Роман Скляр Ақмола облысының жылу маусымына дайындығын тексерді
Роман Скляр Степногорск қаласының ЖЭО-дағы қаланың тұрғын үй секторын, Заводская кентін, сондай-ақ елді мекен аумағындағы кәсіпорындарды жылумен қамтамасыз ететін жоспарлы жұмыстарды тексерді.
Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, нысанды жылыту маусымына дайындауға биыл 7,4 млрд теңге бөлінген.
"Екі қазандық агрегатын бөлшектеу, турбогенераторларға күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Екі турбогенератор бойынша жұмыс аяқталды. Биыл ұзындығы 7,5 км магистралды жылу желілерін жөндеуге Үкімет резервінен 2,7 млрд теңге бөлінді. Мердігер ұйым құбырды бөлшектеу және төсеу жұмысын жүргізеді. Сонымен қатар қалада 9,6 км жылу желісін реконструкциялау жобасы іске асырыла бастады", делінген хабарламада.
Бірінші вице-премьер жылыту маусымының кедергісіз өтуі үшін жұмыстың сапасын әрі мерзімінде аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Көкшетау қаласында Роман Скляр АҚ-1 және АҚ-2 қазандықтарын қарап шықты. Үкімет резервінен бөлінген 3,7 млрд теңге есебінен жылу көздерін, жылу желілерін жөндеу, қоймалжың жеткізгіш құбырларының сұйылту жүйесін реконструкциялау және күл үйіндісі шұңқырының бөгетін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде.
Облыс орталығында Премьер-министрдің бірінші орынбасары әрқайсысы 1,5 мың орындық екі жайлы мектептің құрылыс барысымен танысты. Нысандарда кірпіш қалау, әрлеу, сыртқы және ішкі инженерлік желілерді орнату, терезе блоктарын орнату жұмысы жүргізілуде.
Роман Скляр құрылыстың белгіленген мерзімде сапалы аяқталуын қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.
Бірінші вице-премьер Ғабдуллин көшесіндегі (Ақан сері көшесінен Уәлиханов көшесіне дейін) жол учаскесін реконструкциялау жұмысымен танысты. Ақан сері көшесінен Наурызбай батыр көшесіне дейінгі жылу магистралінің өткізу бөлігін кеңейту және қайта жаңарту жоспарланған.
Роман Склярға осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін жылу желілері бойынша жұмысты орындау жоспарланғаны, учаскені жөндеу 2025 жылы аяқталатыны баяндалды.