Елорданың дамуына масондардың қатысы бар ма — басқарма басшысы жауап берді

Нұр-Сұлтан сәулеті, масондар, қала келбеті, өзгеріс , сурет - Zakon.kz жаңалық 29.12.2021 15:54 Сурет: facebook.com/saulet2019
Нұр-Сұлтан қаласының сәулеті, мегаполистегі геоақпарат орталығының мүмкіндіктері туралы Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Телманұлы әңгімелеп берді, деп хабарлайды Zakon.kz

Нұр-Сұлтан қаласының келбеті алдағы 5 жылда қалай өзгеруі мүмкін?

— Қаламыз бас жоспарға сәйкес дамуда. Жаңа бас жоспар халықтың қазіргі өсіміне байланысты әзірленуде. Үкімет қаулысымен қабылданған бас жоспарда 2030 жылға қарай елорда тұрғындары 1,2 млн болатыны қарастырылған еді. Алайда бұл көрсеткішке тұрғындар саны 10 жыл бұрын жетті. Инженерлік желілер, жолдар, әлеуметтік нысандар осындай көлемге есептелмеген. Сондықтан да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Айта кетейін, қала өзінің шекарасы аумағында дамитын болады. Елордамыздың даму бағыты әлдеқашан белгіленіп қойған. Басты мақсатымыз «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында қаланы тұрғындар мен жаяу жүргіншілер үшін жайлы ету. Мастер-жоспардың пилоттық жобасы 2020-2025 жылдарға арналған абаттандыру бағдарламасы. Бүгінде қаланың орталығындағы көшелер, орталық алаң абаттандырылса, келесі кезең бойынша «Евразия» ауданы көшелерінің алаңы абаттандырылып, жаяу жүргіншілер мен велосипедке арналған арнайы жол салу көзделген. Яғни халықтың жүріп-тұруына жағдай жасалады. Сонымен қатар, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстары жалғасады. Бірнеше спорт кешендері салынады. Қазір екі автомобиль көпірінің құрылысы жүріп жатыр, келесі жылы тағы 16 мектеп салу жоспарлануда.

Астанамыз масондық бейнелердің орталығы, масондық қала деп айтып жатады? Масондық белгілердің барын жоққа шығармайтын шығарсыз? Әлде ол кездейсоқтық па?

— Кейде адамдар қастандық теориясына иек артып жатады. Елорда дамуында масондардың қатысы бар деген дәлелді естімеппін. Еліміздің астанасы бас жоспарға сәйкес дамыды, өсті. Өзіңіз білетіндей, Астананың бас жоспарымен танымал жапон сәулетшісі Кисе Курокава жұмыс істеді. Көптеген ғимараттар мен құрылыстарды сәулетші Норман Фостер жобалаған. Жылдар бойы көптеген ерекше ғимараттар мен сәулет туындылары салынды.

Астанаға келгеніңізге 3 жылдан асты, осы аралықта жылдар бойы қордаланған қандай мәселелер шешімін тапты?

— Басты жетістіктеріміздің бірі — мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта ұсыну. Яғни, бұрын тұрғындар құрылыс құжаттарын мақұлдауға уақыт жұмсайтын, ал бүгінде оны үйде отырып Egov cайты арқылы жасауға болады. Мерзімі өтіп кеткен өтінімдер жоқ, сәйкесінше бұл басқармамыздың өнімділіктің көрсеткішінен (KPI) көруге болады. Тағы бір ауқымды жоба — Нұр-Сұлтан қаласының геоақпараттық орталығы. Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармамызда пилоттық режимде пайдаланып отырмыз. Жаңа технология ғимараттардың зияткерлік жобаларын жасауға, құрылыстарды салу мен пайдалануды бақылауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ ғимараттардың цифрлық моделін жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа демалыс орындары, спорт алаңдары көбейді. Сонымен қатар, тағы бір маңызды жоба – елорданың бас жоспарын әзірлеу жұмыстары. Сонымен қатар, инфрақұрылым мәселесі де бар. Қаламыз қанша жылдан бері пештің түтінінен зардап шегіп келеді. Осыған байланысты Елбасының астанаға газ тарту туралы шешімі бастамасы өте маңызды жоба болды. Осының арқасында қаланың ауасы жақсарып келеді. Ал ЖЭО-3-те газ қазандықтары болады. Сонымен қатар қалада қосымша тазарту құрылыстары, сорғы станциялары салынуда.

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: