Шөкеев 8 наурыз қарсаңында көпбалалы аналарға құрмет көрсетті
Ерекше форматта өткен кездесуде Өмірзақ Шөкеев шәй үстінде қабылдауындағы нәзік жандылармен еркін әңгімелесіп, пікірлерін тыңдады.
Сурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Баршаңызды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жер бетіне тіршілік таратушы аналар мерекесінің көктемнің алғашқы күндерімен тұспа-тұс келуі – заңдылық. Адам баласы анасының аяулы алақаны арқылы мейірімді, ақ сүті арқылы тіршіліктің нәрін сіңіріп өседі. Қазіргі таңда қыз-келіншектер тек отбасының ұйытқысы ғана болып қойма, қоғамның барлық саласында еңбек етіп жүр. Қазіргі таңда облыста жергілікті атқарушы органдарда қызмет атқаратын нәзік жандылардың үлесі 30 пайыздан асты. Кәсіпкерлік саласындағы қыз-келіншектер саны да күн санап артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеулерінде, «Жаңа Қазақстан» идеясын жүзеге асыру бағытындағы тапсырмасында ел дамуының алғышарты ұрпақ тәрбиесінде екендігін де баса айтты. Мемлекетіміздің дамуы сіздердің ұрпақ тәрбиелеу ісіндегі көрегенділіктеріңізге байланысты, – деген Өмірзақ Шөкеев аналарға құрмет көрсетті.
Сурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Әсерлі жүздесуде Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосыновтың анасы Мухаббат Құдайбергенова, 2016 жылы Ақтөбе қаласында әскери бөлімге террорлық шабуыл барысында ерлікпен қаза тапқан батыр ұл Сапар Досболдың анасы Жұлдыз Құдабаева және өзге де аналар қатысып, ойлары мен ұсыныстарын айтты.
Көпбалалы ана Гүлбаршын Бекетова, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Түркістан облыстық «Аналар кеңесінің» төрайымы Дүйсенкүл Жамболова қоғамдағы қыз-келіншектердің рөлі, ұрпақ тәрбиесі, руханият саласына қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Көпшілікке тракторшы қыз ретінде танылған жетісайлық Арайлым Құрашбек жастарға қолдау көрсету, еңбекті, өндірісті насихаттау жөнінде сөз қозғады.
Сурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жалпы кездесуге қатысқан ардақты аналар мен арулар Түркістанның қысқа уақытта түрленіп, әдемі шаһарға айналғанына таңданыстарын жасырмай, өңірді көркейтіп жатқан ел азаматтарына алғыстарын білдірді.
Жүздесуде мәнді әрі мағыналы ойлар, жылы әзілдер, ұрпақ тәрбиесі, ана мен баланың дамуы, ел бірлігін сақтау және өзге де тақырыпта ойлар қозғалды. Демографиялық өсімі Түркістан өңірінде елдің әлеуетін көтеру бағытындағы жұмыстар жалғасады.