Түркияға ресейліктер жаппай ағылып, пәтерді жалға алу ақысы үш есеге өсті
Риа Жылжымайтын мүліктің хабарлауынша, риэлторлар соңғы уақытта Ресей азаматтары тарапынан Түркияда ұзақ мерзімді тұрғын үйді жалға алуға сұраныс айтарлықтай артқанын айтып отыр. Анталия мен Аланияда пәтерді жалдау ақысы 2,5-3 есеге өскен.
Ыстамбұлда, Измирде, Бодрумда және Фетхиеде шағын студиясы бар пәтерлерді жалдау ақысы 2-3 есе өскен, нақтырақ айтқанда айына 1-1,5 мың долларға дейін. Сондай-ақ Just Real Prime Broker басқарушы серіктесі Екатерина Шиманскаяның айтуынша, қазір пәтерді жаңа бағамен жалға алуда да қиындықтар туындап жатыр, өйткені ұсыныс жоқ, таусылған. Сонымен қатар, меншік иелері алты ай алдын ала пәтер ақысын төлеуді жиі талап ете бастапты, оның үстіне жергілікті заңнаманы белден басып, доллармен төлем жасауды талап етеді.
Риэлторлар Түркиядан бөлек ресейліктер Армения мен Грузияға жаппай ағылып жатқанын атап өтті. Бұл жақтарда пәтерді жалға алу сұранысы 1,5 есе артып, бағаның өсуіне әкеліп соқты. Шиманскаяның айтуынша, Тбилисиде пәтер жалға алу ақысы қазір кем дегенде 450-500 доллар тұрады, Батуми, Кутаиси және Руставиде пәтерді жалдаудың орташа айлық мөлшерлемесі 350 долларды құрайды.
Арменияда баға көрсеткіші 30 пайызға өсті. Пәтерді жалға алу құны айына 350 доллардан басталады.