Отбасылық зорлық-зомбылықты қалай ауыздықтаймыз

Отбасылық зорлық-зомбылық, әйел, дін, күйеу, психолог, сурет - Zakon.kz жаңалық 07.03.2023 10:36 Сурет: pexels
Жақында қазақстандық прокатқа шыққан «Бақыт» фильмі көпшілік көрерменнің көңілінен шықты. Отбасылық зорлық-зомбылық тақырыбын қозғайтын Асқар Ұзабаевтың туындысы қазақстандық кинематограф үшін өзіндік сенсация болды.

Алғаш рет кең отандық кинопрокатта әйелдердің отбасындағы зорлық-зомбылыққа ұшырау мәселесі барынша ашық, шынайы түрде көрсетілген.

Фильмді отбасылардағы зорлық-зомбылық мәселесі туралы Баян Алагөзованың өзіндік киноманифесті деп санауға болады. 7 жыл бұрын оны сол кездегі күйеуі Бақытбек Есентаевтың ұрып-соққаны туралы ақпарат қоғамды дүр сілкіндіргені жасырын емес. Сол кезде актрисаның өзі көптеген жылдар бойы күйеуінен психологиялық және физикалық зорлық-зомбылық көргені жайында егжей-тегжейлі айтып берген еді.

Авторлар картинаны "Қиын өмір туралы қарапайым әңгіме" теглайнымен ұсынады. Оның кейіпкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылық пен сүйіспеншіліксіз тіршіліктің қатал шеңберінен шығуға тырысады. Үш негізгі кейіпкер – күйеуі, әйелі және олардың ересек қызы біртіндеп жазалаушыға айналатын жәбірленушінің тағдырын көрсетеді.

Бұл туынды отандық кино үшін өзіндік жаңалық болды. Бұған дейін мұндай мәселелер тек шартты түрде, боямаланып көрсетілетін. Ал бұл фильмде қазіргі таңдағы өзекті мәселе барынша шынайы бейнеленген. Тек зорлық-зомбылық көріністері туралы ғана емес, жалпы провинциялық патриархалдық отбасылардағы қарым-қатынас жайы баяндалады.

Бүгінгі таңда елімізде отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі мемлекеттік деңгейде кеңінен талқыланып, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде белсенді түрде айтылып келеді. Дегенмен, қоғамда өткір тұрған мәселеде әлі де оң өзгеріс байқалмайды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда соңғы бес жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша құқық қорғау органдарына жүгінушілер саны үш есе артқан.

Мәселен, 2022 жылы органдарға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңға жуық хабарлама келіп түскен. Алайда, полиция олардың 60 пайызы бойынша жәбірленушілердің арыз беруден бас тартуына байланысты шара қолдана алмады.

Айтпақшы, фильмде полицияға қатысты бұл жағдай да керемет көрсетілген.

"Бастапқыда біз тек фестивальдермен шектелгіміз келді, алайда, кейіннен фильмді кинопрокатқа беру туралы шешім қабылдадық. Және картинаның прокатқа алынуын және оның көпшілік көрерменге жол тартуын жетістік деп санаймыз", – дейді Баян Алагөзова.

Авторлар фильмнің отбасылық зорлық-зомбылықпен күресу процесін жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізетініне сенімді. Дегенмен, ауқымы үлкен проблеманың жақын арада шешіле қоймайтынын мойындайды.

Бұл күрмеуі қиын, күрделі мәселенің себебі неде?

Психологтар бірнеше негізгі себепті алға тартады. Ең қарапайымдары –  ішімдікке, нашақорлыққа, құмар ойындарға тәуелділік, соның салдарынан туатын зорлық-зомбылық. Алайда, мамандар отбасылық жанжалдың көп жағдайда басқа да себептерден туындайтынын жеткізеді.

"Көбінесе біздің дағдарыс орталықтарына күйеуі дұрыс қарым-қатынас жасай алмайтын, жанжалды жағдайларды шеше алмайтын әйелдер келеді", – дейді психолог Салтанат Маусеитова. – "Жанжал – қалыпты жағдай, ол барлық отбасында болады. Ол біздің қарым-қатынас дағдыларымызды дамытуға, қарым-қатынастың жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік береді. Бірақ, көптеген адамдарда бұл функция жоқ. Дұрыс сөйлесе алмау, диалог құра алмау, кикілжіңді шеше алмау проблемаларды қол жұмсау арқылы шешуге итермелейді. Балалық шақта алған психологиялық жарақаттар да әсер етуі мүмкін – егер адам бала кезінде отбасының бір мүшесі екіншісіне күш қолданғанын көрген болса, бұл қылықты есейгенде қайталуы әбден мүмкін".

Әдетте, физикалық зорлық-зомбылықтың алдында психологиялық зорлық-зомбылық тұрады. Көптеген жанжалдар күйеуінің патологиялық қызғанышынан туындайды. Әйелі үнемі баламен үйде отырып, қызғануға ешбір себеп бермесе де осындай жағдайлар болуы мүмкін. Ондай күйеулер отбасының материалдық жағдайы төмен болғанына қарамастан, тіпті, әйелдеріне жұмыс істеуге тыйым салады. Мұндай жағдайлар діни тұрғыдан қалай бағаланады?

"Исламда күйеуі әйелінің барлық қажетін қанағаттандыруға міндетті – азық, киім, баспана және т.б. Бұл ретте мұсылман әйелдерге жұмыс істеуге, өзін-өзі дамытуға тыйым салатын бірде-бір ұйғарым жоқ. Сондықтан еркектің әйеліне бұлайша тыйым салуының ешбір діни негізі жоқ", – дейді сарапшы-дінтанушы Елнар Берікбаев.

Оның сөзінше, жалпы, қазір ислам және араб дәстүрлерінде үлкен шатасулар бар. Мәселен, ерекше радикалды діндар күйеулер әйелін никаб киюге мәжбүрлейтін жағдайлар бар. Құран да, сүннет те оны киюді бұйырмайды және мұсылман әйелдерге оны киюге міндеттемейді. Сәйкесінше, күйеудің әйеліне қысым жасауға және тұмшалап киінуге міндеттеуге құқығы жоқ. Никаб Сауд Арабиясында исламға дейінгі уақытта пайда болды. Никабтың бір ғана функциясы бар – бетті құмнан, шаңнан, жарық күн сәулесінен қорғау. Әр халықта тарихи оқиғалардың әсеріне, тұрғылықты жеріне, климатына, мәдениетіне байланысты қалыптасқан өзіндік дәстүрлері бар.

"Мұсылман болу әлі күнге дейін құмды дауылдан зардап шегетін арабтарға еліктеу дегенді білдірмейді. Ал тікелей физикалық зорлық-зомбылыққа келетін болсақ, бір нәрсені есте ұстаған жөн – Мұхаммед пайғамбар (с.а.с) ешқашан әйелдеріне қол көтермеген. Ал Алланың елшісіне еру – әрбір мұсылманның міндеті".Елнар Берікбаев

Жалпы, әйеліне зорлық-зомбылық көрсету ешбір дінде құпталмайтыны анық.


Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: