Алматы әкімі қаңтар оқиғалары құрбандарының рухына Құран бағыштап, құрбан шалды
Сурет: Facebook/Жанарбек Әшімжан
Ерболат Досаев Алматының Орталық мешітінде қасіретті қаңтар оқиғалары құрбандарының қырық күндігіне арнап әруақтардың рухына Құран бағыштап, тірілердің тіршілігі үшін құрбан шалды, деп хабарлайды Zakon.kz
Бұл туралы Мәжіліс депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан Facebook-те жазды.
Айта кетсек, бүгін тарихқа "қасіретті қаңтар" ретінде енген оқиғалардың елімізде орын алғанына 40 күн толды.
"... Бүгін таңғы сағат 8-де Алатаудың басын мұнар, бауырын өрт шалған осы қасіретті оқиғаның Қырық күндігіне байланысты Алматы қаласындағы Орталық мешітте әруақтарға бағыштап Құран оқылып, елдің ертеңі үшін тілек тілеп, Жаратқанға салауат айтылыпты. Шаһардың жаңа басшысы Ерболат Досаев Қырық күндікке арнап әруақтардың рухына Құран бағыштап, тірілердің тіршілігі үшін құрбан шалыпты, ниет қабыл болсын! Сұраған тілектер мен көтерілген білектерге ел ағалары, көрнекті тұлғалар – Нұрлан Оразалин, Смағұл Елубай, Рахман Алшанов бата беріпті. Әлгінде Алматыдағы ардақты ағамыз Нұрлан Мырқасымұлына хабарласып, амандасқанда осындай имандылықтың ізгі амалдары жасалғанын айтты. "Құдайсыз қурай сынбайды" дейді. Қиын уақытта қала басшылығына келген Азаматтың елге көңіл-қош білдіріп, аруақтарға тағзым жасағаны ғой" деді. Жаппар Иеміз ел-халықтың, тәспі тартқан тақуалардың тілек-ниеттерін қабыл қылғай! Азаттықтың бесігі саналған аңыз, абыз Алматымыздың жаңғырған, түлеген сәттеріне куә қылсын, Жаратқан!" – делінген жазбада.
Сурет: Facebook/Жанарбек Әшімжан
5 қаңтарда Алматыда жаппай тәртіпсіздіктер орын алды. Қала полициясының мәліметінше, осы оқиғалар кезінде 149 адам қаза тапты, оның 11-і құқық қорғау органдарының қызметкерлері.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript