Қытайлық сиыр пудингі Қазақстанға құжатсыз қалай кірген
"Кассаның жанында тұрған дүкен сөресіндегі бұл тауар
менің көңілімді аударды" дейді Жанна Биятан.
"Жезқазғанға келудегі мақсатым – "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі арқылы жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жоба аясында Ұлытау өңірінде сатылатын тауарлар туралы, олардың сапасы мен қауіпсіздігі жайында, сонымен қатар тұтынушылардың сатушылар (дайындаушылар) туралы ақпарат алу құқығын қамтамасыз ету болатын. Маған бұл өнім кептірілген нан сияқты көрінді, өйткені қаптама сыртындағы ақпарат шет тілінде ғана жазылған, сондықтан ештеңе түсінбедім", - деп жалғастырды сөзін Жанна Үрметханқызы.
Одан әрі сатып алынған өнім Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Ұлытау облысындағы "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК филиалының аккредиттелген зертханасына Қазақстан Республикасы заңнамасының барлық қауіпсіздік талаптарына, атап айтқанда Кеден одағының "Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" 021/2011 техникалық регламентіне және "Тағамдық өнімдерді таңбалауға қатысты" 022/20211 техникалық регламентіне сәйкестігіне көз жеткізу мақсатында ұсынылды.
Сурет: Жанна Биятан
Техникалық регламенттерді сақтау бойынша жүргізілген
зерттеулердің хаттамасында мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәліметтердің
жоқтығы көрсетілген.
Техникалық регламентке сәйкес:
1) тамақ өнімдерінің атаулары туралы;
2) тамақ өнімдерінің құрамы туралы;
3) тамақ өнімдерінің саны туралы;
4) тамақ өнімдерін өндіру күні;
5) тамақ өнімдерінің жарамдылық мерзімі туралы;
6) тамақ өнімдерін сақтау шарттары туралы;
7) өндірушінің атауы және орналасқан жері;
8) өнімді пайдалану бойынша ұсыныстар немесе шектеулер туралы;
9) тамақ өнімдерінің тағамдық құндылығының көрсеткіштері туралы;
10) өнімде генетикалық түрлендірілген ағзалардың бар-жоғы туралы;
11) ЕАО бірыңғай таралым белгісі туралы ақпараттар көрсетілмеген.
(2024 жылдың 22 шілдесіндегі № 397 зерттеу хаттамасы, 2024 жылдың 23 шілдесіндегі № 443 зерттеу хаттамасы).
ҚР "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының 25-бабы 7-тармағы негізінде бір тілде немесе шет тілінде берілген ақпарат – берілмеген деп танылады.
Сурет: Жанна Биятан
Қазіргі заманда
тамақ өнімдерін таңбалау тұтынушылардың құқықтарын қорғауда басты рөл атқарады.
Қаптамада мемлекеттік және орыс тілдеріндегі ақпараттың болмауы тұтынушылар
үшін де, кәсіпкерлер үшін де күрделі мәселелерге әкелуі мүмкін.
"Егер таңбалау шет тілінде немесе мемлекеттік және орыс тілдеріне аудармасыз болса, бұл тұтынушыларды жаңылыстыруы және олардың денсаулығына кері әсерін әкелуі мүмкін. Бұл тәсіл оларды өнім туралы, оның құрамы, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары және басқа да маңызды мәліметтер жайында толық ақпарат алу мүмкіндігінен айырады. Мысалы, қаптамада тұтынушы түсінетін тілде ингредиенттер тізімі болмаса, адам аллергиялық реакцияны немесе денсаулыққа қатысты басқа да мәселелерді тудыруы мүмкін аллергендер, бояғыштар немесе басқа да қоспалардың бар екенін білмеуі мүмкін. Бұл әсіресе, балаларын ықтимал қауіпті заттардан қорғағысы келетін ата-аналар үшін өте маңызды". Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі сарапшы Жанна Биятан
Сатушылар мен өндірушілердің жауапкершілігі
Кәсіпкерлер үшін өнімді мемлекеттік және орыс тілдерінде таңбалауға қатысты заң талаптарын елемеу ауыр құқықтық зардаптарға әкелуі мүмкін. Қазақстанда мұндай бұзушылықтар үшін айыппұлдар мен басқа да санкциялар қарастырылған. Қаптамадағы дұрыс емес немесе толық емес ақпарат тұтынушыларды жаңылыстыру мақсатында қарастырылуы мүмкін, бұл олардың құқықтарын елеулі түрде бұзу болып табылады, мысалы:
1. ҚР "Әкімшілікқұқықбұзушылық туралы" кодексінің (ӘҚБК) 415-бабы 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасын бұзу, яғни, оның ішінде. техникалық регламенттерде және нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін өнімді айналымға шығару 90 АЕК-тен (332 280 теңге) 600 АЕК-ке дейін (2 2 15 200 теңге) айыппұл салуға әкеп соғады.
2. ҚР "Әкімшілік құқықбұзушылық туралы" кодексінің 415-бабы 2-тармағына сәйкес, осы баптың 1-тармағында көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет (әрекетсіздік) 135 АЕК-тен (498 420 теңге) 1200 АЕК-ке (4 430 400 теңге) дейін айыппұл салуға, қызметін тоқтата тұру немесе өнімдерді тәркілеу көзделеді.
Қазақстанның
қолданыстағы заңнамасында көзделген тиісті шараларды қабылдау мақсатында
зерттеу материалдары мен олардың нәтижелері құзырлы органдарға жолданды.
"Дұрыс таңбалау азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз етуде үлкен рөл атқаратынын есте ұстаған жөн. Жауапты өндірушілер мен сатушылар өз өнімдері туралы ақпараттың толық және түсінікті болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауы керек, ал тұтынушылар қырағылық танытып, өз құқықтарын қорғауы керек", – деп толықтырды сөзінің соңында адам құқықтары жөніндегі сарапшы Жанна Үрметханқызы.
Тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) сапасын зерттеу нәтижелері туралы "МОТҚҚҚ" ҚБ таратқан және басқа да ақпараттар жарнама болып табылмайды және тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға ықпал етеді. Аталмыш фактіге қатысты туындаған сұрақтар бойынша байланыс телефоны: 87054222739. Instagram.