Домбыра шебері: Қасиетті аспап ұлттың келбеті мен бетке ұстар бренді

домбыра, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.03.2022 12:45 Сурет: Zakon.kz
Zakon.kz тілшісі әз-Наурыз қарсаңында қазақ өмірінде маңызды орын алатын ұлттық музыка аспабы – домбыраның жасалу сырына және заманға сай қастерленуіне үңіліп көрді.

Осыған орай басылым тілшісі домбыра шебері Талғат Жанасыловпен кездесіп, қасиетті аспаптың жасалуы мен бүгінгі жайы төңірегінде тілдесіп қайтты.

– Домбыра шеберханасының табалдырығын аттаған бойда көкейде еріксіз бір сұрақ туады. Аспап жасайтын шебердің музыкадан хабары, білімі болуы міндетті ме?

– Әрине, музыканы түсінуі керек. Мысалы, мына тұрған пианиноның біз жасайтын қолөнерге қатысы жоқ. Бірақ мен оны студенттерге дыбысты түсіндіру үшін және нақты есту қабілеті қалыптассын деген мақсатта алдырғанмын. Сабақ кезінде осы арқылы ұлттық аспаптардың дыбысы туралы әңгімелесеміз. Студент музыка аспабын жасауға қызыққан жағдайда арнайы мұғалім жалдап, музыкадан сабақ өткіземіз.

шеберхана, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.03.2022 12:45

Сурет: Zakon.kz

– Ал домбыра жасауда қандай технология қолданылады? Қазақстанда барлығы бір әдіске жүгінеді ме?

– Елімізде домбыра жасауда екі түрлі технология қолданылады. Біреуі – Ахмет Жұбанов қалыптастырған, сол заманнан келе жатқан технологиясы. Екіншісі – Жолаушы Әбілғазыұлының мектебі бойынша қолданылатын тәсіл. Жолаушы Әбілғазыұлы – осы оқу орнында біраз еңбек етіп, өзінің домбыра жасау мектебін қалыптастырып кеткен адам. Қазір ол кісі зейнетте. Мен айтып жатқан екі технология да домбыраға дыбыс беруде қолданылатын тәсілдер. Ал негізгі аспаптың құрылысы бойынша технология біреу ғана.

шеберхана, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.03.2022 12:45

Сурет: Zakon.kz

– Бір домбыраны жасауға шамамен қанша уақыт кетеді және ол неше кезеңнен өтеді?

– Бір домбыраны сапалы дайындап шығуға кем дегенде 20 күн уақыт керек. Ағашын дайындау мен дыбысын жасау көп уақыт алады. Ал егер ағашты кептіргеннен бастап айтатын болсақ, онда бір домбыраны жасау 4-5 жылға созылады. Біраз жұмыс аспаптың ағашын кептіру ұзақтығына байланысты. Музыка аспабына келгенде ағаш 4-5 жыл көлемінде көлеңке жерде, бірқалыпты температурада кебуі керек. Кепкеннен кейін де біраз уақыт тұруға тиіс. Дамыған заманда ағашты кептіретін дайын құрылғылар бар. Бірақ одан соң тағы екі жыл ағашты бірқалыпты температурада ұстауымызға, толықтай құрғатуымызға тура келеді.

домбыра, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.03.2022 12:45

Сурет: Zakon.kz

– Домбыра жасауға Қазақстандағы ағаштар қолданыла ма?

– Иә, біздегі домбыралар өзімізде өсетін ағаштан да дайындалады. Көкшетау, Павлодар жақтың қайыны, шығыс жақтың қарағайы, Алматы облысынан Тянь-Шань тауының шыршасы қолданылады. Тянь-Шань шыршасы – дүниежүзі бойынша акустикасы жоғары, бағалы ағаш. Дүниежүзі халқы аспап үшін Тянь-Шань тауынан ағаш алып кетеді. Мұндай шыршаның музыка аспабына дыбыс беру қасиеті өте жоғары. Тянь-Шанның ең биік нүктесі Мұзтауда өскен ағаш өте тығыз болады. Себебі ондай шырша ыстықты көрмейді, тек суықта өседі. Суық болғандықтан ағаш мұндайда өте баяу әрі тығыз өседі. Сонымен қатар, мұндай шыршада сары шайыр өте аз болады. Ал шайыр әдетте бірде ыстық, бірде суық жерлерде өскен өсімдікте кездеседі.

Сонымен қатар әлемде музыка аспабына қолданылатын қызыл, қоңыр ағаштар бар. Мысалы, канадалық үйеңкіні домбыраның артқы қорпусы мен мойнына пайдалануға болады.

домбыра, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.03.2022 12:45

Сурет: Zakon.kz

– Домбыра жасаған кезде не нәрсеге мән бересіздер?

– Жұмыс ең әуелі ағаш таңдаудан, дайындаудан басталады. Жақсы маман болса, ағашты дұрыс таңдай білсе, жұмыстың басы жаман болмайды. Әрі қарай біраз нәрсе шебердің тәжірибесіне байланысты. Ал тәжірибе – біртіндеп еңбекпен, уақытпен келетін нәрсе. Оның үстіне адамның әр кезеңде, әр жаста ойы өзгереді. Сонымен қатар аспап жасауда кісінің бойындағы күш-қуаты да маңызды. Шамамен орта жастағы адамдар жоғары сапалы аспаптарды жасай алады деп есептеледі.

Арнайы аспап жасауды оқытатын оқу орындары болмағандықтан домбыра жасау процесінің дамуы баяу. Талантты адамдар бар, бірақ олар басқа салаларда жүр. Барлығы бір ортаға жиналып жатқан жоқ. Бұйым жасау өнерін ілгерілету үшін оны оқытатын мамандар, оқу орындары қажет. Себебі бір аспапты зерттеуге бір адамның ғұмыры жетпей қалады.

Музыка аспабы – шексіз дүние. Ол әлі де толық зерттелмей келеді. Мысалы, әйгілі шебер Антонио Страдивариді алсақ. Оның шешіп кеткен дүниесін, өлшеп берген параметрін қазір дүниежүзі қолдана алмай отыр. Оның жұмысын ешкім әлі қайталай алған жоқ.

шебер, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.03.2022 12:45

Сурет: Zakon.kz

– Домбыраға бұрын ешкінің ішегін таққан дейді. Қазір қандай ішек қолданылады?

– Бұрындары ешкінің ішегін есіп, соны таққан. Дина Нұрпеисова апамыз сонымен ойнаған. Кейін ол ішек төзімсіз болғандықтан балық аулайтын қармақ бауына ауысқан. Әлі күнге дейін домбыраға балық аулайтын жіпті ішек ретінде тағып келеміз. Себебі ешкінің ішегі уақыт өткен сайын үзіле береді, ал қарапайым балық аулайтын жіп біразға жетеді.

домбыра, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.03.2022 12:45

Сурет: Zakon.kz

Қазір оркестр домбыраны соль нотасына қарай бұрап, түзейді. Сол соль нотасына апарғанда ешкінің ішегі шыдамайды. Домбыраға арналған ішектің жоқтығы – ең өзекті проблеманың бірі. Қазіргі аспапта нағыз ішек жоқ. Ал балық аулайтын жіп капроннан жасалады.

Үкіметтен қолдау көрсетіліп, зерттеу орталықтарын ашпайынша бұл мәселе шешіле қоймайды. Себебі ол жеке адам отырып, шешетін проблема емес. Күндердің күнінде қазақтың домбырасының ішегі нағыз мықты ішекке ауыстырылуы керек. Оған бір себеп – қазіргі баудың сапасыз болуы. Балық аулайтын жіптің бұрынғыдай сапалысын табу қиындап жатыр. Оның үстіне ол шетелден келеді де біз үшін қымбатқа түседі.

домбыра, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.03.2022 12:45

Сурет: Zakon.kz

Тіпті домбыраның өзі әлі толық зерттелмеген дүние. Қайдан шыққанын, қалай шыққанын дөп басып, ешкім айта алмайды.

– Аспаптың дыбысына не әсер етеді?

– Домбыра дыбысының шығуын зерттегендер бар. Дыбыс ағаштың тербелісіне қарай шығады. Тартылып тұрған ішек қозғалған кезде кез келген бұйымнан, ыдыстан дыбыс шығарады. Сол тербеліс тиек арқылы домбыра бетін тербетеді. Бет тебілген соң корпус, одан соң мойын тербеледі. Осы үшеуінің тербелісінен үйлесім таппасаңыз, домбыра дыбысы дұрыс шықпайды.

домбыра, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.03.2022 12:45

Сурет: Zakon.kz

– Домбыраны халқымыздың өшпес мұрасы деп есептейміз. Олай болса, неліктен аспаптың құны әрқалай?

– Бізге Моңғолия, Қызғызстан шекараларынан өте сапасыз әрі арзан домбыралар келеді. Мың теңгеден аспайтын бағада біздің елге кіргізіледі де, үстіне ақша қосылып, жаппай сатылады. Мұны қазақ мәдениеті мен өнеріне жасалған үлкен қиянат деуге болады. Бұл біздің домбыра өндірісінің дамуын шектейді. Арзанға сатылғандықтан әлбетте материалы да, дыбысы да сапасыз келеді. Ол халықтар үшін бұл табыс көзіне айналып кеткен. Ал қарапайым музыкадан хабары жоқ адам аспаптың дыбысы нашар екенін байқамайды.

домбыра, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.03.2022 12:45

Сурет: Zakon.kz

Дегенмен қазір халық мән беріп, мұқият қарайтын болды. Базарға жүгінбей, аспапты арнайы шеберлерден алдырып жатады.

– Аспаптың құны қалай белгіленеді?

– Домбыраны жасағанда материалға кеткен шығын әркезде әрқалай болып жатады. Бірақ мен бұл сұраққа «өнерді ақшаға бағалауға болмайды» деп жауап беремін.

домбыра, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.03.2022 12:45

Сурет: Zakon.kz

– Ұлттық аспапқа сұраныс қандай?

– Домбыраға сұраныс қай кезде де көп. Қай заманда да музыка аспабына сұраныс болады. Өйткені оның орындаушысы бар. Оның үстіне бізде күй жанры ғана емес, ән жанры да дамыған. Олардың әрқайсы бірнеше түрге бөлінеді. Оның барлығы дерлік біздің домбыра мен қобыздың сүйемелдеуімен орындалады.

домбыра, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.03.2022 12:45

Сурет: Zakon.kz

– Аспапты сатып алған соң оны қалай күту керек?

– Әр аспаптың арнайы күтімі болады. Әсіресе күн түсетін терезе алдынан, ыстық пен дымқылдан алыс ұстау керек. Аспап құрғақ жерде, бірқалыпты температурада тұрғаны дұрыс. Күтіміне мән берсе, домбыра көп жыл қызмет етеді. Аспап ойналып ескірсе, сапасы жоғарылай береді. Керісінше қолданылмай, тартылмай тұрып қалса, дыбысын жоғалтады.

Скрипка мен гитара сияқты домбыра аспабына да 100 жыл кепілдік беріледі. Күтіміне қарай бұдан да ұзақ пайдалануға болады.

домбыра, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.03.2022 12:45

Сурет: Zakon.kz

– Қадыр Мырза-Әлі «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп жырлады. Бүгінде осы бір сөз домбыра мен қазақтың байланысын білдіреді деп қабылдаймыз. Сіздіңше, бұл сөз қандай мағынаны білдіріп тұр?

– Басқа ұлттарды алсақ, өзбекті шапанынан, ұйғырды баскиімінен, түркіменді атынан танисыз. Әр халықтың бренді бар. Сол сияқты домбыра – қазақтың бренді.

домбыра, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.03.2022 12:45

Сурет: Zakon.kz

Біздің қазақ екенімізді көрсетіп тұратын бірден бір, ешкімде жоқ аспап – домбыра. Басқа ұлттарда домбыра бар, бірақ дәл біздікіндей күй тартып, әнді сүйемелдей алмайды. Осымен бұл аспап қадірлі, ақшаға бағаланбайтындай құнды.

Сонымен қатар Zakon.kz қазақтың ұлттық аспабы – домбыра қалай жасалатыны туралы видоматериал дайындады:

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: