Түркістанда түркі жұртының мүфтилері 100 Құран хатым дұғасына қатысты
Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркия Республикасы Дін істері басқармасының басшысы, Бас мүфти Әли Ербаш, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, Бас мүфти Аллашүкір Паша-Заде, Өзбекстан мұсылмандары басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Хамитжан Ишматбеков, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің, Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, ғалымдар мен облыс бас имамдары қатысты. Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев те қатысып, игі бастамаға қолдау көрсетті.
Сурет: Түркістан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі
Құрметті шетелден келген мәртебелі мүфтилер! Қасиетті Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Алла Тағала Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жасаған зияраттарыңызды, бабамыздың рухына бағыштаған Құран хатым дұғаларымызды қабыл еткей. Расында, Құран оқылған, оған амал етілген үйде, жерде, елде тыныштық орнайды, Алланың берекеті болады. Бұдан түйетін ой – Құрансыз өмірдің мәні де, сәні де жоқ. Біз, өмірден өткен жандарға Құран бағыштап, Құдайдан жарылқау тілеген түркі-мұсылман халықтарының бүгінгі ұрпағымыз. Біздің имамдарымыз бен медресе шәкірттеріміз бүгінгі тарихи оқиға қарсаңында ата-баба рухына арнап қасиетті кітабымыз Құранды 100 рет хатым етті. Алла Тағала оқыған Құранымыз бен жасаған дұғамызды қабыл еткей. Әмин! Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы
Сурет: Түркістан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі
Ізгі іс-шарада дін қайраткерлері Қожа Ахмет Ясауи қабірін зиярат етіп, баба рухына қасиетті Құран аяттарын бағыштады. Дін ғұламалары мен қарилар Түркістандағы оң өзгерістерді жоғары бағалап, елге амандық, тыныштық, бақ-береке тіледі.
Сурет: Түркістан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі
Түркітілдес елдердің ортақ мұраларын дәріптеу, Ахмет Ясауи бабаның, сонымен қатар түркі дүниесіне ортақ Қорқыт ата, Ясауи, Мәуләна, Нәуәуи, Манас мұраларын насихаттау, Матуриди сенім мектебі мен Әбу Ханифа мәзһабын халыққа жеткізу, діни оқу-ағарту саласы бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру, жаһандық сын-қатерге жауап беруде мұсылман үмбетінің өзара ынтымағын арттыру, діни мерекелерді бір күнде атап өту, ортақ пәтуалар қабылдау, деструктивті діни ағымдардың теріс үгіт-насихатына жол бермеу жұмыстары бойынша ортақ келісімге келді.
Сурет: Түркістан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі