МКК салықтық әкімшілендіруді жеңілдету бойынша жұмысын жалғастыруда
Таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы салықтық әкімшілендіруді түбегейлі жеңілдету бойынша міндеттер қойды.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында 3 ақпанда өткен баспасөз мәслихаты барысында Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы М.Сұлтанғазиев осы бағытта қабылданған шаралар туралы айтты.
Атап айтқанда, осы жылдан бастап жеке тұлғалардың мүлік мен жер салықтары біріктірілді, екі салық та бірыңғай төлеммен төленеді. Сонымен бірге көпқабатты үйдегі пәтер иелеріне арналған жер салығы алынып тасталды.
Салық төлеушілер үшін мүлік салығын төлеуге ыңғайлы болу үшін "E-Salyq Азамат" мобильді қосымшасы жасалды. Бұл қосымша мәліметтерді толтырмай салық төлеуге, 2 минут ішінде онлайн режимінде шотқа ақша жіберуді, артық төлемдерді басқаруға және т.с.с. мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда салық әмиянының пайдаланушыларының саны 130 мыңнан асады.
Егер сіз қазір мүлік салығын тексергіңіз келсе, AppStore немесе PlayMarket-те іздеу жолағында "e-Salyq Azamat" қосымшасының атын теріп, жүктеп алуыңыз керек. Ал, жеке кәсіпкерлер үшін "E-Salyq-business" қосымшасы жасалуда, - деп атап өтті Комитет басшысы.
Ол сонымен қатар жеке кәсіпкерлікті тіркеуді және жабуды, салық есептілігін тапсыруды оңайлату, комиссиялық төлемдер мен фискалдық деректер операторларының қызметтері үшін төлемдерді жою қарастырылғанын атап өтті. Бұл қосымшалар есептілікті автоматты түрде жасап, салық төлеуші оны растай алады немесе түзетуі енгізе алады.
Қазіргі уақытта жеке және заңды тұлғаларға 44 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, оның 38-і электронды түрде, деп мәлімдеді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы М.Сұлтанғазиев.
Ол 2020 жылы 22,3 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілгенін, оның 97 пайызы электронды түрде екенін атап өтті. Бұл локдаун кезінде ерекше маңызды болды.
Байланыс орталығы өз жұмысын жалғастыруда, 2020 жылы 670 мыңнан астам салық төлеушілердің өтініштері қаралды. Көбіне адамдар жергілікті салықтарды төлеу, салық берешегінің мөлшері және т.б. туралы сұрақтарға жүгінеді.
Сондай-ақ, М.Сұлтанғазиев өсімпұлдарды есептен шығаруға арналған салық амнистиясы аяқталғанын еске салды, оны 1,1 миллион азамат пайдаланды, олар 15 миллиард теңге негізгі қарызды төлеп, 2,1 миллиард теңге өсімпұлды есептен шығарды.