"Қазақстан" телерадиокорпорациясы жаңа телехикаялар идеясын талқылады
"Қазақстан" телерадиокорпорациясы бүгін отандық нарықта сериал өндіруші продакшн компаниялармен кездесіп, 2022 жылға арналған жаңа телехикаялар бойынша ұсыныстар қабылдады.
ASTANA MEDIA WEEK апталығы аясында өткен ашық талқылауға 21 компания өтінім білдірді. Олардың арасында "Сақ-дала", "Filmkitchen production", "Satti media Partners", "MurAi production", "Ismet group", "Жас-Ұлан", "Aray media group", "Первое творческое обьединение", "5 TV СТУДИЯ PRODUCTION", "Sultan pro", "Projects' House" , "Tanba Media", "DOS film", "SERPER PRODUCTION", "Rouz Media", "Alma Pictures", "JS Media", "567 creative laboratory", "Таудай талап продакшн", "HAZ MEDIA GROUP" компаниялары бар.
Біздің негізгі міндетіміз – көрермен сұранысына сай өнім өндіру. Өнімдердің қалай қабылданатынын көрсету мақсатында Көркемдік кеңестің көшпелі отырысын ұйымдастырып, бүгін ашық талқылауға шығарып отырмыз. Мемлекет қаржысына түсірілетіндіктен, сериалдар жобасына жарияланатын байқау да ашық өткізілуі тиіс, - деді "Қазақстан" телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.
Ұсыныстар тарихи тұлғалар, тарихи мұраны насихаттау, ауыл өмірі, Рухани астана – Түркістан, атажұртқа қоныс аударған қандастар, құтқарушылар, жастарды спортқа баулу, ұлттық қолөнер, ұлттық, отбасылық құндылықтар тақырыбы бойынша қабылданады. Тарихи тұғалар тақырыбында Әлихан Бөкейхан, Дина Нұрпейісова, Әлкей Марғұлан, Мағжан Жұмабаевтың өмірі туралы телехикаялар идеясына басымдық беріледі.
Биыл телерадиокорпорация 201 бөлімнен тұратын 16 отандық телехикая түсірді. Оның ішінде 34 бөлімнен тұратын 6 тарихи сериал бар. Жыл соңына дейін Ахмет Байтұрсынұлы, Жәңгір хан, Домалақ ана, Қаныш Сәтбаев, Жұмабек Тәшенев және Мұқағали Мақатаев жайындағы телехикаялар эфирге шығады.