Тіршілік қалыпты күйге оралды – Сапарбаев Қордай ауданындағы жағдай туралы айтып берді
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы да тоқталып өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қордай ауданында демеушілік қаражат есебінен барлығы 157 нысан толығымен қалпына келтірілді. Зардап шегішілерге қосымша 40 миллион теңгеге қосымша көмек көрсетілді, - деді Б.Сапарбаев.
Қордай ауданы биыл алып құрылыс алаңына айналды. Жалпы сомасы 35,1 млрд.теңгеге 392 жоба іске асырылды. Бұл жобалар қордайлықтар өмірінің барлық бағытына қатысты десек, атап айтқанда, газ және сумен қамту, тұрғын үй және жол құрылысы, көшелерді жарықтандыру және абаттандыру, білім беру, денсаулық сақтау, спорт салаларын қамтыған. Барлығы 4,6 мың жұмыс орны құрылды.
- Ауданның жағдайы тұрақты. Жергілікті тұрғындар жайбарақат өз кәсіптерімен және ауылшаруашылығын дамытумен айналысуды жалғастыруда. Жаз маусымында 500-ге жуық дүнген отбасы егін шаруашылығымен айналысу үшін көршілес Шу ауданына, 117 отбасы – Алматы облысына, 74 отбасы – Қарағанды облысына уақытша аттанған. Бұл көрсеткіш былтырғыдан да көп екенін айта кету керек, - деп баса айтты Б.Сапарбаев.
Ең маңыздысы халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапты. Аудан тарихында алғаш рет шамамен 100 мың адам тұратын 22 ауылға газ беру жоспарланған. Газдандыру деңгейі 47 пайыздан 95 пайызға дейін артпақ.
Ауылдарда 351 шақырым жолға асфальт төселген. Тоғыз елді мекеннің көшелері шамамен 100 пайызға жөндеуден өтті.
Қысқа ғана уақыт ішінде ауылдар айтарлықтай өзгеріп, аудан қайта түлей түсуде. Ауданда орын алған оқиғалар бәрімізге үлкен сабақ болды. Қордайлықтар көрсетілген көмек пен ауданның өркендеуі үшін ел басшылығына алғыстарын білдіруде. Олар жалпы ортақ игілік үшін бейбітшілік, келісім мен өзара түсіністікте өмір сүру керектігін түйсінеді, - деп атап өтті аймақ басшысы.
Өңірдегі ұлтаралық бейбітшілік пен келісімді сақтау және нығайту мәселелеріне айрықша көңіл бөлінуде. Осы орайда "Бейбітшілік пен келісім" арнайы жобасы іске асырылуда десек, оның нәтижесінде бірқатар әлеуметтік мәселелер анықталып, шешімін тапты. Жоба аясында өңірде барлығы 30 мыңға жуық адамды қамтыған 1144 іс-шара ұйымдастырылды.