Қазақстанда орта бизнесті қолдаудың кешенді бағдарламасы әзірленеді
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша республикада 2 910 орта кәсіпкерлік субъектісі бар екенін баяндады, олардың ЖІӨ-дегі үлесі – 6,3%. Бұл кәсіпорындарда шамамен 380 мың адам жұмыспен қамтылған, деп жазды ҚР премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы.
VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы алдағы жылдары орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндетін қойды. Осыған байланысты ҚР ҰЭМ мемлекеттік сатып алу саласын қосқанда, орта кәсіпкерлікке қатысты реттеу рәсімдерін жеңілдету, салық төлеуге ынталандыру, инвестициялық белсенділікті арттыру, әкімшілік жүктемені азайту және орта кәсіпкерлікті қолдауды кеңейту жөнінде шаралар ұсынды.
Премьер-министр негізінен аталған тәсілдерді мақұлдап, жаңа бастамаларды әзірлеу процесіне бизнес-қоғамдастықты белсенді түрде тартудың маңызын атап өтті.
"Біз бұл ұсыныстар бойынша, бірінші кезекте бизнестің ұсыныстарын ескере отырып, жақсылап жұмыс істеуіміз керек. Оларды мұқият зерделеп, заңнамаға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың салалық бағдарламаларына тиісті өзгерістер енгізу қажет", – деді Әлихан Смайылов.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Мұрат Қарабаевтың мәліметінше, бүгінде өңдеу өнеркәсібі саласында 501 орта бизнес кәсіпорны жұмыс істейді. Шағын өнеркәсіп аймақтарын іске қосу, отандық инженерлік-техникалық қызметкерлердің шетелдік зауыттарда тағылымдамадан өтуін қамтамасыз ету, базалық шикізатты терең өңдеуді жандандыру және т. б. шаралар арқылы осы кәсіпорындарды дамыту мен жаңа жобаларды жүзеге асыру ұсынылады.
Қазақстанда құны 10 трлн теңгеден астам тауарлар мен жұмыс және қызмет түрлерін локализациялау әлеуеті бар, олардың бір бөлігін орта бизнес кәсіпорындары иегере алады. Бұл бағытқа серпін беру үшін отандық өнімдерге тапсырыс берушілердің тізбесін кеңейту, сондай-ақ жүйе құраушы және квазимемлекеттік компаниялармен ұзақ мерзімге офтейк-келісімшарттар бекіту тетіктерін дамыту жоспарланып отыр.
Кеңес соңында Үкімет басшысы тамыз айының соңына дейін орта бизнесті қолдаудың кешенді бағдарламасын әзірлеуді аяқтап, оны Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына біріктіру мүмкіндігін қарастыру қажеттігін атап өтті.
"Құжат бизнестің барлық сұранысын қанағаттандыруы керек. Бұл жұмысқа бизнестің өзін, сарапшылар қауымдастығын, Парламент депутаттарын, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен Президент Әкімшілігінің өкілдерін белсенді түрде тарту қажет. Осы орайда, орта кәсіпкерлікті сапалы дамыту үшін жаңа тәсілдерді бірлесіп әзірлеу, басымдықтарды белгілеу маңызды", – деп түйіндеді Премьер-министр.