Облыс әкімі кәсіподақ көшбасшыларымен кездесті
Өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының өкілдерімен кездесу барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев кәсіподақтар Федерациясы респблика бойынша екі миллионға жуық мүшесі бар ірі қоғамдық бірлестік болып табылатынын атап өтті. Ал, Жамбыл облысында 120 мыңға жуық адам 1260 бастауыш кәсіподақ ұйымға топтасқан.
- Кәсіподақтардың басты міндеті – еңбекшілердің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау болып қала береді, - деп атап өтті өңір басшысы.
"Жамбыл облысының Кәсіподақ орталығы" аумақтық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген ұйым жұмысының негізгі бағыттары туралы баяндады.
Кәсіподақтар қызметіндегі өзекті мәселелердің бірі жалақы бойынша берешектерді уақтылы өтеу және еңбек дауларын шешу болып қалып отыр. Айталық, қазан айында облыс әкімдігінің үшжақты комиссиясының отырысында "ТаразТрансЭнерго" АҚ мен "Жандос және К" ЖШС-дегі 198 қызметкерге 29,2 миллион теңге жалақы қарызы мәселесі қаралды. Отырыс қорытындысы бойынша кәсіпорын басшыларына берешекті өтеу жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді. Қазіргі жағдай шешімін табуда.
Бұл бағыттағы мақсатты шаралармен кәсіподақ орталығының құқықтық инспекциясы да айналысуда. Мамандар жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы бірқатар еңбек жанжалдары мен дауларды шешіп, нәтижесінде құқықтық айналымға миллиардтан астам теңгені қайтаруға қол жеткізген.
Кәсіподақ ұйымдарының жұмысындағы маңызды аспект ұжымдық шарттар жасасу болып табылады. 2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған 9,5 мың кәсіпорын 5,9 мың ұжымдық шартпен қамтылды, бұл 62,1 пайызды құрайды.
Кәсіподақ ұйымдары қауіпсіздік техникасын сақтауға барынша көңіл бөледі. Кәсіпорындар мен ұйымдарда 984 өндірістік кеңес, еңбекті қорғау жөніндегі 1302 техникалық инспектор жұмыс істейді.
Пандемияның қиын жағдайында кәсіподақ ұйымдары жұмыс берушілермен бірге медициналық мекемелердегі аз қамтылған қызметкерлердің отбасыларына және кәсіподақ мүшелеріне 123,59 миллион теңге көлемінде қаржылай және материалдық көмек көрсетті.
Рас, пайда болатын теріс тенденциялар да алаңдатады. Осылайша, кейбір бизнес-құрылымдар жеке кәсіпорындарды сенімгерлік басқаруға алып, алдымен кәсіподақтардан арылуға тырысады. "Қазфосфат" ЖШС филиалдарының кейбір учаскелерінде де күрделі жағдай қалыптасып отыр, онда жұмысшылардың жалақысы кей жағдайларда республикалық орташа деңгейден төмен болып келеді.
Біз бұл мәселелер бойынша бірге жұмыс істейтін боламыз, өйткені кәсіподақтар мен жергілікті атқарушы органдар еңбек адамдарының мүддесі үшін өзара ынтымақта әрекет етуі керек. Аймақтағы жағдайдың жалпы тұрақтылығы, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің көпшілігінің республикалық көрсеткіштерден жоғары десек, бұл орайда кәсіподақтардың да сіңірген еңбегі зор, - деп қорытындылады кездесуді Бердібек Сапарбаев.
Отырысқа білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, облыстық көпбейінді аурухананың бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлнәр Төребекова, «Мерке-Радон» АҚ бас директоры Серік Мақажанов, медициналық мекемелер кәсіподағының төрағасы Ерлан Сатыбалдиев, «Казфосфат-НДФЗ» кәсіподақ ұйымының төрағасы Шахтыбай Байғанов қатысты.