"БЖЗҚ" АҚ Басқармасының басшысы Мәжіліс төрағасынан сөз естіді
Халық қалаулылары жұртты шулатқан жаңашылдықтың заңға қайшы екенін айтып, зейнетақы қоры басшысына бәрі шүйлікті. Жеткілікті шекті қайта есептеп, кінәлілер жазалануы тиіс! Мәжілістің кезекті отырысында халық қалаулылары қоғамда үлкен резонас тудырған мәселені көтерді. Аманжан Жамаловтың пікірінше, әлгі есеп-қисап миға қонымсыз. Тіпті заңға қайшы, делінген "Еуразия " бірінші арнасының арнайы сюжетінде.
Заңның 1-бабы 15-1 тармағына сәйкес, жеткілікті шек – ең төменгі зейнетақыдан төмен емес, ай сайынғы зейнетақымен қамсыздандыруға қажетті зейнетақы жинағының ең төмен мөлшері. Алайда әдістемеде көрсеткіш ретінде ең төмен жалақы - 60 000 теңге қолданылады. Осылайша әдістемеде шекті меже ең төменгі зейнетақыға, яғни 46 302 теңгеге емес, ең төмен жалақыға негізделген. Бұл біліксіздік немесе саналы түрде жіберілген қателік. Осының салдарынан зейнетақы жинағының жеткілікті шегі орташа есеппен 64%-тен 83%-ке дейін көтеріліп отыр. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов
Хош! Мәжілісмендердің сынына ұшыраған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басшысын журналистер де түтіп жей жаздады. "20 жастағы адамның шотында қалайша 3 млн теңге жинақталуы мүмкін?" деген сауалды төтесінен қойды. Жанат Құрмановтың сөзінше, елімізде мұндай салымшылар бар екен.
- 3 млн аса ақша жинаған адам бар ма Қазақстанда?
- Иә, бар!
- Қанша адам бар?
- Менде статистика жоқ.
Білдей бір басшының қолында статистиканың жоқтығына қарағанда, мұндай азаматтар саусақпен санарлық сияқты. Тағы бір өзекті мәселе, аяқ астынан зейнетақы жинақтарын пайдалану мерзімінің 45 күннен 20 күнге қысқартылғаны. Мұны зейнетақы қорының басшысы бүй деп түсіндіруге тырысты...
БЖЗҚ-ның қызметіне жүгініп, өзіңіздің зейнетақы жинақтарыңызды өкілетті операторлардың арнайы шотына аударардан бұрын қандай баспананы сатып алатыныңызды анықтап алыңыз. Тиісті құжаттарды дайындап қойыңыз. Зейнетақы қорынан алатын қаражатыңыз инвестициялық айналымнан шығарылады, сәйкесінше инвестициялық кіріс әкелмейді. Сондықтан арнайы шотта жай жатпас үшін аталған кезеңді қысқартқан тиімді. Адамдар тиісті дайындық жұмыстарын жүргізсе, Үкіметтің есептеуі бойынша 20 күн жеткілікті. "БЖЗҚ" АҚ Басқармасының төрағасы Жанат Құрманов
Әбден әбігерге салған зейнетақы қорындағы қаражатқа байланысты төменгі палата депутаттары Жанат Құрмановқа бірнеше сұрақ қойды. Алайда ол жан-жақтан қарша бораған сұрақтардың кейбіріне жауап бере алмай, Мәжіліс спикерінен сөз естіді.
Сіз бір айдың ішінде халық алдына шығып, сұрақтарға, жеткілікті шек жайлы неге жауап бермегеніңіз енді түсінікті болды. Бір мәселеге жауап бере алмайсыз. Тікелей сұраққа сол жақтан да, оң жақтан да кіретін жол іздеп тұрсыз. Депутат тікелей сұрады ғой. Қалай басқарып жүрсіз, егер соны білмесеңіз? Екі негізгі қадам жасау керек. Соны айта алмай тұрсыз. ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин
Айта кетейік, Мәжілісте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова сақтандыру нарығына қатысты заң жобасын таныстырды. Құжатта ата-анасы мүгедек болса, яки қайтыс болған жағдайда баласының оқуын сақтандыру ұйымы төлейтіні қаралған. Сонымен қатар, егер ерлі-зайыптының бірінде зейнетақы жинағы жетпей, ал екіншісінде артық болса, олар зейнетақы жинағын бірге қосып, зейнетақы аннуитетін сатып алады.