Атырауда "құс еті қосылған" шұжықтан шошқаның ДНҚ-сы табылды
Шұжық өнімдерінің сегменті таңдаудың кең көлемін ұсынады: дәстүрлі пісіріліп-ысталған шұжықтардан – арнайы орамды шұжықтарға дейінгі түрі, олардың әрқайсысының құрамы мен дайындау әдістерінің өзіндік сипаттамалары бар.
Алайда, жақында "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі ("МОТҚҚҚ" ҚБ) жүргізген зерттеу көрсеткендей, қаптамадағы ақпарат әрқашан толық және сенімді бола бермейді, бұл Қазақстан Республикасының "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңына сай, тұтынушылардың құқықтарын бұзады.
Осы жылдың маусым айында Атырау қаласындағы супермаркеттердің бірінен қоғамдық бірлестік өкілі жасырын сатып алушы әдісімен ресейлік өнім – ПКФ "ПИКАНТ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шығарған, құс етінен қайнатылып ысталып жасалған, салқындатылған "Гурман" орамын сатып алған.
Сурет: Жанна Биятан
Өнім Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша ШЖҚ РМК филиалының аккредиттелген зертханасына Кеден одағының техникалық регламенттерінің, оның ішінде "Қаптаманың қауіпсіздігі туралы", "Тағамдық өнімдерді таңбалауға қатысты", "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы", "Ет және ет өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" техникалық регламенттерінің сақталуын тексеруге жіберілді.
Сурет: Жанна Биятан
Зерттеу нәтижелері бойынша, бірнеше елеулі сәйкессіздіктер анықталды (2024 жылдың 26 маусымындағы № 4 (РО-24-23581), 2024 жылдың 24 маусымындағы № 267, 2024 жылдың 28 маусымындағы № 253 (РО-24-23581) зерттеу хаттамалары). Оның негізгілері:
- Таңбаламадан шошқаның ДНҚ-сы анықталды: Қаптамадағы нақты ақпаратсыз тұтынушылар саналы таңдау жасай алмайды. Бұл өздері қалаған өнімді сатып алуына кедергі келтіріп, сондай-ақ қаптамада өнімнің құрамындағы ингредиенттеріне қатысты ақпараттың болмауы діни тұтынушылардың диеталық шектеулеріне сай келмейтін өнімді сатып алуына әкелуі мүмкін.
- Қолдану бойынша ұсыныстар мен шектеулердің болмауы: Бұл орынсыз тұтынуға әкелуі мүмкін, әсіресе, ерекше медициналық қажеттіліктері мен шектеулері бар адамдар үшін өте маңызды. Мысалы, ықтимал аллергиялық реакциялар немесе қарсы көрсеткіштерге қатысты ақпараттың болмауы тұтынушылардың денсаулығына жағымсыз әсер етері хақ.
- Қазақ тіліндегі таңбалаудың жоқтығы: Заң бойынша тұтынушылар өнім туралы толық және қолжетімді ақпарат алуға құқылы. Ақпаратты ресми тілде ұсынбау тұтынушылардың сатып алуға қатысты шешім қабылдау мүмкіндігін шектей отырып, бұл құқықты бұзады.
- Қайта пайдалануға болатын қаптама үшін көрсетілмеген өңдеу әдісі: Бұл ақпараттың болмауы өнімді дұрыс сақтауды, тасымалдауды және пайдалануды қамтамасыз етуді қиындатады.
Адам құқықтары жөніндегі сарапшы Жанна Биятан тұтынушыларға арналған бірнеше кеңесін айтты:
"Заңнама өнімнің қаптамасындағы барлық ингредиенттерді дәл көрсетуді талап етеді. Толық ақпаратты бермеу – тұтынушылардың сатып алуға ниет еткен өнімдері туралы нақты ақпаратты алу құқығын бұзады. Өндірушілер өнім ингредиенттері туралы ақпаратты жасыру немесе оны мүлдем бермеу арқылы тұтынушыларды адастырып, дәрменсіздік пен сенімсіздік сезімін тудыруы мүмкін. Ең болмағанда таңбаламаны қарап шығу маңызды қадам болып табылады, жасырын ақпарат болуы мүмкін болғандықтан сатып алу кезінде сақтық танытқан жөн. Қаптамадан қандай да бір сәйкессіздікті немесе күмәнді мәліметтерді байқасаңыз, мұндай өнімді сатып алудан бас тартқаныңыз абзал".
Сондай-ақ бірқатар жалпы ұсынымдар да белгілі:
- Өнімнің таңбалануын тексеріңіз: қаптамадағы ингредиенттерді, өндіріс күнін, жарамдылық мерзімін және пайдалану нұсқауларымен қоса, толық ақпараттың бар екеніне көз жеткізіңіз. Бұл қауіпті болуы мүмкін немесе қажеттіліктеріңізге сәйкес келмейтін тағамдарды тұтынудан бас тартуға көмектеседі.
- Ақпараттың қолжетімді тіліне назар аударыңыз: қаптамада сіз түсінетін тілдегі ақпарат болуы керек. Бұл өнім мен оның ерекшеліктерін дұрыс түсіну үшін маңызды.
- Таңбаламасы толық көрсетілмеген өнімдерді сатып алмаңыз: Маңызды ақпараты жоқ өнімдер денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. Сатып алудан бұрын әрқашан жапсырмадағы барлық қажетті ақпараттарды тексеріңіз.
Кәсіпкерлер (өндірушілер) үшін жауапкершілік және ықтимал салдарлар
Белгіленген стандарттарды сақтамау өндірушілер үшін ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Техникалық регламенттердің талаптарын сақтамаған сатушыларға (дайындаушыларға) тексерулер мен санкциялар қолданылуы мүмкін. Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқықбұзушылық туралы" кодексіне сәйкес, техникалық регламенттердің талаптарын бұзу әкімшілік шараларға, оның ішінде айыппұл салуға және анықталған кемшіліктер жойылғанға дейін өнімді өткізуге тыйым салуға әкеп соғуы мүмкін.
Бұл материалды әлеуметтік жобаның орындаушысы – "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі орындады.
"МОТҚҚҚ" қоғамдық бірлестігі тарататын тауарлар (жұмыстар, қызметтер) сапасын зерттеу нәтижелері туралы ақпараттар жарнама болып табылмайды және тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға ықпал етеді.
Тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасына қатысты жүргізілген зерттеулердің нәтижелері туралы Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы таратқан ақпараттар жарнама болып табылмайды және тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға ықпал етеді. Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram парақшасы.