. Қазір мұндай жұмысты ешкім жүргізбейді. Нәтижесінде, заң қабылданған кезде, бірнеше жылдан кейін біз оның көптеген компоненттері біздің жағдайымызда жұмыс істемейтінін байқаймыз.

– Сіз «киностудиялардың қаржылық тұрақтылығы» деп енгізілген қағиданы айтып тұрған боларсыз. Оның нәтижесінде тәуелсіз студиялардың басым бөлігі кино түсіру мүмкіндігінен айырылуда.

– Аталған ережені қайта қарауға бірнеше рет әрекет жасалды. Барлық кинематогрофтар бұл ережеге наразылық танытты. Себебі, заңды бұл салаға қатысы жоқ адамдар қабылдады. Осы жерде кино туралы заңның басқа заңнамамен – мемлекеттік сатып алу туралы заңмен байланысы туралы тақырып көтеріледі. Осы заңды сақтау үшін «қаржылық тұрақтылық» туралы ереже енгізілді. Бұл көптеген кинокартиналардың питчингке қатысу мүмкіндігін жойды. Мысалы, белгілі режиссер және продюсер Рашид Сүлейменов питчингке қатыса алмай, өзінің «Набат операциясы» жобасымен «Қазақфильмге» жүгінді. Сөйтіп, біздің студия атынан питчингке ұсынды. Мұндай мысалдар өте көп. Нәтижесінде олар өз туындыларын сүт, кірпіш зауыттарының атынан питчингке ұсына бастады, өйткені, заңнама бұған мүмкіндік береді. Бұл кәсіпорындар қаржылық жағынан тұрақты. Ақылға қонымсыз жағдай әрине, бірақ, осылайша, кірпіш зауыты кино түсіріп жатыр!

– Шығармашылыққа келсек, қазір «Қазақфильм» үшін көркемдік және саяси цензура мәселесі өзекті ме? Білуімше, кинода біраз уақыт діни тақырыптарға тыйым салынған еді.

– Көптеген адамдар кинода діни мәселелердің қозғалуына сақтықпен қарап, діни экстремизм тақырыбынан қорыққан кезең болды. Бірақ бүгінде кез келген дінге қатысты мұндай тыйымдар өзекті емес. Қазіргі уақытта оқиға желісі мұсылман немесе православие діндарының айналасында өрбуі мүмкін. Мысалы, жақында Ербол Жұмағұлдың исламды зерттейтін заманауи қала тұрғынының рухани ізденісі туралы "Кітап" туындысы жарыққа шықты. Ол фестивальдерде, бірнеше рет теледидарда көрсетілді.

Қазір тәуелсіз студиялар туындыларының бірнеше көрінісі шіркеуде түсіріліп жатқанын білемін. Оқиға желісі діни мәселелер төңірегінде өрбіген көптеген фильмдерді еске түсіруге болады. Мысалы, Владимир Хотиненконың «Мұсылман» немесе Андрей Звягинцевтің «Левиафан» фильмдері. Олар көркемдік және эстетикалық жағынан құнды. Және оларды діни немесе дінге қарсы фильмдер деп атауға болмайды. Фильмде ең бастысы – оқиға орны немесе сюжеттің шарты емес, автордың ойы.

Әңгімелескен Константин КОЗЛОВ

Аударған Айдар Өрісбаев


Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: