Астанадағы интернет сапасы: әкім Жеңіс Қасымбек тұрғындардың шағымына жауап берді
Сурет: instagram.com/jenis_qasymbek
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қаладағы интернеттің сапасына қатысты тұрғындардың шағымына жауап берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Елорда тұрғындары тарапынан интернеттің сапасы мен жылдамдығына қатысты шағымдар түсіп жатыр. Қаламызда мұндай проблемалар бары жасырын емес. Негізінен құрылысы жүріп жатқан жаңа аудандар мен елді мекендерде кездеседі. Сол сияқты интернет құрылыс қарқынына ілесе алмайтын сәттер де болып тұрады. Бұл мәселеде құрылыс компаниялары байланыс құрылысын қоса ескеруін, ал байланыс операторлары мен өзге де жауапты органдар құрылыстың жоспарына қатысуын қарастырамыз", - деп жазды қала әкімі Instagram-дағы парақшасында.
Жеңіс Қасымбек бұл мәселелерді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинмен, "Қазақтелеком" басшысы Қуанышбек Есекеевпен, ұялы байланыс операторларының өкілдерімен бірлесе талқылағанын және қалада интернеттің сапасын жақсарту үшін бірнеше механизмді қолданатынын айтты.
"Олар – оптикалық байланыс желілерін, антенна-діңгек құрылысын, FWA (Fixed Wireless Access) технологиясы бойынша базалық станцияларды орнату. Бұл жұмысқа инвесторларды да жұмылдырамыз.Сонымен қатар жарықтандыру және электр желісінің тіректері бойынша оптикалық байланыс желілерін жүргізу мәселесі пысықталды, бұл елді мекендердегі интернет сапасын едәуір жақсартады. Көктал-1, Агроқалашық, Интернациональный, Оңтүстік-Шығыс, Промышленный, Телман, Мичурин, Қазқалашық, Кирпичный елді мекендерінде оптикалық байланыс желілерін салу жұмысы жүріп жатыр, тағы 3 елді мекен бойынша инвесторлар тартамыз, бірақ мұның өзі де жеткіліксіз. Қала күннен күнге өсіп жатыр, ал елорда тұрғындары жыл сайын 50-60 мың адамға артып келеді. Қолда бар инфрақұрылымға мән беріп қана қоймай, болашақты ойлап, алдын ала дамыту қажет. Сол себепті алдымызда мұндай проблемалар санын азайту әрі құрылыс кезеңінде байланыс құрылымдарын қоса салу міндеті тұр", - деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript