Талдыкөлдің тағдыры қалай шешіліп жатыр

Талдыкөл, сурет - Zakon.kz жаңалық 16.11.2022 18:29 Сурет: Instagram/sos.taldykol
Біріккен ұлттар ұйымының болжауынша, 2050 жылға қарай адамзаттың 70% астамы қалада өмір сүреді. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 54 процентке жеткен.

Еліміздегі үш ірі мегаполистің бірі – Астана демографиялық әлеуеті зор қала. Миллионнан астам тұрғыны бар бұл қалада 2035 жылға қарай халық саны 2 есеге ұлғаяды деген болжам бар.

Ел астанасы Арқа төсіне көшірілгеннен кейін бекітілген алғашқы бас жоспарда 2030 жылға қарай қала халқының саны 800 мың адам болады деп болжанған еді. Бірақ 2010 жылы бас жоспарды 2030 жылға қарай астаналықтар саны 1,2 млн адамға жетуі тиіс деп түзетуге тура келді. Бір қызығы, қала халқының саны биылдың өзінде 1,2 млн адамнан асып кетті. Егер осы өсім динамикасы сақталса, 2035 жылға қарай халық саны екі есе артады.

Халық көбейген сайын қала аумағы да кеңейетіні заңдылық. Мәселен, астана Алматыдан Ақмолаға көшірілген жылдары қала аумағы 24 819 гектар болса, бүгінгі таңда елорданың жалпы аумағы - 78 733 гектар.

Бәрімізге белгілі, бүгіндері Астана қаласын дамытудың 2035 жылға дейінгі Бас жоспары әзірленіп жатыр. Егер шаһар халқының санына қатысты болжамды ескерсек, онда 2035 жылға қарай тұрғын үйге қажеттілік 68,2 млн шаршы метрді құрайды. Яғни, алдағы 13 жылда қосымша 41,3 млн шаршы метр баспана салу қажет болады. Бұл - жылына 3 млн шаршы метрден асатын тұрғын үйлер бой көтеріп, жаңа аудандар пайда болады деген сөз.

Мысалы, кейінгі жылда елордамызда пайда болған Жағалауды алайық. Бұл аумақта тұрғын үйлер құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мектептер де салынды. Жағалау тұрғындары өз аудандарында әлі де бірнеше мектеп пен саябақтар салынғанын қалайды. Олар саябаққа қатысты талабын Кіші Талдыкөлді құрғатуға қарсылық кезінде күшейте түсті. Мұның өз себебі бар еді. Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының дерегінше, Кіші Талдыкөл аумағында өсімдіктің 98 түрі анықталған. Балықтың 2 түрі, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың 3 түрі тіркелген. Экоактивистер мен табиғат жанашырларының белсенділігі Кіші Талдыкөлді құрғату жұмысын тоқтатуға, сөйтіп, Үлкен және Кіші Талдыкөлде экопарк ашылуына, тіпті бұл мақсатқа 1 млрд теңге қаржы бөлінуіне ықпал етті. Халық пен билік осылай бір шешімге келді.

Айта кетейік, Кіші Талдыкөлдегі экопарк жобасы (Е-10 көшесі, «Жасыл желек» тұрғын үй кешеніне қарама-қарсы) су қоймасын абаттандыруды қарастырады: су қоймасын айналдыра тастан жасалған жағалау болады. Бұл судың табиғи сүзілуін және қажетті экожүйені құруға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ су деңгейін сақтап әрі оттегімен біркелкі қанықтыру үшін биодренаждық жүйені ұйымдастыру және су айдынын аэрациялау көзделген.

Сонымен қатар, серуендеу үшін арнайы инфрақұрылым жасалады: жағалаудағы сулы-батпақты жерлерде террассалық жағалау сақталады және флора мен фаунасы бар экоклимат үшін жағдай қарастырылады. Үлкен Талдыкөл де экологиялық инфрақұрылымы болады. Бұл көлдің жанында қорық және орман-саябақ аймағы бар еліміздегі алғашқы табиғи парк ашылады. Бұл шешім Астана қалалық Урбанистика орталығы базасында, сондай-ақ Есіл ауданының әкімдігінде Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының, сол сияқты Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшылары Кіші Талдыкөлдің мәселесі бойынша экобелсенділермен, экологтармен және белсенді тұрғындарымен өткен кездесулерден кейін қабылданды.

«Астана бас жоспары» қызметкерлері Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығымен бірлесіп, Лондон сулы-батпақты алқаптар орталығы, Rainham Marshes табиғи паркі, Шервуд орманы, Minsmere Reserve қорығы негізінде Ұлыбританиядағы әріптестерімен бірге табиғи парктерді жобалау мен салудың халықаралық тәжірибесін зерттеді. Қалалық табиғи парк аумағында бақылау алаңдары, болашақ биологтар, ихтиологтар, орнитологтар, экологтар үшін білім беру орталықтарын салу жоспары бар.

Жалпы қала билігі тарапынан Кіші Талдыкөлдің тағдырына қатысты жасалған мәлімдеменің бірі қазан айында қалалық мәслихатта айтылды. Қала басшысы су тартылған жерде қазірдің өзінде 1,5 мың ағаш отырғызылғанын, тағы 2 мың ағаш егілетінін, ал учаскенің шамамен 30 гектар периметрі қоршалғанын атап өтті. Оның дерегі бойынша, 2015 жылға дейін Үлкен Талдыкөлде су көлемі 57 млн текше метр болған. Осы жылдың басында 5 миллион текше метр болса, күздегі өлшеу судың 1,5 миллион текше метр қалғанын көрсетті, яғни көлемі бірнеше есе азайған. Жер асты сулары деңгейі төмендеді, оған қоса қазір қалалық кәріз-тазарту жүйесінен шыққан су Үлкен Талдыкөлге емес, Есілге құйылады. Сондықтан әкімдік судың бір бөлігін Үлкен Талдыкөл мен Кіші Талдыкөлге бағыттауды жоспарлап отыр екен.

Еліміздің бас қаласында қандай құрылыс нысаны салынбасын, белгілі жапон сәулетшісі, Астана бас жоспарын жасаған Кисё Курокаваның жоспары мен идеясы сақталуы керек. Ол идея – табиғат пен адам байланысының үйлесімінен тұрады. Әлемде табиғат пен қаланың жаңа келбетін үйлестіре білген бірқатар мемлекеттер бар. Мәселен, Арабтар теңізін жоғалтпай әлем таңдай қаққан үлкен орталық салды, Еуропада да дала құстарына арнайы жағдай жасалып отыр. Астанадағы Жасыл белдеу, Президент саябағындағы қырғауыл мен қоянның жүруі соған дәлел.

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: