Жаңалықтар тізбегі
0

Транскаспий дәлізі арқылы жүк өткізу мерзімін 5 күнге дейін қысқарту жоспарланып отыр – Смайылов

Экономикалық форум, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.05.2023 18:35 Сурет: primeminister.kz
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Алматыдағы "Еуропалық Одақ – Орталық Азия" екінші экономикалық форумы аясында өткен жоғары деңгейдегі сессияда сөз сөйледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Шараға Еурокомиссияның атқарушы вице-президенті Валдис Домбровскис, Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров, Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары Жамшид Ходжаев, Түрікменстанның қаржы және экономика министрі Сердар Джораев, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо және Еуропалық инвестициялық банктің вице-президенті Тереза Червинская қатысты.

Өз сөзінде Әлихан Смайылов Астана мен Брюссель арасындағы тиімді серіктестік қатынастар – көп жылғы прагматикалық және дәйекті ықпалдастықтың нәтижесі екенін айтып өтті.

"Біз Еуропалық Одақпен ынтымақтастықтың екіжақты форматта және өңіраралық деңгейде қарқынды дамуын қолдаймыз. Өңір елдерінің ортақ күш-жігерінің арқасында бүгінде Орталық Азия белсенді дамып келе жатқан “үлкен мүмкіндіктер” аймағы болып отыр. Елдеріміз бір-бірін үйлесімді түрде толықтырады, ал басты тірегі сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастық болып қала бермек", — деді Үкімет басшысы.

 

Экономикалық форум, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.05.2023 18:35

Сурет: primeminister.kz


Премьер-министр өткен жылдың қорытындысы бойынша Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы тауар айналымы 61%-ға ұлғайып, $49 млрд-ты құрағанын айтып өтті. Бұл ретте осы көрсеткішті айтарлықтай ұлғайту үшін елеулі резервтер бар.

Жалпы, Үкімет басшысының айтуынша, өткен жыл Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамыған жыл болды. Мәселен, Svevind компаниясымен республикада жел және күн электр станцияларын орнату және 3 млн тонна "жасыл" сутегі өндіру бойынша маңызды келісімге қол жеткізілді, бұл ЕО сұранысының бестен бір бөлігін құрамақ.

Сонымен қатар БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі "COP-27" конференциясы аясында сирек жер металдары саласындағы меморандумға қол қойылды, ол Қазақстанның ЕО өнеркәсіп альянстарымен қаржылық және технологиялық ынтымақтастығын орнатуға ықпал етпек.

"Біз инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және өзара сауда-саттықты әртараптандыруға мүдделіміз. Қазірдің өзінде еуропалық капиталдың қатысуымен 3 мыңнан астам компания Қазақстан экономикасының түрлі секторларында табысты жұмыс істеуде, олардың қатарында Shell, Eni, Total, Air Liquide, Alstom, Siemens, Linde Group сияқты ірі әлемдік компаниялар бар", — деді Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар Қазақстан ЕО-ға машина жасау, темір және болат өндірісі, тамақ өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда жылына $2,3 млрд-тан астам сомаға өңделген тауарлардың 175-тен астам түрін ұсына алады. Атап айтқанда, ірі астық өндіруші ретінде Қазақстанның әлем елдерін азық-түлікпен қамтамасыз етуде ЕО-ның стратегиялық серіктесі болуға мүмкіндігі бар.

Еліміз үшін тағы бір басым міндет – 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу. Бүгінгі таңда "жасыл" энергетика ірі су электр станцияларын есептемегенде, өндірілетін электр энергиясының жалпы көлемінің 5%-ын құрайды. Бұл ретте республиканың мақсаты – 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15%-ға дейін ұлғайта отырып, кемінде 7 гигаваттқа жеткізу. 

"Қазақстан Орталық Азияда "жасыл" энергетикаға көшуді ынталандыруға дайын. Осы тұрғыда "жасыл" инвестицияларды тартудағы маңызды платформа саналатын тәуелсіз Соты және Халықаралық төрелік орталығы бар британиялық құқыққа негізделген "Астана" халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін атап өткім келеді", — деді Премьер-министр.


Экономикалық форум, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.05.2023 18:35

Сурет: primeminister.kz


Әлихан Смайылов Орталық Азияда маңызды көлік бағыттары мен қарқынды дамып келе жатқан нарық шоғырланғанын атап өтті. Бұл ретте Қазақстанның географиялық жағдайы, сондай-ақ елдің дамыған көлік инфрақұрылымы көлік және логистика саласындағы ынтымақтастыққа кең мүмкіндіктер ашады.

Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Өзбекстанмен Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы және Қырғызстанмен Индустриялық сауда-логистикалық кешен сияқты көтерме-тарату желісінің логистикалық орталықтарын құруды ілгерілетуде.

"Сонымен қатар біз еліміздің аумағында, яғни, Алматы агломерациясында және Батыс Қазақстан облысында екі ірі сауда-логистикалық хабты іске асырамыз. Олар Қытай, Орталық Азия, Еуропа және Таяу Шығыс арасындағы сауда-логистикалық бағыттарды байланыстырады", — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағытының қарқынды дамуын атап өтті. Осылайша, бірлескен күш-жігердің арқасында Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау мерзімі үш есеге – 53 күннен 19-23 күнге дейін қысқарды. Бұл бағыттағы келесі мақсат – осы жылдың соңына дейін жүк тасымалдау мерзімін 14-18 күнге дейін азайту.

"Бұл ретте Қазақстан аумағы арқылы транзиттік тасымалдау мерзімі 2 есеге – 12 күннен 6 күнге дейін қысқартылды, біз оны жыл соңына дейін 5 күнге дейін қысқартуға тырысамыз", — деп атап өтті Премьер-министр.

Сөз соңында Әлихан Смайылов ҚР мен ЕО арасындағы экономикалық дамудың негізгі драйверлерінің бірі болып табылатын цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты нығайту перспективаларын атап өтті.

Ол Қазақстан өз алдына аймақтағы ең ірі цифрлық зертханалардың бірі болуды көздейтін стратегиялық мақсат қойғанын атап өтті. Қазірдің өзінде елімізде тиісті банктік экожүйелер қарқынды дамып келеді, цифрлық коммерцияның қарқынды өсуі байқалады және мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау бойынша жұмыс жүргізілуде. 

"Биыл наурыз айында Microsoft корпорациясы Қазақстанда озық технологиялар мен ноу-хауды тарту орталығына айналатын мультиаймақтық хабтың ашылғаны туралы хабарлады. Хаб тек Орталық Азияны ғана емес, Әзербайжан, Армения, Грузия, Моңғолия және Пәкістан елдерін де қамтиды", — деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, бұл тұрғыда Қазақстан Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы "цифрлық" бастамаларын жүзеге асыруға белсенді қатысуға дайын.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: