Үкімет басшысы Шымкентте шыны өндіретін зауытты іске қосу рәсіміне қатысты
Шымкент қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қуаттылығы жылына шамамен 800 мың шаршы метр шыны конструкциясын құрайтын кәсіпорынға "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша 3,4 млрд теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Зауытта заманауи еуропалық жабдықтар орнатылған, ал шикізат Қызылорда облысынан (Orda Glass Ltd) жеткізіледі.
Жаңа кәсіпорынның өнімі ішкі нарыққа шығарылып қана қоймай, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдеріне де экспортталады деп күтілуде.
Сурет: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Әлихан Смайылов өз сөзінде елімізде бәсекеге қабілетті өндірістердің саны жыл сайын ұлғайып келе жатқанын атап өтті.
"Мемлекет оларға жан-жақты қолдау көрсетеді, соның арқасында жаңа жұмыс орындары құрылып, азаматтарымыздың әл-ауқаты артып келеді", — деді ол.
Сурет: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Жаңа зауыттың жалпы инвестициялық құны – 5,8 млрд теңге. Оны іске қосудың нәтижесінде 260-тан астам адам жұмыспен қамтылады.
"Жалпы оның қызметі өңірдің ғана емес, бүкіл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді. Баршаңызды кәсіпорынның ашылуымен құттықтаймын! Жұмыстарыңыз табысты болсын!" — деп түйіндеді Премьер-министр.
Сурет: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі