Қазақстанда кәсіпкерлер негізінен жер қатынастары саласындағы заң бұзушылықтарға шағымданады
Әлихан Смайылов әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдар ашылып жатқан кәсіпке жан-жақты қолдау көрсету қажет екенін қоса кетті.
"Шағымның ең көп саны жер қатынастары, мемлекеттік сатып алу, салық әкімшілігі, сәулет және қала құрылысы салаларында анықталды. Өндірістің, инфрақұрылымның, электр қуатының негізгі факторларына кәсіпкерлік субъектілерінің тең және жедел қолжетімділігін қамтамасыз етуді ұйымдастыру маңызды. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары ашылған бизнеске ілесіп, оның дамуына көмектесуі керек. Барлық мемлекеттік орган кәсіпкерлердің өтінішіне жедел және нақты ден қоюы қажет. Бизнестің жүйелі мәселелерін шешу үшін белсенді шаралар қабылдай отырып, жұмыстың жаңа проактивті форматына көшу қажет".ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов
Жалпы оның айтуынша, бүгінде кәсіпкерлікті реттеудің 44 бағыты сарапталған. Нәтижесінде жаңа реттеу саясатының негізгі шарттарына сәйкес келмейтін 10 мыңнан астам талаптар анықталды.
"Нәтижесі бойынша Міндетті талаптар тізімі қалыптастырылды. Ол кезеңді түрде қаралады. Ал бұл ретте басты рөл "Атамекен" Ұлттық палатасына жүктеледі. Бұл артық, қайталанатын және тиімсіз талаптарды анықтау және алып тастауды білдіреді. Мемлекеттік бақылау жүйесіндегі тәуекелдерді бағалау мен басқаруды автоматтандыру бойынша кешенді шаралар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс қазірдің өзінде 35 бағыт бойынша аяқталды. Бұл кәсіпкерлікті негізсіз тексерулерді жоюға көмектеседі".Әлихан Смайылов
Жалпы Министрлер Кабинетінің басшысы атап өткендей, реформаны "нөлден" жүзеге асыру бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттырып, кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы және ынталандырушы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Болжамды нәтиже 2029 жылға қарай шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар санын 4,7 миллион адамға дейін арттыруды және мемлекеттің экономикадағы үлесін 14 пайызға дейін төмендетуді қамтамасыз етеді.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров былтырдан бері бақылаушы мемлекеттік органдардың заңға тәуелді актілер аясында талаптарды жою және қайта қарау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын еске салды. Бұл жұмыстарды биыл 1-2 тоқсанда аяқтау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар ҰЭМ өзгерістерді талап ететін 66-ға жуық заңнамалық актіні анықтады.