Қазақ қызы "сварщиктер" жарысында 500 жігітті қапы қалдырды

sputniknews.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.01.2018 16:35 sputniknews.kz
Моңғолияда тұратын Мейрамгүл есімді қазақ қызы ерекше мамандықты игерген. Отбасы түгел атажұртқа көшкенде белгілі бір себептермен моңғол жерінде қалған ол, қазір сол жақтағы ең мықты дәнекерлеушінің бірі.

Жаңа жыл қарсаңында үйге келген қонақтардан Моңғолияда тұратын дәнекерлеуші қыз туралы әңгімені құлағым шалды. Оның үстіне қазақ қызы екен. Анау-мынау жігіттің қолынан келе бермейтін ауыр жұмысты қалай игерген деп, ары қарай сұрастыра бастадым. Ақыры, интернет желісінен Мейрамгүлдің өзін тауып, аз-кем сұхбаттастық деп жазады sputniknews.kz.

"Ата-анам жырақтаған соң, оқуым нашарлады…"

Мейрамгүл Қайратқызы 1994 жылы қазақ отбасында, Моңғолияның Қобда аймағында дүниеге келген екен. 1999 жылы отбасы Шарынқол деген аймаққа көшеді. 2001 жылы сол Шарынқолда 1-сыныпқа барған Мейрамгүл өте алғыр екенін байқатып, сабақты озат оқыған.

"Мен әкемнің әпкесінің қолында өсіп, сол үйдің "баласы" болып өскен екенмін. 2004 жылы ата-анам, бауырларым Қазақстанға көшкенде, мен әпкемнің үйінде қалдым. Отбасым көшкенде, 4-сыныпта оқитынмын. Сабағым бұған дейін жақсы еді, бірақ, әке-шешемді қатты сағынып, сабағым нашарлады.

Сол сағынышпен 9-сыныпқа дейін оқуға да, басқаға да көп назар салмадым. Бірақ, 9-сыныпқа көшер жылы өз-өзімді қолға алып, оқуыма мықтап кірістім. Сабағым бірден ілгерілеп, мектепті "алтын белгіге" бітірдім. Дархын аймағында сіздерше айтқанда, техникалық-кәсіптік колледж болатын. Сол жерге дәнекерлеуші, яғни, "сварщик" мамандығына оқуға түстім", — дейді Мейрамгүл.

"Бұл ауыр мамандыққа әкем баулыды деп ойлаймын"

Қазақстанда осы мамандықты таңдап, қолынан темір "қаруы" түспей, үсті-басы үнемі май болып жүретін қыз-келіншекті кездестіру өте қиын. Жоқтың қасы деуге болады. Тіпті, жігіттердің өзі аса құлшына бармайтын кәсіп. Бірі намыстанады, бірі көз бен қолын аяйды.

Сондықтан да, Мейрамгүлге "неге дәл осы мамандықты таңдадың?" деген бір ғана басты сұрақ қойдық.

"Менің әкем қолынан неше түрлі бұйым жасайтын кісі еді. Кішкентай кезімде жанында жүрген соң да болар, дәнекерлеу жұмысы маған жат емес еді. Сондықтан, осы мамандықты таңдап, игеріп кеттім деп ойлаймын. Оның үстіне, өз тәрбиесіне алған әкемнің әпкесі өте қатал кісі болды. Бойымдағы мықты ерік-жігер сол кісінің тәрбиесінен болар".

Қазақ қызы студент кезінде 500 жігіттің арасында үздік үштікке кірген

Мейрамгүл мектеп бітірген соң, 2009 жылы колледж студенті атанғанын айтып өттік. Бір жылдан соң, 2010 жылы Моңғолияда дәнекерлеушілер арасындағы республикалық жарыс өткен екен. Студент қыз сол жарыста 500 баланың арасында үшінші орын алған. Бұл әрине, Мейрамгүлді тек шабыттандырған.

Ал оқуын аяқтағаннан кейін оған тең келер дәнекерлеуші болмаған

"2011 жылы оқуымды аяқтадым. 2012 жылы Шарынқол аймағындағы жылу станциясына дәнекерлеуші болып жұмысқа тұрдым. 2013 жылы Моңғолияда бүкіл станциялардың дәнекерлеушілері арасында республикалық жарыс өтті. Соған қатысып, 1-орын алдым".

"Жігіттер көп, жұмыс ауыр"

Мейрамгүл үш жылдан астам уақыт жылу станциясының дәнекерлеушісі болып жұмыс істеген. Айтуынша, станцияда ер адамдар көп, ал жұмыс ауыр болған. Бірақ, табандылық танытып, сол жерде еңбек ете берген. Аты сол аймаққа таралған соң, Дархын аймағындағы колледж басшылығы хабарласып, дәнекерлеуді үйрететін мұғалім қызметіне шақырыпты.

"Ұстаз болғың келе ма, сенен басқа осы жұмысқа лайық адам таба алмай отырмыз. Жұмысқа кел" деді. Көп ойланбай, сол жерге кеттім. Міне, 2014 жылдан бері өзім оқыған кәсіптік мектепте дәнекерлеу пәнінен сабақ беремін", — дейді Мейрамгүл.

Дәнекерлеуші ғана емес, сүйікті жар, аяулы ана

Мейрамгүл 2016 жылы тұрмысқа шыққан. Бір қызы бар. Бірақ жұмысын тастамаған. Спортты өте жақсы көреді екен, әсіресе, волейбол ойынын жақсы меңгерген. Мектептегі негізгі жұмысынан басқа волейбол үйірмесінде балаларды жаттықтырып, әртүрлі сайыстарға қатыстырады.

"Волейбол ойынын өте жақсы көремін, жақсы ойнаймын. Қазір өзім жаттықтырып жүрген команда бар. Осы қаңтар айында, 24-27 қаңтар аралығында Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда волейболдан жарыс өтеді. Командамды сол жарысқа дайындап жатырмын", — дейді Мейрамгүл Қайратқызы.
zkadm
Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: