"Атаңа рақмет!". Түркістан облысының әкімі үш жасар баланы құтқарған оқушыны марапаттады
4 наурызда сағат 11:30 шамасында арықта ағып бара жатқан кішкентай баланы байқаған Нұркелді ойланбастан атынан секіріп түсіп, оны судан алып шығады. Ес-түссіз қалған баланың аяқ-қолын қимылдатып, жасанды дем беріп, алғашқы көмек көрсеткен. Құтқарылған бала үш жарым жаста екен.
"Кішкентай баланы судан құтқарып алғаныңды ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіден көріп, сүйсіндік. Аттың үстінде үлкен жігіт сияқты көріндің. Оқушы екенсің. Осы ерлігің үшін саған және өзіңдей патриот ұлды тәрбиелеген ата-анаңа алғысымды айтамын. Жарайсың!". Дархан Сатыбалды
Облыс әкімі Нұркелді батырға Алғыс хат пен ноутбукты сыйға тартты.
Сурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Оқушының әкесі арнайы көңіл бөліп, құрмет көрсеткен өңір басшысына ризашылығын білдірді.
Баланы құтқарған сәттің видеосын мына арадан көруге болады.
Айта кетсек, Нұркелді Нұрполат 2008 жылы, 1 желтоқсанда Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген. Мектепте үлгілі тәртібімен, үздік оқуымен ерекшеленеді. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Футбол үйірмесіне қатысып, түрлі деңгейдегі жарыстарда көзге түсіп жүр. Отбасындағы үш ұл, үш қыздың ішіндегі екінші перзенті.