Әлихан Смайылов бағаның өсуін тежеу жұмыстарын тұрақты бақылауды тапсырды
ҚР премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсының жазуынша, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 4,3%-ға, машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 7,7%-ға, ауыл шаруашылығында 8%-дан астамға өсті.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту – экономикалық өсудің маңызды факторы. Жалпы аталған кезеңде негізгі капиталға инвестициялардың өсуі 6,7% болды.
"Оның ішінде экономиканың шикізаттық емес салаларына тартылған инвестиция көлемі ұлғайып келеді. Инвестицияның жоғары өсімі жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда, сондай-ақ көлік және қоймалау, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіпте тіркелді", — деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша Қостанай, Ақмола, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында өсім бар екенін қоса айтты.
Әлихан Смайылов тұрақты даму қарқынын ұстап тұру үшін экономиканы әрі қарай әртараптандыру, инвестиция тарту және тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.
"Өңір әкімдіктері жоспарланған көрсеткіштерді қамтамасыз етіп, инвестиция тарту жұмыстарын жандандыруы қажет. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыруға тұрақты мониторинг жүргізуі тиіс", — деді ол.
Одан бөлек, Премьер-министр бағаның өсуін тежеу жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау керек екенін айтты. Себебі азық-түлік тауарлары бағасының өсуі инфляцияға айтарлықтай әсер етіп келеді.
"Бұл, бірінші кезекте, әкімдіктер тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді", — деді Әлихан Смайылов.
Сөз соңында Үкімет басшысы өңірлер осы жылдың соңына дейін әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізіп, Мемлекет басшысы қойған міндеттердің тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуі қажеттігін атап өтті.