Сауд Арабиясы Жетісу облысында жел электр станциясын салуға көмектеседі
ҚР Үкіметі баспасөз қызметінің 14 қараша күні мәлімдеуінше, Сауд Арабиясы Корольдігімен бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды.
Жетісу облысында қуаттылығы 1 ГВт болатын ірі жел электр станциясын салу жобасы талқыланды. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүріп жатыр, соңғы келісімге қол жеткізілгеннен кейін, 2025 жылы құрылысты бастау жоспарланған.
"Премьер-министр әкімшілік рәсімдерді жеделдетуді және орталық мемлекеттік органдар тарапынан барлық қажетті шешімдерді бір күнде әзірлеуді тапсырды", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ кеңесте ауыл шаруашылығы, фармацевтика, металлургия және т. б. салаларда жаңа жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Әлихан Смайылов Сауд Арабиясының инвесторларымен жұмысты барлық деңгейде жандандыру қажеттігін, атап айтқанда, ҚР Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның Жиддадағы дипломатиялық өкілдігі, "Kazakh Invest" ұлттық компаниясы және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар белсенді позицияны ұстануы, сондай-ақ әлеуетті жобалар пулын мұқият зерделеу қажет екенін атап өтті.