Талдықорғанда шайдың құрамынан стафилококк табылды
Жанна Үрметханқызы азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қадағалаудың қаншалықты маңызды екенін айтып, тұтынушы ретінде адамдар өз құқықтарын қорғауына көмектесе отырып, ұйымның ақпараттық-түсіндірушілік қызметімен белсенді жұмыс істеп жатқанын айтты.
Адам құқықтары жөніндегі сарапшыны Өзбекстанда өндірілген "Demir Tea Ceylon Midnight Black" шайына жақында жүргізілген зерттеу қатты алаңдатыпты: өнімнен Алтын стафилококк (st aureus) табылған!
Бұл стафилококк тұқымдасы өкілдерінің бірі. Термиялық өңдеу арқылы бактериялар жойылса да, токсиндер өнімдерде қалып, улануды тудыруы мүмкін. Ол әртүрлі топтағы антибиотиктерге мен антисептиктерге төзімділікті дамытуға қабілетті, қолайсыз ортада жақсы өмір сүреді: кепкен кезде де белсенділігін жоғалтпайды, 12 сағат бойы тікелей күн сәулесінің астында қалса да құрамын өзгертпейді, 100 °C температураға 10 минут бойы төтеп бере алады, этил спирті мен сутегі асқын тотығында да тіршілігін жалғастыра береді!
Биятан Жаннаның Талдықорған қаласындағы дүкендердің бірінен сатып алған 60 г салмағы бар өнім ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Жетісу өңірі бойынша "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМҚ филиалының аккредиттелген зертханасына зерттеуге жіберіліп, кешенді зерттеу нәтижесінде ауыр тағамнан улану мен инфекцияны тудыруы мүмкін қауіпті бактерия анықталды.
Сурет: Жанна Биятан
Сондай-ақ, зерттеу барысында Кеден одағының "Тағамдық өнімдердің таңбалануы бойынша қауіпсіздігі" (КО ТР 022/2011) техникалық регламентінің талаптарына сәйкессіздіктер белгілі болды. Атап айтқанда, қаптамада азық-түлік өнімі сериясының нөмірі, өндірушінің атауы мен орналасқан жері туралы ақпарат жазылмаған, тағамдық құндылық көрсеткіші мен КО-ға (ЕАО) мүше мемлекеттердің нарығында өнім айналымының бірыңғай белгісі болмаған. Сонымен қатар, орамасының (қаптамасы) қандай материалдан жасалғанын білдіретін сандық коды немесе әріптік белгісі (аббревиатурасы) көрсетілмеген, бұл Кеден одағының "Қаптаманың қауіпсіздігі туралы" (КО ТР 005/2011) ережелерін бұзу болып табылады.
Ж.Биятан зерттеу нәтижелері мен материалдар жолданған тиісті органдардың тарапынан толық, қажетті, түсінікті әрі қолжетімді ақпаратпен қамтамасыз етпеген, сол арқылы өнімнің құрамы, қасиеттері, сол секілді қауіпсізді мен сапасын тікелей немесе жанама сипаттайтын ақпараттарынсыз тұтынушыларды дұрыс таңдау жасау құқығынан айырған сатушыға қатысты және өнімнің "Өнімдерді таңбалауға қойылатын талаптар" ТР 6-бабының стандарттарына сәйкестігі туралы да сұрақтар туындауы мүмкін деп түйеді.
Құқық қорғаушы Кедендік одаққа (ЕАО) мүше мемлекеттер белгіленген талаптарға сай келмейтін өнімдерді өз аумағында айналымға жібермеуді қамтамасыз етуге міндетті екенін атап өтті. Егер сәйкессіздіктер анықталса, мұндай тауарларды айналымнан шығару шаралары қабылдануы тиіс.
Жанна Үрметханқызы сатушы тауар туралы толық ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде беруге міндетті екенін де еске салады. Мұндай ақпараттың болмауы тұтынушылардың құқықтарын бұзып қана қоймай, сонымен қатар сатушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз болады. Кедендік одақ қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейтін өнімдер айналымнан алынуы керек.
"Дұрыс таңбалау азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз етуде үлкен рөл атқаратынын есте ұстаған жөн, жауапты өндірушілер мен сатушылар өз өнімдеріндегі ақпараттың толық және түсінікті болуын қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауы керек. Ал тұтынушылар қырағылық танытып, өз құқықтарын қорғауы тиіс". Жанна Биятан
Тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) сапасын зерттеу нәтижелері туралы "МОТҚҚҚ" ҚБ таратқан ақпарат, сондай-ақ, басқа да ақпарат жарнама болып табылмайды және тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға ықпал етеді. Осыған ұқсас фактілерге қатысты туындаған сұрақтар бойынша байланыс телефоны: 87054222739, Instagram.