"Төбесін бөренемен тіреп қойған". Түркістан облысында төрт апатты мектеп бар
Түркістан облысы Қазығұрт ауданында 400-ге жуық бала апатты мектепте оқып жатыр. Тұрбат ауылдық округіндегі білім ошағы сынып бөлмелері де жабдықталмаған. Спорт зал, асхана дегенді мұндағылар армандамайды да. Ауыз су күніне екі-ақ сағат ағады. Төбесін бөренемен тіреп қойған бұл ғимарат - Өндіріс ауылындағы "Жаңатірлік" орта мектебінің қосалқы бөлігі. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған ғимарат құлаудың аз-ақ алдында тұр. Бала оқып жатыр деген аты болмаса, қазіргі талапқа мүлдем сай келмейді. Үш бөліктен тұратын мектептің негізгі ғимаратын да ауыл тұрғындары асар әдісімен салған, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Бұл мектеп апатты мектеп, негізі. Бұның техникалық қорытындысы алынған. Сондықтан енді ар жаққа сыймағаннан кейін, үшінші ауысымға өтетін болғаннан кейін балаларды оқытып жатырмыз, уақытша. Спорт зал жоқ. Асхана жоқ типтік сызбада салынған. Интерактивті тақта да жоқ. "Жаңатірлік" орта мектебінің директоры Арыстан Сманов
Бастауыштың балғындары білім алып жүрген нысан қатты отынмен жылытылады. Терезе әйнектері де түгел емес. Жамап-жасқап қойған, бірақ оның өзі жалбырап тұр. Ал сынып бөлмелерінің төбе сылақтары түсе бергендіктен мұғалімдер өздері ақша жинап, жаңалатқан көрінеді. Айта берсе, кем-кетік көп.
Ғимарат өте ескі. Сабанды кірпіштен салынған. Бұған күрделі болмаса ағымдағы жөндеуге қаржы қоя алмаймыз. 2021 жылғы жоспарымыз бойынша 2021 жылы қаңтар айында «Ақпарақ» мектебі ашылу керек еді, ашылмай қалды. Егер ашылмаған жағдайда қыс айларында тасымал ұйымдастырып, Тұрбат ауыл округінде бұдан басқа мектептеріміз бар. Соған тасымал ұйымдастыруға дайын тұрған жағдайымыз бар. Қазығұрт аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Асан Үсіпәлиев
Түркістан облысында төрт апатты мектеп бар. Жауаптылар жыл соңына дейін екі мектептің құрылысы аяқталатынын айтады.
Одан бөлек екі мектебіміз 2023 жылы тапсырысқа беріледі қолданысқа. Ол мынау- Қазығұрт ауданы Тұрбат елдімекеніндегі 300 орындық мектеп. Сарыағаш ауданындағы Бағыс елдімекенінде 300 орындық Мұратбаев атындағы жалпы орта мектептер. Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының орынбасары Бауыржан Ахметов
Ал аймақтағы 11 мектепте балалар үш ауысыммен оқиды. Сала басшылары олардың мәселесі де кезең кезеңімен шешілетінін айтады.