Алматы жасөспірімдері қандай кітап оқиды – сұхбат

кітапхана, сурет - Zakon.kz жаңалық 05.08.2022 14:15 Сурет: Zakon.kz
Бүгінде жасөспірімдер қандай кітап оқиды, таңдауы қандай? Zakon.kz тілшісі осы тақырыпта Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің басшысы Шарайна Құмаровамен сұхбаттасты.

– Жамбыл кітапханасына оқушылар қай жастан бастап келеді?

– Жасөспірімдер кітапханасы негізінен 14 жастан 21 жасқа дейінгі категория бойынша жұмыс істейді. Дегенмен кітапхана 21 жасқа дейін деп шектемейді. Жалпы 14 жастан жоғары барлық адам келе береді. Балаларға арналған кітап пен жасөспірімдердің кітабының ерекшелігі бар. Мысалы, 14 жасқа дейінгі бала кітап оқығанда көзі ауырмауы үшін шығармалар арнайы үлкенірек, анық көрінетін шрифтымен басылады. Кітаптағы әріптер баланың көзіне жақсы көрінетін әрі оқығанда ыңғайсыздық туғызбайтын болуы керек. Әлбетте кітапта суреттер, баланы қызықтыратын түстер мен кескіндер болғаны дұрыс.

– Жазғы уақытта оқырман саны азая ма?

– Жазда оқырманымыз сәл азаяды. Себебі мектептегілер демалысқа шығады, студенттердің біразы каникул деп, ауылына кетеді. Дегенмен жазда мектеп мұғалімдерінен тапсырыс көп келеді. Кітапхана болып балаларға кітап оқытуға барынша тырысамыз. Мектеп мұғалімдерімен үнемі байланыстамыз. Оларға әркез «Оқушыларға тапсырма беріңіздер, әдебиеттер тізімін ұсыныңыздар» дейміз. Тіпті кітаптар тізімін айтпаса да, «Кітапханаға жіберіңіздерші» деп сұраймыз. Бала кітапханаға келсе, оған оқитын кітапты өзіміз де қарастырамыз. Мектеп мұғалімдері оқушыларға жылда жазда оқитын кітаптар тізімін береді. Сондықтан дәл қазір, жазда мектеп оқушыларынан сұраныс жоғары болып тұр. Олар міндетті түрде тізіммен келеді. Осы жерде бір айта кететіні – қазақ мектептерінен онша сұраныс болмайды. Біразы орыс мектептерінен келеді. Соған сәл қынжыламыз.

Жамбыл кітапханасы, сурет - Zakon.kz жаңалық 05.08.2022 14:15

Сурет: Zakon.kz

– Кітапханаға келетін жасөспірімдер көбіне қай кітаптарды оқиды?

– Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы 14 жасқа толған балаларды қамтитын орта болғандықтан, мұнда оқушылар кітап оқуды жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» сияқты кітаптарынан бастайды. Сосын көбіне Сайын Мұратбековті, оның ішінде оның «Жабайы алма» повесі жасөспірімдер арасында танымал, жиі сұрайды. Сонымен бірге поэзияға қызығатын балалар болады. Оларға да қазақ ақындарының өлең жинақтары беріледі. Тек қазақ әдебиетін емес, шетел әдебиетін де насихаттаймыз. Қазір шетел әдебиетінің бұрынғы аудармаларын шығарып жатқандар жетеді, өздері аударып жатқандар да бар. Сол баспалардың кітабы бізде бар, жеткілікті көлемде. Жасөспірімдер қазақ әдебиетімен бірге шетел әдебиетімен де танысып, көкжиегін кеңейтуі керек.

– Кітапхана қорында қанша кітап бар? Жасөспірімдердің сұранысын қанағаттандыруға жеткілікті ме?

– Жасөспірімдер кітапханасының қорында шамамен 300 мыңдай кітап бар. Жасөспірімдер кітапханасына кітаппен қатар түрлі газет-журналдар әкелінеді. Оның ішінде балаларға арналған «Бала би», «Ақжелкен» журналдары, «Ұлан» газеті бар. Бұл басылымдарда балалар, жасөспірімдер арасындағы өнерлі, талантты, еңбекқор оқушыларды, жас та болса, жетістікке жеткен адамдардың өмірін көрсетеді. Бұдан бөлек Ресейден келетін салалық журналдар бар.

Келушілер модернизациядан өткен жаңа ғимаратымызға қызығып жатады. Дегенмен кітап қорымыз да қалыспайды, мұнда көбіне адамдар кітап оқу үшін, үйге алу үшін келеді. Оқырманды қаладағы басқа да кітапханаларға жібереміз, бірақ біразы «Іздегенімізді таппадық» деп бізге қайта келіп жатады. Себебі біздің кітапханада балаларға да, ересектерге де оқитын кітап, ертегі, журналдар, еңбектер жетеді. Студенттерге арналған салалық әдебиеттер де бар.

Жамбыл кітапханасы, сурет - Zakon.kz жаңалық 05.08.2022 14:15

Сурет: Zakon.kz

– Кітапханаға ата-аналар келе ме?

– Келеді, балаларын ертіп келеді. Өзіміздің де айтатынымыз сол – «Балаңызбен бірге келіңіз» дейміз. Ең аз дегенде кітапханаға күніне 5 ата-ана «Баламызды ертіп, барайық деп едік» деп хабарласады. Балаларының жасы біздің категорияға сай келмесе, балалар кітапханасына баруды ұсынамыз. Бірақ сонда да «Үйіміз жақын, сіздерге барамыз» деген ата-аналарды қабылдай береміз. Себебі ата-ананың құқығын шектей алмаймыз. Дегенмен олар келгенде кітаптардың шрифтын көрсетіп, балаға оқуға ыңғайсыз екенін айтып, ескертеміз. 

– Кітапханаға күніне жаңадан қанша оқырман жазылады?

– Кешегі күнді алып қарасақ, бір күнде кітапханамызға 111 оқырман жазылған. Ал жалпы жазғы уақытта күніне шамамен 200-ден аса адам келеді. Күзде оқу жылы басталғанда одан да көбейеді. Ол кезде күніне жазылатын оқырман саны 300-ге, ал жалпы келушілер саны 600-ге жетіп қалады.

Шарайна Құмарова, сурет - Zakon.kz жаңалық 05.08.2022 14:15

Сурет: Zakon.kz

– Баланы кітап оқуға баулу үшін сіздің ойыңызша не істеу керек? Қандай кеңес айтар едіңіз?

– Кітапхана тарапынан айтсам, ең бастысы – кітап алуға тұрақты қаражат бөлу. Кітап көбіне мемлекеттен беріледі, сосын осында өткен іс-шаралардан, баспалар мен авторлардан түседі, өздері қалдырады. Сонымен қатар мұғалімдермен, ата-аналармен көп жұмыс істейміз дедім ғой. Кітапханадағы түрлі шараға мұғалімдерді шақырып, балаларды ертіп келуін сұраймыз. Осындай тәсіл көбірек тиімді. Мектеп оқытушысы іс-шараға 20 оқушыны ертіп әкелсе, оның 10-15-і ертеңіне кітапханада отырады. Осылайша кітапханаға арнайы келетін балалар, жасөспірімдер көбейе береді.

– Кітапты үйге алып оқуға бола ма?

– Тек көркем әдебиет жанрындағы кітаптар үйге 15 күнге беріледі. Ол үшін қаладағы тұрғылықты мекенжай анықтамаңызды көрсетуіңіз керек.

Жамбыл кітапханасы, сурет - Zakon.kz жаңалық 05.08.2022 14:15

Сурет: Zakon.kz

– Қазақ тілінде оқитын оқырман көп пе?

– Әрине, қазақша кітап оқитын адам көп. Оған кітап қоры да жеткілікті. Оның үстіне кейінгі уақытта қазақ оқырманы көбейіп жатыр. Дегенмен қазақша кітаптар әлі де көбірек шыға берсе екен дейміз. Қазір қордағы кітаптың 90%-ы қазақша кітап деп айтуға болады. Оған қоса орысша, түрікше, ағылшынша, немісше, французша, арабша және тағы басқа кітаптар да бар. Мысалы, Абайдың, Жамбылдың, Мұхтар Әуезовтің кітаптарының өзі біраз тілге аударылған. Олар бізде бар.

– Балалар арнайы тізіммен келеді дедіңіз. Сол тізімде қандай кітаптар көп кездеседі?

– Ол тізімде көбіне мектепте келесі жылы оқитын ақын-жазушылардың шығармалары болады. Негізінен 12-13 жастан бастап «Менің атым Қожа», «Жусан иісі», «Жабайы алма» сияқты кітаптарды оқуға ұсынамыз. Сонымен қатар әлем балалар әдебиеті сериясынан кез келген шығарманы оқуға береміз.

Шарайна Құмарова, сурет - Zakon.kz жаңалық 05.08.2022 14:15

Сурет: Zakon.kz

Жасөспірімдерге оқуға ұсынылатын кітаптар:

  • «Менің атым Қожа», «Он алты жасар чемпион» – Бердібек Соқпақбаев

  • «Жабайы алма», «Жусан иісі», «Ескек жел», «Басында Үшқараның» – Cайын Мұратбеков

  • Ханс Андерсеннің таңдамалы ертегілері

  • Шарль Перро – «Ағайынды Гриммдер» ертегісі

  •  «Шұғаның белгісі» – Бейімбет Майлин

  • Д.Фенимор Купердің Шытырман оқиғалар және фантастикасы

  • Корней Чукоский – «Доктор Айболит»

  • Ромен Роллан – «Жан Кристоф» шығармасы

  • Иван Тургенев – «Бөдене бирүк шалғын»

  • Ги де Мопассан – «Бес әңгіме» және тағы басқа 

– Жасөспірімдердің кітап оқуы неліктен маңызды?

– Әрине, жасөспірімдер кітапты әуелі өздерінің болашағы үшін оқуы керек. Бала ең бірінші 13-14 жасқа дейін Бегалин атындағы балалар кітапханасына барады. Оны алғаш кітапқа баулу сол кезде басталады. Сосын бала өсіп, «Кім боламын?», «Ол үшін не оқимын?» деген сауалдармен бізге келеді, ізденеді. Тіпті кітапханаға келмеген бала болса да, біз мектептерге барып, шара ұйымдастыратын кездеріміз де болады. Кітапхана туралы мектептің өзінде отырып та, танысуына мүмкіндік жасаймыз.

Жамбыл кітапханасы, сурет - Zakon.kz жаңалық 05.08.2022 14:15

Сурет: Zakon.kz

Қазіргі балалардың ой-өрісі дамыған, жетілген, өзінің немен айналысатынын ойлайды. Оларға әуелі кітапхана қорын таныстырып, қай жерде қандай кітаптар тұрғанын айтып, ерік береміз. Әрі қарай өздері аралап, қарап, таңдайды. Біздің бергенімізді ғана оқиды деген нәрсе жоқ. Жасөспірімнің де талғамы әрқалай. Оқырманға қашан да ерік беру керек. Кітап таңдауда болсын, қалай оқып, қалай отыруда болсын. Тек жасөспірімдерге бағыт-бағдар беріп отырамыз. Айтпақшы, бізде мотивациялық кітаптар да бар. Оқушылар сұрайды.

Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы жазда дүйсенді-cенбі аралығында сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Жексенбі – демалыс. Ал оқу жылы басталғанда 9.00-ден 22.00-ге дейін демалыссыз ашық.

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: