Қонаевтың балалық шағы қайда өтті

Қонаевтың балалық шағы өткен жер, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.01.2023 18:00 Сурет: Орталық мемлекеттік мұрағат
Жақында Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болған мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 111 жыл толды.

Саясаткер "Өтті дәурен осылай" кітабының бірінші бөлігінде бала күндерінен естеліктер келтіріп, сол кездің адамдары қалай өмір сүргенін, өзі қай үйде тұрғанын, ғимараттарды, көшелерді атап кетті. Осы орайда Қонаевтың балалық шағы қайда өткенін, ол көшелер қазір бар ма, болса қайда орналасқанын біліп көруге тырыстық.

"Біздің отбасымыз Верныйдағы Сарқанд көшесінде, Иванов үйінде тұрды. 1912 жылғы 12 қаңтарда сол жерде тудым. Екі жылдан кейін әкем Старокладбищенск көшесі, 39 мекенжайынан шағын үй салды. Көшенің олай аталуы, оның солтүстігінде ескі зираттың болуына байланысты еді (Қазір ол ауданда Алматы 2 теміржол вокзалы орналасқан). Одан кейін көше Вокзальный, сосын Сталин, Коммунистік даңғыл болып өзгерді. Ал қазір бұл Абылай хан көшесі", – делінген кітапта.

Старокладбищенск, 39 мекенжайындағы үйді баяғыда бұзып тастаған. Қонаевтың өзі ол кезде үйдің орнында көпқабатты тұрғын үй салынып, астында «электротауар сататын дүкен» ашылғанын жазды.

Сонымен қатар, ол кітабында үйінің жанында өзбек мешіті бар екенін айтады. Көптеген өлкетанушылардың бұл мешіт туралы хабары жоқ. Алайда, ескі картаға қарап, мешітті табуға болады. Картада Ташкент аллеясынан сәл төмен, жоғарыда аталған зираттың маңында Жарты ай бейнеленген тік төртбұрыш бар. Қазір бұл жерде теміржол вокзалы тұр. Старокладбищенск көшесі де осы маңда.

"Ескі Верныйдың барлық көрнекті жерлері есімде. Губернатор үйі, Әскери жиын ғимараты, Дворяндар жиыны үйі, Кафедралды собор, Покров шіркеуі, мешіттер, көпестердің астық дүкендері мен дүңгешектер, барақтар, бау-бақшалар, балшықтан, ағаштан салынған үйлер. Бірде-бір көшеге асфальт төселмеген еді. Шаң басқан көшелерде жылқылар, есектер мен түйелер көп. Арықтарда күндіз-түні су ағып жататын, оның бойында жайқалған теректер мен қарағаштар – Верный қаласының өзіндік келбеті осындай еді", – деп жазды Қонаев.

Сол кездегі Верныйды абаттандыру мәселесі жөнінде 1913 жылы Ресей географиялық қоғамының басылымы былай деп жазған еді: "Абаттандыру мәселесінде Верный өзге қалалардан ерекшеленбейді, көшелері кең және жақсы жоспарланған, бірақ, тас төселмеген, шаң басып жатады. Күзде ол шаң батпаққа айналады".

Қонаев өзінің кітабында атап өткен Губернатор үйі мен Дворяндар жиыны үйін қазір тек фотолардан ғана көруге болады.

Аталған Губернатор үйі 2000 жылдары бұзылды. Кеңес кезінде ол жерде әскери госпиталь болған. Ғимарат орталықта, 28 панфиловшылар саябағынан жоғары орналасқан еді. Кезінде бұл Колпаковский мен Губернаторский көшелерінің қиылысы тұғын, ал қазір Достық даңғылы мен Қазыбек би көшесінің түйіскен жері.

Верныйдағы 1887 жылғы жойқын жер сілкінісіне дейін мұнда кірпіштен салынған үш қабатты ғимарат бар еді. Алайда, мамандар 9 баллға бағалаған жойқын зілзаладан кейін қирап қалды.

"1887 жылғы 10 шілдеде болған жер сілкінісінен кейін қалада 1799 ғимараттың біреуі ғана сау қалды. Бұдан кейін тұрғындар үйлерді тек ағаштан салатын болды", – деп жазды Қонаевтың өзі.

Осылайша, сейсмикалық жағдайларды ескере отырып, жаңа бір қабатты шағын Губернатор үйі тұрғызылды. Кейін ол әскери госпиталь ретінде қайта салынды. 1995 жылы ғимарат белгісіз жағдайда өртеніп, 10 жылға жуық бос тұрды.

Сондай-ақ 1887 жылғы жер сілкінісінен Қонаев атап өткен гимназия да, Покров ғибадатханасы да қирап қалды. Картада ол крест түрінде бейнеленген.

Дінмұхамед Қонаев Чернышевский атындағы нөмірі № 19 мектепте оқыды. Білім ордасы Алма-Ата көшесінде орналасқан. Кейіннен көше атауы Емелев боп өзгеріп, ал қазір Абдуллиндер деп аталады.

Бұл туралы оның сыныптасы Шара Жиенқұлова өз естелігінде айтып кетті.

"Шағын Верный қаласында Чернышевский атындағы нөмірі № 19 мектепте бізбен бірге Димаш деген аққұба, бойы ұзын, зерек бала оқыды. Ол өте сыпайы және әдепті болатын. Сол Димаш – қазір халықтың құрметіне бөленген жолдас Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев", – деп жазды Қазақ КСР халық әртісі, белгілі биші, педагог Шара Жиенқұлова.

Төртінші сыныпты тәмамдағаннан кейін Қонаев № 14 мектепке ауысты. Бүгінде ол жерде кондитерлік фабрика орналасқан.

Балалық шағын еске ала отырып, саяси қайраткер былай деп жазды: "Алматылықтар жақсы көретін бірнеше кинотеатр бар еді. Бірақ қалаға көшпелі цирк келгенде, кинозалдардың барлығы бос қалатын. Цирк қазіргі Орталық саябақтың орнында құрылатын. Әсіресе, халық танымал балуандардың өнерін ықыласпен тамашалайтын еді. Біз де, мектеп оқушылары ол көріністерді қалдырмайтынбыз. Әйгілі Қажы Мұқан Мұңайтпасовтың Губернатор бақшасында өнер көрсетуі қала тұрғындары үшін айтулы оқиға болды".

Ал Әскери жиын ғимараты әлі де бар, қазір ол жерде халық музыкалық аспаптары мұражайы орналасқан.

Дінмұхамед Қонаев өзінің кітабында сол кездегі қала аумағын былайша сипаттап берген еді: "Тау жақтан – Арычная көшесі (қазір Абай даңғылы), солтүстіктен – Алма-Ата II бекеті, батыстан – Весновка және шығыстан – Пугасов көпірі, өзенмен төмен қарай Кіші станицаға дейін. Бүкіл қала шамамен осы аумақта орналасқан еді. Ал қалған жерлер, осы аймақтың сырты – бақша, егістік, ал кейбіреулер үшін аң аулайтын алқаптар тұғын".

Сонымен қатар, саясаткер өз естелігінде қаланың ішінде қайнап жатқан күйбең тіршілікті де суреттеп кетті.

"Шағын ғана, өзіндік ерекшелігі бар қала еді. Қонақтарға арналған орны бар базарлар, ұстаханалар, түрлі үйшаруашылық заттарын сататаын дүңгешектер, ұлттық тағамдар мен жаңа піскен наннан дәм татуға шақырған асханаларда өмір қайнап жататын", – деп жазды Қонаев.

Айдар Өрісбаев


Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: