Бозымбаев пен Ақышев «Самұрық-Қазына» Директорлар кеңесінен шығарылды
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры акционерінің 2022 жылдың 28 қаңтарындағы шешімімен компанияның Директорлар кеңесінің құрамы өзгерді. Бұл туралы Ұлттық әл-ауқат қоры KASE Қазақстан қор биржасына хабарлады.
Өзгерістер мынадай:
Қанат Бозымбаев пен Данияр Ақышев «Самұрық-Қазына» Директорлар кеңесінің құрамынан шығарылды.
Тимур Сүлейменов Директорлар кеңесінің құрамына сайланды.
Енгізілген өзгерістерді ескерсек, «Самұрық-Қазына» басқармасы Директорлар кеңесі алты адамнан тұрады. Олар: Джон Дудас, Онг Бун Хви, Лука Сутера, Қуантыров А.С., Сатқалиев А.М., Сүлейменов Т.М.
Еске сала кетейік, Данияр Ақышев – Ұлттық банктің бұрынғы басшысы, 2019 жылдың сәуірінен бастап – Назарбаевтың көмекшісі.
Қанат Бозымбаев – бұрынғы энергетика министрі, 2021 жылдың қарашасынан – Алматы облысының әкімі.