Жаңалықтар тізбегі
0

Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Бесқарағай ауданының әкімі Талғат Мұратовпен сұхбат

Талғат Мұратов сұхбат берді, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.12.2022 15:12 Сурет: gov.kz
Тәуелсіздік күні – халқымыз, ұлтымыз үшін ең қастерлі де қасиетті мереке. Әрі өткеніміз бен бүгінімізді саралап, болашағымызды бағамдайтын, оң-солымызды түгендейтін уақыт межесі, деп ойын жеткізді Абай облысы, Бесқарағай ауданының әкімі Талғат Мұратов.

Бұл мерзім тарихи тұрғыдан алып қарағанда көп уақыт емес. Бірақ осы бір қысқа мерзімге қарамастан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық-әлеуметтік және саяси қиыншылықтарды еңсере білген қазақ елі әлем мойындаған мемлекеттер қатарына қосылды. Еліміздің саяси өмірі жаңартылып, түбегейлі өзгерістер жасалды. Мемлекеттіліктің барлық институттары құрылып, экономикамыз нарықтық жолға түсті. Халықтың әл-ауқаты жаңа деңгейге көтерілді. Мемлекеттік шекарамыз айқындалып, елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі қамтамасыз етілді. Қазақстан әлемде тұңғыш рет ядролық қарудан бас тартып, Семей сынақ полигоны жабылды. Осы бір батыл қадамның нәтижесінде мемлекетіміздің тәуелсіздігінің қауіпсіздігіне әлемнің іргелі мемлекеттері кепілдік берді. 

Әлем елдерімен терезесі тең тәуелсіз мемлекетіміз құрылып, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы ұлы арманы мен мақсаты орындалды. Ұлттық бірлік пен қоғамдық келісім қазақстандықтар үшін баға жетпес құндылық қана емес, күнделікті өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналды. Бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық жағдайында Қазақстан жылдам қарқынмен әлемдегі алдыңғы қатарлы жетекші елдердің қатарына қосылып келеді.

Қазақстан әлем алдында өзін экономикалық дамыған, саяси тұрақты мемлекет ретінде таныта білді. Осы жетістігімізбен біз мақтана аламыз. «Тарихи тамыры тереңге кеткен Қазақстан үшін бұдан артық құндылық жоқ. Бұл - аса бағалы қазына, аса киелі жетістік. Сол үшін ата-бабамыз аңсап кеткен тәуелсіздік біз үшін өте қымбат. Егемендік – әрбір халықтың талайына бұйыра бермейтін бақыт, - деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ел дамуына әрбір аудан, әр ауыл өз үлесін қосуда. Тәуелсіздік күніне орай Абай облысы Бесқарағай ауданының әкімі Талғат Мұратовпен сұхбаттасып, Бесқарағайдың бүгіні мен болашағы жайлы сөз қозғадық. 

- Талғат Батырұлы, мемлекет басшысы білім саласына, дарынды оқушыларға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Ел болашағы білімді, тәрбиелі жас ұрпақтың қолында екені даусыз. Аудан мектептеріндегі білім сапасы қандай деңгейде? 

- Тәуелсіздігімізді енді алған қысылтаяң шақтарда  алғашқы күннен-ақ Қазақстанда білікті мамандар даярлау мен білім саласын әлемдік стандарттарға сай реформалау мәселесіне баса назар аударылады. Халқымыздың “Білекті – бірді, білімді – мыңды жығады” деген ұлағатты сөзін, білімнің шындығында да баға жетпес үлкен рухани қару екендігін терең түсінеміз. 

Тәуелсіздік жылдарынан бері ауданда 44 кабинет модификацияланды, оның ішінде 16 физика кабинеті, 15 химия кабинеті, 13 биология кабинеті бар. Мектептерді IT-сыныптармен  кезең – кезеңімен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді.  2018 жылы 6 мектеп, 2022 жылы 21 мектепте IT-сыныптар ашылды. Сондай-ақ оқушыларды тасымалдау үшін 13 техника бар.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық білім беру ұйымдарында бейнебақылау жүйелері орнатылып, дәретханалармен қамтамасыз етілген.

Аудандағы ұстаздар құрамының білім деңгейі едәуір артты. Егер 1991 жылы мұғалімдердің 66 пайызы жоғары білімді болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 90 пайызды құрады. Сонымен қатар барлық санаттағы мұғалімдердің үлесі де артып келеді.

Тәуелсіздік жылдарында ауданымыздың дарынды балалары республикалық деңгейде өңіріміздің беделін көтерді. Математика, физика, химия, биология, информатика, география пәндерінен халықаралық олимпиадалар мен зияткерлік сайыстарға қатысып, жүлделі оралды. 

Жыл сайын зияткерлік олимпиадалардың, аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық байқаулар жүлдегерлерінің саны артып келеді. Мектеп оқушылары «Тұлпар», «Малахит», «Кенгуру», «Золотое руно», «Пони», «ЧИП», «Лидер» сияқты зияткерлік сайыстарда алдыңғы қатардан көрініп жүр. Бесқарағай ауданы мектептерінің түлектері ішінен 10 түлек ғылым кандидаты мен докторы атағына ие болды.

Оқушылардың IT білімін қалыптастыру мақсатында ауданның барлық мектептерінде «Болашақ мамандары» жобалары енгізілді. Жоба аясында оқушылар электроника, мехатроника, робототехника, бағдарламалау, интернет-заттардың CAD инженерлік дизайны, толықтырылған шынайылық, 3D-модельдеу бағыттары бойынша білім алады. 

«Менің мектебім» акциясы аясында ауданның 21 мектебіне құрал-жабдықтар сатып алу үшін облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Пән кабинеттеріне арналған панельдердің активі қосымша орнатылды. IT сыныптары жиһазбен және сынып жұмысы үшін тиісті компоненттермен жабдықталған.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», – деген болатын. Биылғы жылдың жаңалығы ретінде Жыланды мектебі іске қосылды. Заманауи үлгімен бой көтерген ғимарат 100 оқушыға арналған, қазіргі таңда бұл мектепте 69 оқушы білім алатын болады.  Жаңа ғимарат салынғанға дейін Жыланды негізгі мектебінің балалары 1974 жылы іргетасы қаланған ескі ғимаратта оқыған болатын. Екі қабатты жаңа мектеп кең, жарық әрі жайлы. Үлкен спорт залы бар, сынып бөлмелері заманауи талаптарға сай жабдықталған, ғылыми-зерттеу жұмыстарын, зертханалық тәжірибе жүргізуге арналған құралдар да бар, яғни жас ұрпақтың алаңсыз білім алуына жағдай жасалған.

Мектептен тыс уақытта балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында Балалардың шығармашылық үйі жұмыс істейді. Мұнда оқушылар сәндік – қолданбалы өнер, хореография; ұлттық спорт түрлері (қазақша күрес, тоғыз құмалақ) және бейнелеу өнері үйірмелеріне қатысады. 

Аудан орталығы Бесқарағай ауылында шығармашылық сабақтар өткізуге арналған арнайы кабинеттері бар ғимарат бар. Ауылдық округтерде үйірмелер мектептерде өтеді. 

Балалар мектептен тыс уақытта аудандық және облыстық іс-шараларға, байқаулар мен жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. 

- Тәуелсіздік жылдарынан бері Бесқарағай ауданында өнер мен мәдениеттің дамуына шолу жасап өтсек? 

- Бесқарағай ауданының өнер мектебі 1976 жылы ашылды. Мектептің қызметі Пионерлер үйі жанындағы музыкалық үйірмеден басталған екен. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін білім ошағы дербес қосымша білім беру мекемесіне айналған. 

Өнер мектебінде қазіргі күні 165 балаға 14 педагог білім беруде. Мұнда балалар музыкалық білім алып, композиторлардың шығармашылығын зерттеп, домбыра, фортепиано, баян, қобыз сияқты музыкалық аспаптарда ойнау негіздерін меңгеріп, вокал мен бейнелеу өнерінен дәріс алады.

Мектепте домбыра және қобыз сыныптары ашылды. Мұнда қазақ халық аспаптарының хоры мен ансамблі бар. Тәрбиеленушілер бірнеше мәрте облыстық, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты атанды. 

Хормейстер, вокал бойынша жоғары санатты педагог Жанна Мұқтарқызы Сапарбекованың жетекшілігімен 2000 жылы хор құрылды. 2004 жылдан бастап Балалар өнер мектебінің хоры әр жылдары облыстық, республикалық және халықаралық конкурстарда жүлделі орындарға ие болды. Басқасын айтпағанда 2020 жылы Балалар өнер мектебінің хоры Ресейдің Санкт-Петербург қаласында онлайн өткен байқауға қатысып, 2 орынды иеленіп, байқаудың лауреаты атанды. Балалардың шығармашылығын білікті қазылар алқасы, Париж жоғары ұлттық консерваториясының профессоры, Михайловский театрының солисті В.А. Романов бағалады.

Мектептегі Халық аспаптар ансамблі 2013 жылы құрылған. Жетекшісі - Аманғайша Тұрысбекқызы Қалиева. Дарынды ұстаз балаларды оқытуда креативті әдістерді қолданады. 2013 жылы Халық аспаптар ансамблі Латиф Хамиди атындағы республикалық байқауда І орынды жеңіп алса, 2017 жылы Латиф Хамиди атындағы халықаралық конкурста ІІ орынды иеленді. Жыл сайын өнер мектебіміздің тұлектері жоғары оқу орындарына оқуға түседі. 

Аудандық Мәдениет үйі – өңірдегі негізгі мәдениет мекемесі. Бұл рухани демалуға арналған орын ғана емес, сонымен қатар білім беру, балалар мен жастардың шығармашылық қабілеттерін дамыту орталығы. Бүгінде аудандық Мәдениет үйінде сегіз шығармашылық ұжым жұмыс істейді, олардың екеуі «Халықтық» және «Үлгілі» атағына ие. Шығармашылық ұжымдар үнемі даму үстінде, хореография мен вокалға жаңа, заманауи бағыттарды енгізуде.

30 жылдан астам уақыт бұрын Өнер мектебі жанынан вокалдық-аспаптық ансамбль және «Экситон» халықтық би ансамблі құрылды. Ансамбльдің би репертуарында «Жанданған суреттер», «Таңертеңгі гүлдер», «Мысыр перғауындары», «Испан дыбыстары», «Африкалық ырғақтар», «Сиртаки», «Тайланд» және басқа да би түрлері бар. «Экситон» халықтық би ансамблі және «Чародеи» үлгілі би ансамблі республикалық, облыстық конкурстар мен фестивальдердің бірнеше дүркін лауреаттары екенін мақтанышпен айта аламыз. Аудандық мәдениет үйінің әртістері де марапаттардан құр алақан емес. 

1992 жылы Беген ауылында осы ауылдың тумасы, дарынды режиссер, педагог, көптеген фестивальдардың лауреаты Болат Қамзиннің қолдауымен көркемөнерпаздар үйірмесі ұйымдастырылды. Режиссер дарынды жастарды жинап, С.Шаймерденовтің «Алтын табақтағы жылан» комедиясын сахналады. Көркемөнерпаздар ұжымының сауатты режиссурасы мен жарқын қойылымы жоғары бағаланып, команданың біріккен жұмысының нәтижесінде ұжым «Халық театры» атағына ие болды. Болат Қамзин Бесқарағай ауданымен әлі де мәдени байланыста. 

Тәуелсіздік жылдары режиссер жерлестердің қатысуымен тағы бірнеше театр қойылымдарын қойды. Б.Момышұлы мен М.Ғабдуллиннің «Жас қазақ», «Нұрлыбек ақын», «Қыз Жібек», «Еңлік – Кебек», «Кестелі орамал», «Шаңырақ шаттығы», «Өлімді жеңген ана», «Абай ауылындағы той» шығармаларына спектакльдері сахналанды.

- Аудандағы кітапханалардың жай-күйі қалай? Оқырмандар саны азайып кеткен жоқ па?

– Бесқарағай аудандық орталық кітапханасы ақпараттық, білім беру және мәдени орталық ретінде белсенді даму үстінде. Өңірімізде 19 кітапхана жұмыс істейді: біреуі  аудандық және он сегізі ауылдық. Аудандық кітапхана қорының құрамына 35 мыңнан астам кітап, 45 түрлі журналдар және  аудио материалдар кіреді.

Жыл сайын кітапханалар жүйесі 8110 оқырманға, оның ішінде 2588 виртуалды оқырманға қызмет көрсетеді. Келушілер саны 136 268 адамды құрап отыр.

Ауданның барлық кітапханалары компьютерлермен қамтамасыз етіліп, интернетке қосылған, әлеуметтік желілерде жұмыс жүргізілуде. 2018 жылы аудандық кітапханада «Сoworking center – Bilim ortalygy» ашылды. Орталық есігі барлық жастағы тұрғындарға ашық. Балалар үстел ойындарын ойнап, кітап оқып, топтарда жұмыс істеп, ересектер компьютерлер мен интернетті пайдаланып, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы арқылы қызмет ала алады. Мұнда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, «Балалар жылы», «Бір ел – бір кітап» акциясы шеңберінде көптеген іс-шаралар өтті. Оқырмандарды электрондық үкімет порталын пайдалануға үйрету мақсатында тренингтер де ұйымдастырылады. Осы мақсатта мемлекеттік қызметтерді алу үшін өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы ашылды. Кітапханалар жүйесі іс-шаралар жоспарына сәйкес аудан мектептерінің тәрбие-білім беру орталықтарымен, аудандық Достық үйімен, Жастар ресурстық орталығымен, ауылдық округтердің ардагерлер кеңестерімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді. 

- Бесқарағай - көпұлтты аудан. Өңірде мемлекеттік тілді қолдау, дамыту мәселесі шешімін қалай табуда? 

- Бесқарағайда бүгінде 28 ұлт өкілі тұрады. 2008 жылы өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді үйрету мақсатында «Бесқарағай ауданының тілдерді оқыту орталығы» КММ Бесқарағай аудандық әкімдігінің Қаулысы негізінде құрылды. 

Оқыту орталығы ауданда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде озық технологияларды қолданады. Мемлекеттік және ағылшын тілдері өзге ұлт өкілдеріне арнайы бағдарламалар арқылы, А1, А2, В1 деңгейлері бойынша оқытылады. Оқу - әдістемелік база компьютерлермен, ноутбуктермен, интерактивті тақта, планшеттермен жабдықталған. Жыл сайын Ш.Шаяхметов республикалық-үйлестіру орталығы мен «ҚАЗТЕСТ» ұлттық тестілеу орталығының әдістемелік құралдарымен толықтырылуда.

2021-2022 жылдары аралығында Тілдерді оқыту орталығының базасына мемлекеттік тілді оқуға тартылғандардың саны 232 тыңдаушыны құрады. Оның ішінде мемлекеттік қызметшілер – 11 адам, бюджеттік сала қызметкерлері – 221 адам.

Орталық жұмысы әрі қарай да жалғасын таба береді. 

- Бесқарағай ауданындағы түрлі ұлттар мен этностардың басын біріктіруде, халыққа өзара бауырмалдылыққа шақыруда Достық үйінің алатын орны ерекше. Аудандағы Достық үйінің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы айтып берсеңіз? 

- Біз дамыған елдердің тәжірибесінен үйренетініміз белгілі, бірақ олардың да біздің тәжірибемізден үйренетін тұстары бар екенін айтқым келеді. Этносаралық және конфессияаралық толеранттылық пен келісімнің қазақстандық үлгісінің құндылығы  қазір бүкіл әлемде мойындалып отыр. Бұл жетістіктер бірегей институт - Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің нәтижесі!

Біздің ауданымызда 28 ұлт өкілдері тұрады. Әртүрлі этно-мәдени бірлестіктер құрылып, барлығы бір шаңырақ астында тату – тәтті, ынтымақтастықта, бірлікте өмір сүруде.А уданда тұратын барлық этностар арасындағы конфессияаралық және ұлтаралық тұрақтылықты, бейбітшілікті, келісім мен өзара түсіністікті сақтау мен нығайту мақсатында аудандағы Достық үйі 2011 жылы Бесқарағай аудандық әкімдігінің Қаулысы негізінде құрылды. Осы мақсаттарды жүзеге асыруда Достық үйі жанынан құрылған этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық институттардың рөлі зор. Достық үйінің қоғамдық қызметі Елбасымыздың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз байланысты. 

 Қазіргі уақытта Достық үйінде 4 аудандық этномәдени бірлестік белсенді жұмыс істейді, оның құрамына 4 шығармашылық ұжым кіреді: Қазақ бірлестігі, «Асыл Әжелер» және «Tumar-ai» шығармашылық ұжымдары, «Воскресение» вокалдық тобы бар славян этномәдени бірлестігі, «Башкуль юлдузлары» би тобы бар татар этномәдени бірлестігі, неміс этномәдени бірлестігі, аз санды Әзірбайжан диаспорасы, сондай-ақ Қоғамдық келісім кеңесі, отбасындағы толеранттық тәрбие мәселелері жөніндегі Аналар кеңесі және «ДосStar» жастар клубы.

Достық үйі осы этномәдени бірлестіктермен бірге ауданда тұратын 28 түрлі ұлт өкілдері арасында достық пен өзара түсіністікті сақтауға бағытталған бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырып, аудан тұрғындарының көңілдерінен шығуда. 

Этномәдени бірлестіктердің жұмысы ауқымды мемлекеттік бағдарламаларды - Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын, «Рухани жаңғыру», «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын, ұлттық бірлік Доктринасын, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын, Қазақстан халқы Ассамблеясы іске асыруға бағытталған.

Түркі халықтарының «Наурыз» мейрамымымен қатар ауданымызда «Масленица», «Сабантой», католик және православие Пасхасы, Рождество сияқты басқа да ежелгі және діни мерекелерді атап өту дәстүрге айналған.

Этномәдени бірлестіктер мүшелерінің тілектерін ескере отырып, Достық үйі жыл сайын Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» аудандық фестивалін, «Романс тебіреністі дыбыстар» орыс романс кешін және өзге де байқауларды жүйелі түрде өткізіп келеді.  

«Алтын бауырсақ» фестивалі, Аналар кеңесінің «Ақ орамал» акциясы, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының шараларын аудан тұрғындары жылы қабылдап, белсенді қатысуда. 

Осы орайда шекаралық ынтымақтастықты дамыту және нығайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өткім келіп тұр. Алтай өлкесінің Михайлов және Павлодар облысының Лебяжі аудандарымен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды. Ауданда Ресей делегациясының, сондай-ақ Алтай өлкесіндегі «Наурыз мейрамы» мерекесінде Бесқарағай ауданы делегациясының қатысуымен бірқатар іс-шаралар, «Достық гүл шоқтары» акциясы шеңберінде бірлескен Гала-концерт ұйымдастырылды. 

Достық үйінің ынтымақтастық географиясы кең. Германияда, Татарстанда, Ресейде тұратын ауданның тумаларымен мәдени байланыстар орнатылды. 

Жерлестеріміздің көмегімен Достық үйінің ғимаратында қазақ киіз үйі мен славян үйінің стилінде безендіріліп, түрлі көне тұрмыстық заттар мен керек-жарақтар жинақталған ұлттық бөлмелер экспонаттармен толықтырылып отырады. Ұлттық бөлмелер ауданның қонақтары жиі келетін орындардың бірі. 

Этномәдени бірлестіктердің мүшелері - белсенді азаматтық ұстанымы бар, түрлі диалог алаңдарында пікір білдіріп, БАҚ-та өз ойларын жариялайтын белсенді спикерлер. Олардың адал еңбегі мен ынта-жігерінің арқасында Бесқарағай ауданының Достық үйі облыс бойынша көш бастап тұр

- Шошқалы көлі - тек Бесқарағай ауданының тұрғындары үшін ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен және Ресейдің көрші аймақтарынан келетін туристердің ең сүйікті демалыс орындарының бірі. Шошқалы көлінің бүгінгі туристік ахуалы қандай?

- Туризм бүкіл әлемде табысы жоғары салалардың бірі болып саналады. Табиғаты тамылжыған киелі Бесқарағай ауданы - туристерді тартуға қолайлы өңір. Егемендік алғаннан кейін ауданымызда осы саланы дамтуға аз көңіл бөлінген жоқ. Соның бірі – емдік қасиеттерімен танымал Шошқалы көлі. Табиғаттың бұл әсем бөлігі тұздың көп мөлшерде шоғырлануымен ерекшеленеді. Көл емдік балшықтарға бай және тұз құрамы жағынан Израильдегі әлемге әйгілі Өлі теңізден кем түспейді.

Шошқалы суы сыртқы бальнеологиялық суларға жатады. Бұл түрдегі суды жүйке жүйесінің, қан айналымының, тыныс алу және ас қорыту органдарының, эндокриндік және генитурарлық жүйелердің, терінің ауруларын емдеу үшін сырттан қолдануға болады. Мамандардың пікірінше, Шошқалы көлі болашақта Қазақстандағы танымал демалыс орындарының біріне айналады.

Аудан тұрғындары тұзды «Шошқалы» көлін «Бесқарағай маржаны» деп те атайды. Жыл сайын аудан жастары суға шомылу маусымы кезінде жағалауды тазарту бойынша экологиялық акциялар, абаттандыру бойынша іс-шаралар өткізеді.

Сонымен қатар емдік қасиеті бар судан бөлек көлдің маңындағы табиғаттың әсем көрінісі көз тартады. Туристер демалыс күндері жағажайға жаппай келеді. Жағажай аймағы жалға берілетін ағаш үйлермен, үстелдері мен орындықтары бар жабық күркелермен жабдықталған, барбекю орнатылған, катамаран велосипедімен серуендеу ұйымдастырылған. Таза ауа, шомылуға арналған судың оңтайлы температурасы, қарағай орманы, қала шуынан алыс қашықтық демалыс аймағының тартымдылығын арттыра түседі.

Шошқалы көлі демалушылардың тән жарасы емдеп қана қоймай, жақсы көңіл-күй мен күш-қуат сыйлайды.

Ауданымыздың туризмін дамыту мақсатында Шошқалы көлінің инфрақұрылымын жаңа заманға сай етіп жабдықтау үшін  бірқатар кәсіпкерлеріміз өз үлестерін қосуға ниеттерін білдіруде. Жаңа форматта электр желісін орнату, жолды ретке келтіру сияқты бірқатар мәселелердің шешуді жоспарлап отырмыз. Көлге демалуға келген әрбір демалушылар үшін жағдайдың болғаны маңызды. Осы бағытта жұмыстар жандандырамыз.

- Талғат Батырұлы, ауданда жастарды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Жастарды қолдау мақсатында қандай жобалар жоспарланып отыр? 

- Елімізде мемлекет тарапынан жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Елбасының үнемі жастарды қолдап, жастар саясатын дамыту туралы ойларымен бөлісіп отырады. Жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында жастар саясатын жетілдіру бойынша іргелі тапсырмалар беріп, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында жастар орталықтарын ашу туралы тапсырмалар берді.

 2013 жылдан бері ауданда жастарды және жастар ұйымдарын қолдау және дамыту мақсатында ашылған «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызмет көрсетеді. 

Бүгінгі күні Бесқарағай ауданында 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың жалпы саны 3195 адамды құрайды. Бесқарағай ауданы әкімдігінің қаулысымен өңір жастарының нақты проблемаларын шешуге бағытталған Жастар кеңесі құрылды. Сондай – ақ аудандық деңгейде жастар кадрлық резерві жасақталды. Сонымен қатар орталықта «Болашақ» жастар вокалды үйірмесі, «Беген» жастар театры жұмыс істейді. Жыл сайын аудан әкімінің қолдауымен «Жасыл ел» еңбек жасақтары құрылып, ауданды абаттандыруға өз үлестерін қосады. 

Бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, Жастар ресурстық орталығы өңірдегі белсенді жастардың басын қосып, дебаттар, дөңгелек үстелдер, қайырымдылық және экологиялық акциялар, спорттық жарыстар, марафондар өткізіп тұрады. Олар өңірлік, республикалық және халықаралық іс-шараларға қатысып, өздерін дамытып, көшбасшылық қабілеттерін шыңдауда.

Жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру және жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында ресурстық орталық кәсіпкерлік палатасымен, жұмыспен қамту орталығымен және ауылдық округ әкімдерімен тығыз байланыста жұмыс істеуде. 

Жыл сайын «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында ауданымыздың волонтерлері жалғызбасты қарттар мен тыл еңбеккерлеріне, мүмкіндігі шектеулі адамдарға аула аумақтарын қардан тазартуға көмек көрсетеді. Пандемия жағдайында еріктілер халықтың әлеуметтік осал топтарына дайындалған бетперделерді, ақпараттық брошюраларды, газеттердің арнайы шығарылымдарын, азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді үйлеріне дейін жеткізіп берді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсету жыл бойына жалғасады. 

Сонымен қатар, ауылдық округтерде тұрақты негізде «Арман ағашы», «Birgemiz saýlyq», «Қауіпсіз аудан», «Жан жылуы», «Besqaraı - taza aýda» акциялары, «Жақсылық жасаудан жарысайық» эстафетасы, «Мың алғыс», «BizBirgemiz», «Мейірімді жан», «Жылулық сыйла» қайырымдылық акциялары өтеді. 

Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Бесқарағай ауылында дене шынықтыру – сауықтыру кешені салынды. Аудан бойынша 10 футбол алаңы, 1 стадион, 5 воркаут алаңы ашылып, халық игілігіне берілді. Оқушыларды қазақ күресі, еркін күрес, жеңіл атлетика, волейбол, футбол және ITF таэквандо секілді спорт түрлеріне баулитын балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері көптеген халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық турнирлер мен чемпионаттарда топ жарып, жүлделі орындарға ие болып жүр. 

- Талғат Батырұлы, өтінішімізді қабыл алып, алтын уақыңызды бөліп сұхбат бергеніңізге көп рақмет. Бесқарағай ауданы өркендей берсін! 

- Әрине, Тәуелсіздік жылдарынан бері ауданымызда болған өзгерістер мен жетістіктерді бір сұхбатқа сыйдыру мүмкін емес. Дегенмен маңыздыларына тоқталып өттік. Алда атқарылар жұмыстар ауқымды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жақын болу туралы тапсырмасын орындай отырып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауылдарда да қаладағыдай жайлы жағдай жасау мақсатында табанды еңбек ететін боламыз. Алдымызда – жолдарды жөндеу, инфрақұрылымды жақсарту, жұмыс орындарын көбейту, кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді жалғастыру, ауыл шаруашылығын дамыту, өндіріс орындарын ашу секілді міндеттер тұр. 

Бүгінгі таңда еліміздің жеткен жетістіктерін отандастарымыз жақсы біледі. Тарихи тұрғыдан отыз бір жыл көп уақыт емес. Дегенмен аз деп те айта алмаймыз. Қазір Тәуелсіздік құрдастары орда бұзар жастан асты. Алдағы он жылдықта еліміз дамудың даңғыл жолына түсіп, қарыштап дамиды деп сенемін. Бұған әрбіріміз белсенді азаматтық ұстаным танытып, өз үлесімізді қосуымыз керек. 


Сұхбаттасқан Ерболат Рахметулин

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: